Технология • 04 Шілде, 2024

2 G-ге тәуелді 50 ауыл

67 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір қоғамды интернетсіз елестету мүмкін емес. Жалпақ жұрт ғаламтордың игілігін көріп отырғанымен, шалғайдағы біраз елді мекен тұрғындары сапалы байланысқа зәру екені дау­сыз. Төрткүл дүние жан-жақты дамып жатса да, ауылдағы ағайын кей жағдайда назардан тыс қалып жатыр. 2 G-ге тәуелді ауылдар Жамбыл облысында да аз емес, жағдай мәз емес.

2 G-ге тәуелді 50 ауыл

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Облыс әкімдігінің бас­пасөз қызметі кел­тірген дерекке жү­гінсек, өңірдегі 367 елді ме­кеннің 248-і 4 G, 69-ы 3 G, 50-і 2 G-ге тәуелді болып отыр. Ша­­һарлықтар 5 G-дің игілігін көріп жатқан шақта, 50 ауылдың азаматтары 2 G-ге телміріп отырғаны кімді де болсын алаң­дататыны ақиқат. Ал 2 G қуа­тындағы байланысты интернет деп айтуға бола ма?

Облыс әкімдігі цифрлық тех­нологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков келтірген дерекке зер салсақ, ең төменгі интернет байланысына телмірген ауылдар Тұрар Рысқұлов ауданында көп екен. Бұл ауданның 12 ауылының тұр­ғындары 2 G желісіне жіпсіз байланып отыр. Сондай-ақ Меркі ауданының 10 ауылында да жағдай дәл осындай. Ал Жуалы ауданының 9 елді мекенінде, Сарысу ауданының 8 ауылында тұратын халық сапалы интернетке әлі күнге дейін зәру.

Ілгеріде, бала кезімізде құр­дастарымыз интернет іздеп, талға өрмелеп, үйдің шатырына дейін мініп жатушы еді. Сол бір кезді еске алатын уақыт келген шығар десек, олай емес екен. Өркениет көшіне ілескен бүгінгі күні ауылдардағы ағайынның ғаламтордан қысастық көруі расында да толғандырмай қой­майды. Осындайда «ғаламто­рымыздың жылдамдығы То­киодан асты» деген әлгі бір әзіл іспетті әңгімеге еріксіз күледі екенсің. Бірақ бұл жылайтын жағдай ғой. Ауылда да ағайын бар, олар да уақыт көшінен қал­ғысы келмейді. Бірақ әзірге Бекжан Тұрыс орындайтын ән­дегідей: «Амалым қанша, амалым» деп жергілікті атқарушы биліктен қайыр күтеді.

Расын айту керек, 2 G түгілі 3 G жылдамдығындағы интернеттің өзі адамды әбден әбігерге салатыны анық. Қалаған сілтемеге дер кезінде кіру дегеніңіз бір ақырет. Ал енді жоқты бардай көріп келген 50 елді мекен тұрғындарының жағдайын түсініп көріңіз. Әрине, олар бірнеше жыл бойы ашуға бой алдырып, ғаламтордың жоқ­­­тығын шырылдап айтып-ақ жүр. Шалғайдағы ауыл тұр­ғын­­д­арының жанайқайын жер­гілікті атқарушы билік естіді ме, олардың мұңына назар аударды ма?

«Талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 199-ы қамтамасыз етілген, қал­ған 172 ауыл қамтылмаған. «Қол­жетімді интернет» Ұлттық жобасына сәйкес 2023–2024 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 68 елді мекенде тиісті 4G базалық станса орнатуды жоспарлаған. Бүгінге дейін 18 елді мекенде тиісті жұмыстарды аяқталғанын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар «Kcell» АҚ өзіне алған міндеттемені орын­­дауға күш салып жатыр. Мәселен, 2023–2024 жыл­дар­ға жоспарланған 51 елді ме­кеннің 26-сы тиісті жұ­мысты тәмамдады. Бұдан бө­лек «Кар-Тел» ЖШС 2023-2024 жылдарға жоспарланған 61 елді мекеннің 28-інде атқарылуға тиіс жұмысты аяқтағанын айта кеткен ләзім. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр», дейді басқарма басшысы.

Р.Ноқрабеков келтірген дерекке сенсек, «Кар-Тел» ЖШС жоспардағы жұмыстан бө­лек, Қосапан ауылына интернет жет­кізуге күш салып­ты. Нәтижесінде, Тұрар Рыс­құ­лов ауданының аума­ғында ор­наласқан шағын елді мекен тұрғындары 4 G интернетіне қол жеткізіпті. Әрине, көп адам біле бермейтін түкпірдегі Қосапан жұрты сапалы интернетке қол жеткізгені көңіл қуантады. Ал басқа ауылдарда жағдай қалай?

«Жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-діңгек құрылысымен, электр же­лісімен қамтамасыз еткен жағ­дайда 4 G мобильді байланысымен 28 елді мекеннің мәселесін шешуге болады. Бір сөзбен айтқанда, 28 ауылдың халқын сапалы интернет желісімен қамтуға мүмкіндік тумақ.

Қазіргі кезде Талас ауданы Қарой ауылында округ әкімдігі тарапынан АМС құрылысына жер телімі бөлініп, құрылыс жұ­мыстарына дайындық пысық­талып жатыр. Мобильді операторлар 5 елді мекенде өз қара­жа­ты есебінен мобильді байланыс сапасын жақ­сартты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уа­қытта да жал­ғасады.

Ұлттық жоба аясында қолға алынған жұмыс аз емес. Алдағы уақытта өңірдің 170 елді мекені және ауылдарда орналасқан 455 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылмақ.

Нақтырақ айтсақ, осы жылы 30 ауыл мен 144 мемлекеттік мекеме ұлттық жоба шеңберінде атқарылған жұмыстың нә­тижесін көрсе, келесі жылы 86 ауыл, 204 мемлекеттік мекеме, 2026 жылы 44 елді мекен, 96 мемлекеттік мекеме, 2027 жылы 10 елді мекен,

11 мем­­лекеттік мекеме интернет игілігін көреді. Бұл жұмыс жос­парға сай жүргізіледі», дейді жауапты басқарма басшысы.

Жергілікті атқарушы билік өңірдің автомобиль жолдары бойындағы антенна-діңгек құ­рылысын қолға алу мәселесіне де басымдық беріп отыр. Керек дерекке жүгінсек, осы жылы Шақ­пақ ата – Отар автожолында 7 антенна-діңгек орнату жоспарланған екен. Қазіргі кезде бірқатар аудан бұл мәселе бойынша мердігерлермен келі­сімшарт жасасып жатса, кейбір аудандарда жобалық-сметалық құжат жасау бойынша конкурс жарияланған.

Сондай-ақ бірқатар аудан басшылары қажетті жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жұмысын қолға алған.

Әлбетте, бір қарағанда өңірде интернет желісін жақсарту бойын­ша аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Әйтсе де, қолға алған істі дер кезінде аяқтау керек-ақ. Өйткені өңірдегі елді мекен тұрғындарын мобильді және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етудің маңызы зор.

Жамбылдықтар бірінші кезекте сапалы интернетке қол жеткізгісі келеді. Бұл мәселені елді мекен тұрғындары бірнеше жыл бойы көтеріп жүр. Бүгінге дейін 180 ауылдың 72-сінде ғана базалық станция орнатылғаны кімді де болсын толғандырмай қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, жауапты тұлғалар жұмысты ши­ратқаны абзал.

Шалғайдағы ауыл тұр­ғын­дары сапалы интернетті күтіп жүргелі біраз жылдың жүзі болды. 2 G-ден көресіні көрген халықтың талап тілегі уақтылы орындалса дейміз. Ауыл дейміз-ау, облыс орталығы Тараз қала­сындағы «Ұлы дала» шағын ауда­нының халқы да интернет ара-тұра ұстамай қалатынын айтып жүр... Қалай болған күнде де өркениет көшіне ілескен уақытта алтын бесікте жүрген жұрттың көш соңында қалмағаны абзал.

Жамбыл облысы