Музей • Кеше

Маңғыстауда ашық аспан астындағы археологиялық музей салынады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында ежелгі Қарақабақ қалашығының аумағында ашық аспан астындағы археологиялық музей ашу жоспарланып отыр. Ғалымдар бұл мекен Ұлы Жібек жолының маңызды сауда тораптарының бірі болғанын айтады, деп жазады Egemen.kz.

Маңғыстауда ашық аспан астындағы археологиялық музей салынады

Түпқараған ауданындағы Қарақабақ көне қалашығында археологиялық қазба жұмыстары 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында мамандар алтын әшекейлер, мөрлер, керамикалық бұйымдар мен 150-ге жуық көне тиын тапқан. Табылған жәдігерлер Маңғыстау өңірінің ерте дәуірдегі халықаралық сауда байланыстарында айрықша рөл атқарғанын көрсетеді.

Археолог Андрей Астафьевтің айтуынша, қазба кезінде Византия дәуіріне тиесілі қорғасын сауда мөрі анықталған. Бұл – Маңғыстаудың көне заманда халықаралық сауда жүйесіне кеңінен араласқанын дәлелдейтін сирек олжа. Мұндай айғақтар өңірдің тарихи маңызын айқын көрсетеді.

Маңғыстауда екі мыңжылдық тарихы бар қала зерттеліп жатыр

Ғалымдардың пайымдауынша, шамамен екі мың жыл бұрын қазіргі Таушық ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан Қарақабақта қызу тіршілік болған. Сол кезеңде бұл аумақ Қытай мен Үндістанды Рим империясымен байланыстыратын теңіз және құрлық жолдарының маңызды бекетіне айналған.

Отандық телеарнаның мәліметінше, қазір облыстық музейдің ғылыми зертханасында Қарақабақтан табылған көне тостағандар, керамика сынықтары мен зергерлік бұйымдар сақтаулы тұр. Олардың қатарында ақсүйек әйелге тиесілі болуы мүмкін алтын сырға мен адам бейнесі мен жебе қашалған мөр жүзік бар. Мамандар бұл артефактілердің жасы шамамен 1,5 мың жыл екенін айтады.

Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сәлидің сөзінше, ежелгі Каспий теңізінің картасында ғалым Клавдий Птолемей көрсеткен Аспабота қаласы қазіргі Қарақабақ болуы мүмкін.

«Қалашықтың жалпы аумағы 12 шаршы шақырымды құрайды. Жуырда өңір басшылығы мен Қазақстан археология институтының мамандары зерттеу нәтижелерімен танысып, алдағы бірлескен жұмыстарды талқылады», деді ол.

Жоба аясында Қарақабақ аумағында ашық аспан астындағы музей, ғылыми база, туристік инфрақұрылым және экскурсиялық бағыттар ашу көзделіп отыр. Археологтер қазба жұмыстарын мамыр айының соңында қайта жалғастырмақ.

Соңғы жаңалықтар