Мәдениет • 06 Шілде, 2024

Өлгейдегі өнер ескерткіші

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атам қазақ өзінің поэтикалық жадынауи туындысы қара­пайым қара өлеңінде «Домбырам екі ішекті, беті қақпақ, Өзіне перне байлап, ішек тақпақ...» немесе «Үш қазық, екі желі, тоғыз ноқта, Теңселіп тербеледі адам соқса» деп төл мұрасы домбыра туралы толғапты.

Өлгейдегі өнер ескерткіші

Әрине, қазақ бар жерде дом­быраның ру­хы асқақ. Мар­құм этно­граф-жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Біз ғаламға мақ­тан­сақ, домбыра сазы күй жанрымен мақ­тана аламыз. Себебі оның жанрлық тектілігі, байырғылығы, саздық үні ешқандай халықта кездеспейді», деуші еді.

Ақаң айтқандай, домбыра аспабы – қазақ халқының мұңы мен зарын, қуанышы мен қасі­ретін, әуезді үнімен, әсем сазымен, сезімді баурап, жүректі тер­беп көңілге қондырып, кө­кей­ге жеткізетін керемет құрал. Ақын Қадыр (Мырзалиев) «на­ғыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп текке айтпаған.

Осы орайда айтпағымыз, қа­зақ жерінде, әр өлкеде қадау-қа­дау болса да домбыра мүсінді ескерт­кіштер баршылық. Соның бірі – сонау қиырда жатқан байөлкелік бауырларымыз 1986 жылы қаланың шыға берісі, әуе­жайға бара жатқан жол бо­йына тұрғызған сегіз метр­лік домбыра ескерткіші. Мүм­кін бұл әлемдегі ең үлкен домбыра бей­несі осы шығар...

Ескерткіштің сыр-сипатына қара­саңыз, домбыра тұлғасы «Алтайым асқақ дараң нән, Аян­нан ғана жаралған, Боз мұнарменен боялған, Бозала таңмен оянғам» деп өлкенің өрен ақыны Сұраған Рахметұлы айтқандай, мұнар бояған Қобда­ның қоңыр тауларындай асқақ.

Мүсіннің ұсқыны – шуда бұлт­пен астасып, зеңгір көкке шаншыла қадалған қоңыраулы найза іспеттес. Жәдігердің құлақ тесігі орналасқан биігінде шашақты жалау сияқты үкісі желбірейді. Дәл осы бөлікке қазақша «Сәт сапар», ал домбыраның ұзын мойнында тігінен төмен қарай төгілте «Өлгей қаласы» деп жазылыпты. Шанағының қас беті қақпағының асты-үстіне қошқар мүйіз ою салынған.

Біздің қолымызға түскен деректе бұл ескерткішті аймақ­тық құрылыс тресінің инже­нер­лері тұрғызыпты. Авторлық құқы со­ларға тиесілі. Бірақ жұмыс тобын сол тұста мекеменің бас инже­нері қызметін атқарған Арыс­тан Қалибекұлы басқарыпты. Бұл кісі қазір туған жерінде аман-есен отыр. Бертінде, 1996 жылы, домбыраның темір ішегі үзіліп қалып, оны Арыстан ағамыз өз қолымен жаңалап таққан дейді.

Аймақ орталығы Өлгей қала­­сының сәніне айналған бұл ес­керт­­кіш қазір қалалық әкім­дік­тің ба­қылауында көрінеді. Олар­ға рахмет, жәдігерді күрең түс­пен бояп, Абай атамыз айтатын сұр­ғылт бұлтпен астастырып қойыпты.