Аймақтар • 05 Шілде, 2024

Медициналық қызметтің жаңа моделі

74 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкентте былтырдан бері үздік тәжірибелік орталық жобасы іске асып жатыр. Осы жоба аясында қаланың көп­те­ген емханасы қызметін аталған орталықпен үйлестіре бас­тады.

Медициналық қызметтің жаңа моделі

Шаһардағы №1 емхана мемлекеттік коммуналдық-қа­зыналық кәсіпорны да – жа­ңа тәжірибені қолға алған ме­кеменің бірі. Емхананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуов осы бастаманың нәтижесінде жұмыс сапасы жақсарып, ауруды ерте анықтау көрсеткіші артқанын жеткізді.

– Үздік тәжірибелік орталық қызметінің негізгі мақсаты – ме­дициналық көмектің қол­жетімділігін қамтамасыз ету. Ем­хана тұрғындарға жақын орналасу керек. Яғни азаматтарға емханаға баратын жол алыс болмауға тиіс. Егер аумақтық үлкен емхана болса, басқа аудандардан бөлімшесін ашуға болады. Дәрігерлер сол жерден науқастарды қабылдайды. Цифрландыру нәтижесінде нау­қастар мобильді қосымша ар­қылы дәрігерлерге алдын ала жазылатын болған. Со­ның нәтижесінде емханада бұ­рынғыдай ұзын сонар кезек азайған. Мұның барлығы дәрігерге алдын ала жазылып, баратын күнді ертерек жос­парлаудың нәтижесінде іске асып отыр. Мамандар да мобильді қосымша арқылы диспансерлік есепте тұрған науқастарды кезегімен шақырып, тексеруден өткізеді. Дәрігерге қаралуды телефонмен реттеу емханаға күн сайын ағылып кеп жататын адам санын азайтты. Үздік тәжірибелік орталықтың тағы бір ұтымды жері науқастарды аралау учаскелік дәрігер мен медбикенің ғана жеке міндетіне кірмейтін болды. Олармен бірге енді психолог пен әлеуметтік қызметкер де қоса аралайды. Яғни учаскені аралау жұмысын төрт маманнан құралған топ ат­қарады. Қажет кезде топқа онколог, кардиолог сынды маман­дар да қосыла алады, – деді М.Бей­сеуов.

Емхана басшысының айтуынша, үздік тәжірибелік орталық қызметіне өту нәтижесінде учас­келік дәрігерлер отбасылық дә­рігер санатына көшті. Өйткені учаске аралайтын топ науқастың өзін ғана емес, отбасы мүшесін толық жауапкершілігіне алып отыр. Мәселен, егер науқастың денсаулығында кінәрат болса, дәрігер қарайды, әлеуметтік про­блеманың барын байқаса, әлеуметтік қызметкер бағыт-бағ­дар сілтейді. Сол секілді психолог та өз қызметін көрсетеді. Топ­тың құрамында психолог маманның болуы өте маңызды деп санайды М.Бейсеуов. Себебі қазір әлеуметтік қиындықтардың салдарынан уайымға салынып, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін баратын адамдар көбейіп барады.

Бұрынғы кезде әлеуметтік қызметкерлер мүгедектігі бар нау­қастарға дәрі-дәрмек­ті үйіне дейін жеткізіп тұра­тын. Немесе халыққа қыз­мет көрсету орталығы арқы­лы тиіс­ті құжаттарын ресім­деуге көмектесетін. Үздік тәжі­ри­белік орталық әлеуметтік қыз­меткерлерге жаңа міндеттер жүк­теді. Бұдан былай олар нау­қас тұрып жатқан үйлердің аула тазалығына, жаңа туған нә­рестенің отбасындағы жағ­дайына да қарайды. Мәселен, перзентханадан шыққан сәбидің үйінде туберкулезбен немесе онкологиялық аурумен ауырып жатқан науқастар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әлеуметтік қызметкер учаскелік дәрігермен бірге ол науқастардың ауруханада қосымша емдеу терапиясынан өтуін қамтамасыз етеді. Яғни нәрестенің денсаулығына ешнәрсе қауіп төндірмеуі керек. Тіпті топ құрамындағы мамандар учаске аумағынан әлеу­меттік жағдайдың жасал­ма­ғанын немесе маскүнем, наша­қор секілді қоғамға зия­ны бар адамдарды байқаса, әкімдік өкіл­дері мен жергілікті поли­ция қызметкерлерін ша­қыр­туға құқылы. Сондықтан емханадағы әр топтың картасы болады. Онда кейстер, яғни проб­ле­малық учас­келер көрсетіледі. Мамандар тобы сол мәселені шешуге тырысады. Осылайша, емхана бригадасына өз аумағындағы проблемалық нүктелерді жою үшін зор жауап­кершілік артылған.

– Үздік тәжірибелік орта­лыққа өту үшін алдымен Та­раз, Алматы қалаларындағы әріп­­тестерімізден біраз нәрсе үйрендік. Дәрігерлер өз алдына, әлеуметтік қызметкерлер де өз салалары бойынша тә­жі­рибе жинады. Сосын Ас­танадан орталық жұмысын арнайы оқытатын мамандарды шақырттық. Елордадан келген мамандар біздің жұмысымызды бағалап, өздерінің тәжірибелері бойынша емханадағы біраз құрылымды өзгертті. Соның нәтижесінде қызмет көрсету тәсілі оңтайланды. Оны күнде келіп жүрген науқастар да бір­ден байқады. Бұрын учас­келік дә­рігерлер онколог, кардиолог сынды арнайы мамандармен араласып отыра беретін. Қазір олардың әрқайсысын бөлек қабаттарға жайландырдық. Яғни емхананың бірінші қабаты медициналық диагностикаға арналса, екінші қабатында учас­келік дәрігерлер кабинеті орналасқан. Үшінші қабатта емхананың әкімшілік қыз­меткерлері мен арнайы маман-дәрігерлері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ үздік тәжірибелік ор­талық аясында науқастарды қолдау қызметі деген арнайы жобаны іске асырдық. Ол бойынша емхананың кіреберіс аумағынан орын белгілеп, сол жерде мамандарымыз келген науқастарға түрлі медициналық-әлеуметтік мәселеге қатысты ақыл-кеңесі­н айтады. Тіпті кестесін де түз­дік, мамандар сол бойынша ке­зегімен жұмысқа түседі. Олар­дың ішінде қарапайым дә­рігерден бастап, емхананың бөлім меңгерушілері, орынба­сарлар мен бас дәрігерге дейін бар. Егер науқастың жағ­дайы күрделі болып жатса, бірін­ші қабатқа барлық маманды жи­нап, консилиум өткізіп жібе­реміз, – деді М.Бейсеуов.

Бас дәрігердің мәлімдеуінше, халық жаңа өзгерістерді жылы қабылдады. Бастапқы кезде кішкене түсінбеушіліктер де болған. Мәселен, арнайы мамандарды үшінші қабатқа көшіргенде наразылық білдір­гендер табылған. Ал қазір ем­ханаға келушілер мұндағы қызметке тек риза болып ке­теді. Өйткені жұмыстың бәрі бір жүйеге келтірілген. Ар­найы мамандар үшінші қабатта отыр­ғанымен, бір жерде шоғырланған соң әрқайсысына қаралып кету науқастарға да оңай болып тұр.

Бүгінгі таңда үздік тәжіри­белік орталық моделін шым­кент­тік дәрігерлер өзге өңір­лерден үйреніп қана қоймай, басқа аймақтардың мамандары да тәжірибе алмасу үшін Шым­қалаға келіп жатыр. Мәселен, Маңғыстау, Ұлы­тау облыстарынан келген арнайы делегация қалалық №1, №6 ем­ханалардың үлгілі жұ­мыстарымен танысты. Ден­саулық сақтау ұйымдарының өкіл­дері, әлеуметтік қыз­мет­керлер, психологтерден құ­ралған 30-ға жуық маман шым­кенттік әріптестерінен тәжі­рибе үйреністі. Өз кезегінде Маңғыстау облысы денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Б.Ізбасар өңірден 3 үздік тәжірибелік орталық ашуды көздеп отырғанын жеткізді.

ШЫМКЕНТ