18 Маусым, 2010

ЗАМАН ЖӘНЕ ЗАҢ

814 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ҚУАНА ҚҰПТАДЫҚ Барлық қазақстандықтармен бірге, біз, екібастұздықтар да Нұрсұлтан Әбішұлын көп жылдарға алдын ала елдің дамуына болжам жасап, Қазақстан халқын болашаққа сенімді жетелеп келе жатқан нағыз Елбасы, сарабдал саясаткер  санаймыз. Біздің оқу орнының оқытушылары мен студенттері де Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғасына ерекше сыйластықпен қарайды. Себебі, ол көмір және энергетика өнеркәсібінің орталығы – біздің қаламызға келген сайын кеншілер мен энергетиктердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің, зейнеткерлер мен балалардың проблемаларын жүрегімен сезінетіндігін дәлелдеді. Павлодар облысында, оның ішінде Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан көптеген жобалар Нұрсұлтан Әбішұлының атымен байланысты. Индустриялан­дыру картасы аясында жақын күндері біздің қаламызда  қала және облыс үшін ғана емес, сондай-ақ жалпы республика үшін маңызды 3 жоба іске қосылады. Мен педагог ретінде Президенттің білім жүйесіне деген назарын ерекше атап өткім келеді. Мектепке дейінгі жастағы балалар да, оқушылар да, студенттер де – яғни, мемлекетті келешекке жетелейтін ұрпақ  Нұрсұлтан Әбішұлының назарынан ешқашан тыс қалып көрген емес. Біз Елбасына осы үшін де ризамыз. Және де заңдардың қабылданғанын қуана қуаттаймыз. ЖАМАЛ НАРМАҒАМБЕТОВА, Екібастұз қаласындағы №4 кәсіптік лицей директорының орынбасары. Павлодар облысы. КӨП КӨҢІЛІНДЕГІСІН ДӨП БАСТЫ Тұңғыш Президент, Елбасы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі дұрыс болды деп есептеймін. Оған Елбасының өзі қол қоймағанымен, бүкіл ел қолдап отыр. Мұны кітапханашылар, біздер де жақсы сезінеміз. Кітапхана рухани орталық болғандықтан, оған келушілер де үзілмейді. Осындай кездерде оқыр­мандар Елбасы жолдауларын, Президент кітап­тарын, ол ту­ралы жинақтарды сұрастырып жатады. Бұл ретте Қа­зақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында “Қа­зақ­стан Республикасы” сериясымен “Күлтегін” баспа­сынан жаңа кітаптардың шыға бастауы орайы біткен іс болды. “Елбасы жолдады – елі қолдады”, “Елмен сырласу”, “Әлем Қа­зақ­стан туралы, әлем Президент туралы”, “Тәуелсіздік шежіресі” деген тақырыптарды қамтыған он төрт кітап біздің кітапханаға да келді. Осы жобамен 2015 жылға дейін 138 жинақ жарыққа шығады екен. Бұл біздің тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа тарихымызды байыта түсері сөзсіз. Елді тек қана алға бастайтын ұлан-ғайыр істердің басында Елбасы тұрғанын халық біледі. Президенттің әр қадамына тілектестігін білдіріп отырады. Енді осы ізгі ниет, алуан істер, тәуелсіздік жолдары кітап­тардан көрініс тауып отырса, тіпті оңды емес пе! Сара КЕНЖЕБАЕВА, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директорының орынбасары. ОРАЛ. БҮГІНГІ ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ МЕН ТІРЕГІ 1984 жылдың 15 тамызы менің күні бүгінге дейін есімде. Сол күні Қазақстан Республикасының ең жас Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алыстағы Әлия Мол­дағұлова ауы­лы­на келіп, Батыр қыздың мұ­ражайында бо­лып, қолтаңба қал­дырды. Мен осы жердегі  Молда­ғұ­лова атындағы кең­шар­дың пар­тия комитетінің хат­шы­сы едім. Жол­дасым Париза аталған мұра­жайдың жетекшісі болатын. Сол се­бепті де мынадай мәртебелі қо­нақ­тар осыдан ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, көңілімде жа­­зыл­ған хаттай сақталып қалды. Мен сол жолы мәртебелі қонақ­тар­мен тек ресми жолығып қана қой­­ғаным жоқ, табақтас боп, бір дас­­тарқан­нан дәм таттым, сөзде­рі­н тыңдап, әңгімелерін ойға түйдім. Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен парасат иесі екендігі сол кездің өзінде аңғарылып тұрды. Жаспын деп жасқанбай, жалтақтамай сөй­лей­тінін, өз ойын ашық, бүкпесіз айтатынын байқадым. Аса жігерлі, қырағы, әсіресе, ойы шалт екен. Айт­пай-ақ, жағдайдың бәрін көріп, біліп отырғандай сезінетін басшы екенін ұққандай болдым. Сол жылдардан бері басқан қа­дамын, биліктегі өсу жолын қада­ға­лап, зерделеп келемін, ұдайы өр­леу үстінде болды. Тәуелсіздігіміздің бастауында қиын болған кездерде реформа­лар­ды пәрменді жүргізу үшін қосымша өкілеттіктер алғанын көпшілік жақ­сы біледі. Елбасының көреген басшылығының арқасында Қазақ елі өркендеп келеді. Әлемдік бедел­ге ие. Ол басқарған Қазақстан Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының төрағасы. Нұр­сұлтан Назарбаев — нағыз Елбасы. Міне, тиісті заңдар тиянақталуы арқылы халық тілегі қабыл болды. Және мұны өте орынды шешім деп қабылдаған жөн. Біз кездескелі қанша жыл өтті. Бірақ, сол кездегі жігер-қайраты сол күйінде сақталып, парасат, шеберлігі еселеп артқанын көріп қуанамын. Мен Нұрсұлтан Назар­баевпен бірге болған сол бір сәт­терді ең бақытты шағым деп есеп­теймін. Әркез кездесулерде, отба­сым­да өнеге етіп айтып отырамын. Қазақтың Батыр қы­зы­ның мұражайы одан бергі жыл­дарда біраз сыннан өтті. Қазір халыққа қызмет етіп тұр. Мен Мәскеу қаласындағы №891 Әлия Молдағұлова атындағы мек­теп­ке іссапармен жиі барып тұ­рамын. Сонда да Елбасының шек­сіз қамқорлығын сезінемін. Мұн­дағы мұражай екі ұлттың достығы­ның символы десек, қателеспейміз. Осындай барша істердің бастауы да, тірегі де бүгінгі Мемлекет басшысы екенінде дау жоқ. Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, “Қос шынар” Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестіктің төрағасы. Ақтөбе облысы.