Елорда • 06 Шілде, 2024

Елорданың өрісі өндірісімен кеңейеді

42 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда экономикасының драйвері – сауда, транспорт, байланыс және құрылыс салалары. Сауда секторының жалпы өніміне қосқан үлесі бойынша Астана облыстар мен қалалар арасында Алматы қаласынан кейін екінші орында тұр.

Елорданың өрісі өндірісімен кеңейеді

Бас қалада негізінен құрылыс материалдары, тамақ өнімі мен сусын, машина жасау жақсы дамып келеді. Республика бо­йынша металдан жасалған құры­лыс материалдарын, қолдануға дайын бетон және бетоннан жасалған өнімдерді шығарудан көшбасшы болып жүр. Оған қоса құрылыс металл конструкцияларын, радиаторлар мен орталық жылыту қазандықтары және қондырғыларды өндірудегі үлесі де басқалардан басым.

№1 Индустриалды парк территориясында ел экономи­ка­сына орасан зор үлес қосып келе жатқан елеулі ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында «Локо­мо­тив құрастыру зауыты» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, «Тау-кен Алтын» ЖШС мұнай өңдеу зауыты, «Қазақстан құбыр зауыты» ЖШС, «Алкон+» ЖШС, «JFoodKazakhstan» ЖШС, «JfoodProduction» ЖШС, «ModeX Astana» ЖШС, «GLB» ЖШС, тоқыма өндірісі ЖШС, «Paramount Engineering» ЖШС, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС сияқты кәсіпорындар бар.

Жалпы алғанда, 110 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 57-сі пайдалануға беріл­ген. Нә­ти­­жесінде, 5 543 тұрақты жұ­мыс орны ашылыпты. Парк­тегі кәсіпорындардың өнім кө­ле­мі мегаполистегі өңдеу өнер­­­кәсі­бінің жалпы көлемінің ша­ма­­­мен 70%-ын құрайды екен. Был­тыр өңдеу өнімінің кө­лемі 7,434 млрд теңгеге жетіп жы­­ғыл­ған. Ал­дағы үш жылда қал­­ған 53 жо­­ба іске асырылады. Жос­­­­­пар бо­­й­ын­ша алдағы уақытта парк аума­ғында іске қосыла­тын кә­сіп­орындарда жалпы 2 574 тұ­рақ­ты жұмыс орны құрылмақ.

Өткен жылы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы (АЭА) өндірілген өнім көлемі – 5,2 млрд теңге, экспорт көлемі – 106 млрд теңге, олардан түскен салық түсімі 186 млрд теңге болған. Шығарылатын өнімдердің көбі көлік жасау саласына қатысты дүниелер: электртасығыш, локомотив, қозғалтқыш, бронды техника, коммуналды техника, лифт пен вагондар. Металлургия саласында алтын өндіріледі. Сонымен бірге құрылыс саласына қажетті тауарлар жасалады.

Жалпы, «Астана – жаңа қала» АЭА құрылғалы бері бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Өндіріс көлемі – 7 434 млрд теңге, оның ішінде 2023 жылғы үлес 1 150,85 млрд теңге болған. Ал экспорт көлемі 140,15 млрд теңгеге жеткен. Оның 40,38 млрд теңгесі өт­кен жылдың үлесінде. Салық ше­ге­рім­дерінің көлемі – 230,29 млрд теңге. Бұл соманың 56,99 млрд теңгесі өткен жылға тиесілі.

Келешекте Астанада құры­латын кәсіпорындардың бірі – «Tiryaki Agro» (Түркия) жобасы негізінде салынатын бидайды терең өңдейтін кешенді зауыт. Кәсіпорынның өзіндік құны – 99 млрд теңге. Зауыт бір жылда 240 мың тонна бидайды өңдеп шығару қуатына ие. Бүгінде өн­діріс кешені орналасатын 20 гектар жер телімі анықталды.

Сонымен қатар «Қазақстанда астық және бұршақ дақыл­дарын терең өңдеу бойынша инте­гра­ция­ланған агроөнеркәсіп кешенін салу» инвестициялық жобасын іске асырудың Жол кар­тасы әзірленіп, бекітілді. Бұл жол картасының негізінде елор­­дада аграрлық сала бо­йын­ша бір­неше игі жұмыс қолға алынбақ.

Ал «Cynosure» ЖШС ком­паниясының жобасымен бірінші кезеңде 200 төсектік емдеу-сауықтыру және емдік денешынықтыру кешенін салу ісі жүзеге асырылады. Компания Сыртқы істер министрлігімен 2020 жылы Астана қаласында 2,3 гектар аумаққа құны 5 млрд теңге болатын кешен салуға келісім жасаған еді. Ол жер телімі мегаполистің Нұра ауданындағы Сығанақ көшесі мен Тұран даңғылы қиылысында орналасқан. Өкінішке қарай, Кіші Талдыкөлге қатысты сот үдерістеріне байланысты жоба бойынша жұмыс жүргізу 2023 жылға дейін тоқтатылған еді. Өйткені әкімшілік істер жөнін­дегі сот алқасының қаулы­сымен Кіші Талдыкөл тобындағы жер телімдерінде құры­лыс жұмыс­тарының кез кел­ген түрін, оның ішінде жасанды тол­тыруды жүргізуге тыйым салын­ған. Алай­да бұл тыйым Жоғарғы соттың 2023 жыл­ғы шеші­мімен қайта алынып тас­талды.

Түрлі күресіннен өткен компания аталған жобаны іске асыруды қайта қолға алды. Қазір жоба техникалық шарттарды алу және алдын ала жобаны әзірлеу сатысында тұр. Оның екінші кезеңінде құны 360 млн доллардан асатын медициналық орталық құруды көздейді. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестор тағы 5-тен 12 гектарға дейінгі жер телімін сұрады. Өз кезегінде Астана әкімдігі жалпы көлемі 12 гектар жер телімін Нұра ауданынан ұсынды.

Бүгінде елордада ондаған индустриалды кәсіпорын жылдан-жылға қанат жайып, өнімді терең өңдейтін, уақыт талабына сай өндіріс орындарын ашып жатыр. Бұл зауыт-фабрикалар бір Астананың ғана емес, бүкіл ел экономикасын өркендетудің алдыңғы легінде болары анық.