Туризм • 04 Шілде, 2024

Курортты өлкенің тынысы қайтсе кеңейеді?

69 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі өткізілген кеңесте экология мәселесіне арнайы тоқталды. Туризм саласын дамытудың түйінді жайлары сараланып, салаға серпіліс беретін тұстарын қолмен қойғандай айтып берді.

Курортты өлкенің тынысы қайтсе кеңейеді?

Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген сұлу да сырбаз өлкенің мүмкіндігі мол. Тек қолда барды ұқсата алмау осы бағыттың өрісін тарылтып тұр. Бұл туралы Мемлекет басшысы өте орынды айтты. Енді табысты сала тоқырамаса да, торығып тұру себебі неде екенін ақыл таразысына тартып, безбендеп көрелік.

Президент туристік аймақтың дамуы­н тездетіп, инфрақұрылым жобаларын жеделдете жүзеге асыруды тапсырды. Туристік саланың ел экономикасына қосар үлесін молайту үшін ең алдымен даму сатыларын түбегейлі өзгерту керектігі де айтылып, мол міндет жүгі артылды. Басым бағыттардың бірі санатындағы сала кейінгі төрт жылда біршама тоқыраған. Себебін талдалық. Шынтуайтында, Бу­рабай баурайына табан іліктіріп, күміс көліне шомылып, саф ауасын жұтқысы келетіндер саны аз емес. Келіп те жатыр. Тек статистикалық есеп қаншалықты шын­дыққа жанасымды. Күмән тудыратын тұстары да бар. Курортты өлкедегі қонақүйлер мен шипажайларда қонған және тамақтанған меймандар ғана есепке алынады екен. Ал бұл көрсеткішке Бурабай кентіндегі уақытша үйлері мен пәтерлерін жалға беретіндерді қоссаңыз, келімді-кетімді кісінің қаншалықты екені белгілі болар еді. Бұл жай жалғыз Бу­рабайға ғана қатысты емес, Имантау мен Шалқардың баурайындағы көркем де қонақжай өлкеге келушілердің үлес салмағы шынайы көрініс таппай келеді. Оқырманға түсінікті болу үшін сәл ғана таратып айта кетелік. Мәселен, Шал­қардың жағалауында жадыраған жаз айларында ине шаншар орын болмайды. Көл жағалауы ғана емес, орман-тоғайдың ішінде де. Өз еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдармен бірге іргедегі Ресейден үдере келіп, үймелеп жататындар жыртылып айырылады. Оларға қонақүйдің де, шипажайдың да қажеті жоқ. Шатырын тігіп, ақ айдынға шомылып, орман ішіндегі жеміс-жидегін теріп, бал татыған балығын аулап, құтты бір аталарынан қалған ақ жай­лауда емін-еркін көсілген адамға ұқсап аунап-қунап кетері бар. Келсін-ақ, бірақ табиғаттың тамаша мүйісінде апталап, айлап демалған туристің қайтарымы қаншалықты. Әрі олардың артында тау-теңіз қоқыс қалатыны сөзсіз. Міне, осы мәселе салаға серпін беремін деушілерді мықтап ойландырса керек.

Бурабай кенті тұрғындарының 90 па­йы­зы үй-жайларын жалға береді екен. Бәрі бірдей есепке еніп, салық төлеп отырған жоқ. Мамандардың есептеуіне қарағанда, әрбір үшінші турист осындай заңсыз қызметті пайдаланады. Әрине, жергілікті әкімдік өкілетті органдармен бірге туристік саланың осы түйткілді түйінін тарқатуға тырысып жатыр. Дегенмен түпкілікті нәтижеге қол жете қойған жоқ.

Ендігі бір жайт – инвестиция тарту. Осы жылдың алғашқы бес айында не­гізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2 млрд теңге төңірегінде. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 6 есе аз. Мә­селен, 2023 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 12,6 млрд теңге инвес­тиция тартылған. Биыл инвестициялық жобалар арқылы жалпы құны 8 млрд теңге болатын 17 нысан салынады деп межеленіп отыр. Үйдегі ойды базардағы нарықтың бұзып кетуі оп-оңай. Инвесторлардың көңілін алаңдататын жай – бос жер телімдерінің толық картасының жасалмауы. Кейбір жер телімдері қалталы инвес­торларды қызықтырмайды. Көлден тым алыс, орманнан да ада. Мұндай жерлерге қонақүй немесе шипажай салғанымен, келушілердің аз болуы да әбден мүмкін. Қалталы инвестор Айнакөл мен Шортанды көлдерінің жағалауына ұмтылуы бек мүмкін. Тығырықтан шығар жалғыз жол – бос жер телімдерін нақты белгілеп, аукцион арқылы сату.

Ендігі бір мәселе – алыс-жақын шетелдерден, өз еліміздің өзге аймақтарынан келетін туристердің қатынауы, курортты аймақтың ішіндегі жолдар. Туристік аймақты дамыту мақсатында Бурабай, Ақбура, Жөкей мен Қатаркөл төңірегіндегі тасжолдар жөнделуі керек. Бейтаныс өлкеге келген мейман жол іздеп қиналмауы үшін курортты өңірдің цифрлық картасы жасалып, қызмет көрсететін нысандар қолмен қойғандай менмұндалап тұрғаны жөн. Облыстық туризм басқармасының мәліметіне қарағанда, кейінгі бес жылда Бурабай мен Зеренді төңірегіндегі 200 шақырым жол жөндеуден өткізіліп, қайтадан жаңғыртылған. Осы жылы облыстық бюджеттен 6 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, алты жоба жүзеге асырылмақ. Асылында, туристер автомобиль жолдарымен бірге теміржол және әуе арқылы қатынағанды да қолайлы көреді. 2018 жылдан бастап теміржол тиімді жұмыс істей бастады. Бурабай курортына 14 бағыт ұйымдастырылды. 2023 жылы осы жолдың бойына 2,8 миллион адам келіп кеткен екен. Биыл Астанадан Щучинск қаласына дейін жедел электр пойыз жүргізіліп жатыр.

Маусым айының ортасынан бастап жолға шыққан электр пойыз аптасына бес рет қатынайды. Билет құны да аса қымбат емес, 2,5 мың теңге төңірегінде. Бұл арада айта кететін тағы бір жайт – Щучинск қаласындағы теміржол бекетін жаңғырту. Қаланың келбеті, курортты аймақтың жай-күйі қала қақпасы санатындағы бекеттен басталып, көзге ұрып тұрмай ма? Әрі теміржол бекетіне түскен жолаушы Бурабай баурайына жол азабын тартпай жетуі керек. Ал әуе тасымалы 2018 жылы Көкшетау қаласындағы әуежайды күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін қанат жая бастады. Сөз арасында Көкшетау әуежайының бір мезгілде 8 ұшақты қабылдай алатын мүмкіндігін айта кетуіміз керек. Қазіргі күні Алматы, Шымкент, Ақтау бағытында жолаушылар тасымалдап жатыр.

Кез келген курортты аймақтың көк­жиегін кеңейту үшін алдымен инженерлік инфрақұрылым заман талабына сай болуы шарт. Облыстық туризм басқармасының мәліметіне қарағанда, Бурабай курортты аймағының инженерлік инфрақұрылымын дамыту үшін биыл жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылмақ. Курортты аймақты дамытудың жоспарына сәйкес 2012 жылдан бері 30 млрд теңге қаражат бөлінгенімен, инженерлік, көлік және өзге де инфрақұрылым мұқият дамытуды қажет етеді.

Бурабай баурайындағы салмақты сәл сейілту үшін бар мүмкіндікті толайым пайдаланған жөн. Айталық, Қатаркөл мен Жөкейдің төңірегіндегі тылсым табиғаттың аясындағы мүмкіндіктің мәйегін мейлінше көбірек пайдаланып, табыс табуға болар еді. Алға басқан қадамды кері кетіріп тұрған бір мәселе – тағы да қалталы инвесторларды қызықтыратын жер телімдерінің жоқтығы немесе есепке алынбай жатқаны.

Ендігі бір мәселе әрі негізгісі – есепті жай табыс табамыз деп төл табиғаттың төсін айтақырға айналдырмау. Биыл көрікті өлкеге 1,3 миллион турист келеді деп күтіліп отыр. Мұншама адам легінен кейін көркем өлкенің келбетіне кіреуке түсірмей, таза күйінде ұстау қиын екені де түсінікті. Маңызды мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен 18,3 млн теңге қаражат бөлінген. Оның 8,3 млн теңгесі санитарлық тазалыққа, 10 млн теңгесі көгалдандыру мен абаттандыруға бағытталады.
Жылдың алғашқы айында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аума­ғынан 152 тонна қоқыс шығарылған. Парк қызметкерлерінің айтуына қара­ғанда, қоқыс салатын 300-ден аса жәшік орнатылған. Олар жай күндері күніне үш рет, ал демалыс және мерекелік күн­дері бес рет тазартылады. Өңірдің өңін жақ­сарту үшін бұл жұмысқа табиғат жанашырлары, жастар тартылып отыр. Парк директоры Сергей Быковтың айтуына қарағанда, демалушылардың барлығы бірдей табиғатқа жанашырлық көрсете бермейді.

«Меймандарға ыңғайлы болу үшін көлдердің жағалауларынан арнайы демалыс орындарын жабдықтап қойдық. Әйтсе де, кей күндері қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті 20–30 метр жердегі арнайы жабдықталған қоқыс жәшіктеріне тамақ қалдықтарын апарып тастауға ерінетіндер де бар», дейді С.Быков.

Парк қызметкерлері демалушылармен тілдері жеткенше сөйлесіп, бұл келер ұрпаққа қалдырар мұра екенін айтып, жұмыс жүргізіп жатыр. Бура­бай бау­райындағы жүзжылдық қарағай­лар­дың бұтағына полиэтилен пакеттерін іліп кететіндер қаншама. Осындай ойланбай істеген әрекет аяқ басқан сайын кездеседі.

Курортты өлкенің көкжиегін кеңейтуге кеселі тиіп тұрған негізгі жайттар осылар. Жағдайды жақсартуға септігі тиетін қаншама жоба бар. Сол ойға алған орынды шаруа сәтімен сабақталса, пейіш өлкенің пешенесіне жазылған ырыздық молая түсері сөзсіз.

Бурабай ауданы,
Ақмола облысы