Фото: Ашық дереккөз
Қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) деректеріне сүйенсек, 2020-2024 жылдар аралығында отбасы ұғымы отандастар үшін негізгі құндылықтардың бірі ретінде маңызын жоғалтпаған. 2020 жылы респонденттердің 92,4%-ы отбасын өте маңызды деп бағаласа, 2022 жылы бұл көрсеткіш 93,5%-ға дейін өскен.
Сондай-ақ, отбасылық өмірге қанағаттану деңгейі де жоғары көрсеткішке ие болған. 2022 жылғы сауалнама нәтижесінде респонденттердің 95,4%-ы өз отбасылық өміріне қанағаттанатынын білдірген. 2024 жылғы деректер де осы үрдістің сақталып, 90-95% аралығында қалыптасқан.
«900 мың теңге отбасыма жетпейді»: Депутат Бақытжан Базарбек ай сайынғы жалақы аздық ететінін айтты
Отбасы туралы түсініктер мазмұны жағынан да айтарлықтай тұрақты. 2024 жылғы зерттеу бойынша респонденттердің басым бөлігі отбасыны бақыт, махаббат (44,9%), ұғымдарымен байланыстырған. Бұдан кейінгі кезекте неке ұрпақ жалғастыру (41,7%) және өмірдің мәні (40,7%) ретінде сипатталған.
Бұдан бөлек, респонденттердің 58,5%-ы некені отбасы құруға бағытталған одақ деп есептейді. Ал 18,7%-ы оны қарым-қатынасты заңдастыру ретінде қарастырса, 10,6%-ы ортақ тұрмыс пен ортақ бюджет ретінде қабылдайды.
Айта кетейік, бүгін, 15 мамыр елімізде халықаралық отбасы күні аталып өтеді. Мереке қарсаңында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ел азаматтарын халықаралық отбасы күнімен құттықтаған болатын.