Саясат • 04 Шілде, 2024

Еларалық мәселелердің оңтайлы шешімі

61 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы аптада әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан елдердің назары елімізге ауды. Себебі бас қаламыз – Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жа­тыр. Тарихы терең басқосуда ауқымды мәселелер тал­қы­ланады. Соның ішіндегі аймақтағы бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті сақтаудан бастап, өңірдегі тұрақтылықтың тетіктері нақтыланбақ.

Еларалық мәселелердің оңтайлы шешімі

Фото: Telegram/sectsco

Алқалы жиынға 16 елдің президенті мен үкімет басшылары, сондай-ақ 7 халықаралық ұйым­ның жетекшілері қаты­сады. Осының өзі-ақ бұл жолғы ұйым­ның отырысы дәстүрлі форматтан анағұрлым өзгеше болатынын көрсетіп отыр.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғыз Респуб­ликасы және Тәжікстан басшылары Шанхай қаласында бас қосып, Шекара аумағында әскери сенім шараларын күшейту туралы Келісімге қол қойған еді. Ал 2001 жылы «Шанхай бестігінің» негізінде ШЫҰ құрылды.

Кейін ұйым ауқымы кеңейіп, Пәкіс­тан, Өзбекстан, Үндістан, Иран мем­ле­кеттерімен толықты. Алда­ғы Астана самми­тінде Беларусь ұйым құрамына қа­был­данады деп күтіліп отыр. Демек бұл ұйымның халықаралық аренадағы беделінің артып, қауымдастық көтерген мәселелердің шешілу жол­дары күн тәртібінде тұр­ға­нын көрсетіп береді. Осылайша, бүгінде ШЫҰ Еуразиялық ұйымға айналып келеді.

Еліміз 2004, 2010 жəне 2016 жылдары осы ұйымға төрағалық еткен болатын. Былтырғы сам­митте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төр­тінші төраға­лығы­мыздың басым бағыттарына тоқ­талып, қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету, сау­да-экономикалық байланыс­тарды арттыру, энерге­ти­калық ынты­мақтастықты кү­шейтіп, цифрлық саладағы әріптестік аясын кеңейту, мәдени-гумани­тарлық байланыстарды дамыту және экология саласындағы өзара бірлескен әрекетті нығайтудың маңызын айтқаны есімізде. Біздің елдің бастамасымен биыл ШЫҰ-да «Экология жылы» болып жарияланды.

Ақпан айында Алматыда ШЫҰ-ның Цифрлық форумы, ал сәуірде Түркістанда «Алтын Орда жəне оның мұрасы» халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конфе­рен­­­циясы өтті. Жалпы, бір жылдың ішінде 150-ден аса іс-шара ұйым­дастырылды. Осындай ауқым­ды іс-шаралар ұйымға мүше елдер­дің ынтымақтастығын арттырып, өңірге ортақ мәселелердің оңтайлы шешілуіне серпін береді. Ал 3-4 шілде күндері өтетін саммит қорытындысы негізінде түрлі салаға қатысты 20-дан астам құжат қабылдау жоспарланып отыр. Соның ішінде негізгі саяси құжат – Астана декларациясы қа­ралады. Бұл құжатта ШЫҰ-ның халықаралық өзекті және өңірлік мәселелер бағытындағы ұстанымы айқындалып, ұйым­ның өткен кезеңдегі қызметі қорытындыланбақ. Ұйымға қажетті бұл құжат өңірді дамы­тудың әрі қарайғы бағыттарын нақтылап, қарым-қатынасты жаңа бағытта жандандырады.

Ерлан АХМЕДИ,
саяси сарапшы