Құқық • Бүгін, 17:25

Жаңа Конституция жобасында адам мен азаматтық құқықтың ара-жігін ажырату ұсынылды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 10-шы отырысында жеке тұлғаның құқықтық мәртебесіне арналған жаңа Конституция жобасындағы 14-бап кеңінен талқыланды. «Нархоз университеті» КеАҚ профессоры Виктор Малиновский бұл бапқа қатысты бірқатар маңызды түзетулерге назар аударып, адам құқықтары мен азаматтық құқықтың ара-жігін айқындау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа Конституция жобасында адам мен азаматтық құқықтың ара-жігін ажырату ұсынылды

Фото: Фото : ksrk.gov.kz (архив)

Профессордың айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мәнін, мазмұнын және қолданылуын айқындайтын қағидат адам құқықтары мен бостандықтарына арналған 14-баптың 2-тармағында нақты бекітілуге тиіс. Бұл билік тармақтарының бүкіл қызметін адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағыттайды.

«Конституцияға сәйкес, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі органдары қызметінің басты ұстанымы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге негізделуі тиіс. Билік органдары қабылдайтын кез келген заң, нормативтік және өзге де құқықтық актілер осы құндылықтарды қорғауға және жүзеге асыруға бағытталуы қажет. Сондай-ақ әрбір жеке шешім тұлғаның құқықтарын басшылыққа алуы тиіс», деді Виктор Малиновский.

Ол «қолданыстағы құқық» ұғымын жүйелі түрде пайдалану заңдық тұрғыдан орынды екенін айтты. Бұл ұғым тек заңдарды ғана емес, құқықтың өзге де көздерін қамтып, құқықтық олқылықтардың алдын алуға және адам құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Индира Әубәкірова: Жаңа Конституция адам құқықтары мен азамат құқықтарының аражігін айқын белгілейді

Комиссия отырысында 14-баптың 3-тармағына да ерекше мән берілді. В.Малиновский адамның құқықтары мен міндеттері азаматтығынан туындайтынын, яғни тұлғаның мемлекетпен берік саяси-құқықтық байланысына негізделетінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл нормаларды нақты әрі бұлжытпай бекіту Конституциялық айқындықты күшейтеді.

«Адам құқықтары абсолютті, бөлінбейтін және әмбебап сипатқа ие. Олар әрбір адамға туғанынан бері тиесілі және азаматтығына, құқықтық мәртебесіне, тұрғылықты жеріне немесе басқа да жағдайларға тәуелді емес. Адам құқықтары ең жоғары Конституциялық құндылық болып саналады және қолданыстағы барлық құқықтың мәнін, мазмұнын және қолданылуын айқындайды», деді профессор.

Осы тұрғыдан алғанда, азаматтық тек азаматтық құқықтардың көлемін ғана емес, адамның мемлекеттегі ерекше құқықтық мәртебесін де айқындайды. Сонымен бірге ол жеке адамдарға ғана тән арнайы міндеттерді белгілейді.

«Мұндай міндеттерге Қазақстан Республикасын қорғау және әскери қызмет атқару, тарихи және мәдени мұраны сақтау туралы қамқорлық, табиғатты қорғау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау, сондай-ақ Конституция мен заңдардан тікелей туындайтын өзге де міндеттер жатады», деді В.Малиновский.

Профессордың пікірінше, бұл тәсіл әртүрлі тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін нақтылап, 14-баптың мазмұнын толық ашады. Сондай-ақ ол аталған баптың 5-тармағына тоқталып, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың шектері құжатта әділ әрі теңгерімді белгіленгенін айтты.

Қазақстан Халық партиясы өңірлерде Конституциялық реформа барысын түсіндірді

Баяндаманың жеке бір бөлігі халықаралық шарттардың ұлттық құқық жүйесіндегі орнына арналды. Малиновский жаңа Конституция жобасында ратификацияланған халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып қала беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, халықаралық шарттардың заңдардан басымдығы туралы норманың алынып тасталуы адам құқықтары саласында бұрын ратификацияланған және қолданыстағы халықаралық міндеттемелерге қауіп төндірмейді. Ең бастысы – соттар мен өзге де мемлекеттік органдардың құқық қолдану тәжірибесінде халықаралық шарттардың күші сақталады.

Осылайша, жаңа Конституция жобасы халықаралық құқықтың рөлін төмендетпей, адам құқықтарын қорғаудың іргелі қағидаттарын сақтауға бағытталған.

Конституциялық комиссияда жаңа Ата Заңды бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынылды

Соңғы жаңалықтар