Фото: Ашық дереккөз
Өтініштер мен құжаттар 2026 жылы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін қабылданады
Өтініш жолдау үшін азаматтар алдымен электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен kezekte.kz ресми порталына кіруі қажет, содан кейін «Тұрғын үй сервистері» мәзірінен «Алматы Жастары» бағдарламасын таңдауы тиіс.
Несие шарты бойынша ең жоғары несие сомасы 20 млн теңгеден аспауы қажет. Пайыздық мөлшерлеме – 5%, ал бастапқы жарна – 10%.
Бағдарлама аясында бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады. Бұл қатысушыларға бюджеті мен қалаған ауданына сәйкес нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бағдарламаға 35 жастан аспаған Алматының тұрғындары қатыса алады. Үміткерлер өңірде кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болуы міндетті.
Жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады
Басты талаптың бірі – қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Сондай-ақ Алматыда кемінде 6 ай ресми еңбек өтілі және міндетті зейнетақы аударымдарының болуы шарт.
Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары және коммуналдық қызмет саласының қызметкерлері өтінім бере алады. Сонымен қатар «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушылары да бағдарлама арқылы баспаналы болуға мүмкіндігі бар.
Аталған бағдарлама бойынша сұрақтарды +7 (727) 225-14-57 анықтама телефоны арқылы нақтылауға болады.
Бұған дейін «Отбасы банк» кейбір азаматтарды тұрғын үй кезегіне қоюдан неге бас тартқаны туралы жазған едік.