Туризм • 04 Шілде, 2024

Көрші елден келетін турист көбеймек

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізге көптеп турист тартудағы әліміз нешік? Былтырдан бері іске қосылған визасыз режім Қытай мен Қазақстан арасындағы туризмге қаншалықты серпін берді? Миллиардтар елінен келетін туристер ағынының салмағы қандай?

Көрші елден келетін турист көбеймек

Туризм және спорт министрі Ермек Мар­жық­паевтың ҚХР Мәде­ниет және туризм министрі Сунь Елимен кездесуінде осы сауалдардың да жауабы айтылды. Астанада өткен кездесуде туризм саласын өрістету бағыты бойын­ша екіжақты ынтымақтастық талқыланды. Былтырғы нәтиже бойынша көрші Қытай елінен бізге келген туристердің саны едәуір артқан.

«Туризм саласындағы ынты­мақ­тастықты жандандыру, ту­ристер санын ұлғайту мақса­тында бірқатар шара қабыл­данып, игі істер жүзеге асырылды», деген Е.Маржықпаев 2023 жылы Қытайдан елімізге кел­ген туристер саны бірнеше есе артып, 367 мың адамға жеткенін атап өтті. Сонымен қатар былтыр 311 мың отандасымыз турист ретінде Қытайға сапарлаған. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда екі есе көп. Министр Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстері саны аптасына 44 рейске дейін артқанын атап өтті.

«ҚХР Төрағасының Қазақ­станға мемлекеттік сапары аясында Қытай медиа корпорациясымен (СМG) елдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында туризм саласындағы өзара тү­сіністік және ынтымақтастық ту­ралы меморандумға қол қойы­лады», деді Е.Маржықпаев.

ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели Қытайдағы Қа­зақстан туризмі жылы аясын­да іс-шаралар жоғары дең­гейде ұй­ым­дастырылғанын, елдес­тір­мек игі іс екі ел арасындағы эко­но­ми­калық, сауда және гу­манитарлық байланыстарды одан әрі дамытатынын жеткізді. Қытай тарапы Қазақстан үшін туризм саласындағы ынты­мақтастықты нығайтуға әрқашан да әзір екенін аңғартты.

Е.Маржықпаев Сунь Елиге сауын айтып, Қытайдың Ұлттық құрамасы өнер көрсететін V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын тамашалауға көрші ел туристерін де шақырды. 8–13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін дүбірлі доданы тамашалауға бірнеше елден турис­тер келетінін жеткізді.

Биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының жабылу рә­сімін желтоқсан айында Ал­ма­тыда өткізу жоспарланып отыр.