Өнер • 11 Шілде, 2024

Жаңа ұрпақ қолтаңбасы

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана ел аста­на­­сында Mega Silk Way орталығында «Shula­mah» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Атал­ған туынды музы­ка­лық драма жанрында түсірілген. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ және Golden Man Media қол­дауымен жарыққа шығып отыр.

Жаңа ұрпақ қолтаңбасы

Айта кетсек, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» ұлттық идеология мен патриотизм рухын насихаттайтын кинокартиналарға демеу көрсетіп келеді. Атал­ған фильм еліміздің музыка са­ласындағы прогрессивті жастар­дың көзқарасын баяндайды. Елі­мізде талантты жастар көп, бұл ретте кино орталығы өнерлі өрен­д­ерді қолдап, креативті индустрия­ны дамытуға үлес қосып жатқаны мәлім.

Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан аталған мәселеге ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде отандық киноиндустрия жаңа да жасампаз жолын қалыптастырып жатыр. Атап айтсақ, 2023 жылдың өзінде 18 ұлттық фильм түсірілді, сондай-ақ былтыр жыл соңында тағы 18 киножоба іріктеліп, өндіріске жіберілді.

«Биылдан бастап киногер­лердің ұсынысы ескеріліп, Ұлттық киноны қолдау орталығының киножобаларды іріктеу конкурсына өзгеріс енгізілді. Сараптап қарасақ, биылғы конкурсқа біршама өтінім келіп түскен. Анимация, деректі, ойын фильмдері санаты бойынша 465 өтінім тіркелген. Осылайша, 101 сценарий келесі кезеңге жолданды, ал екінші кезеңде 87 жоба іріктелді. 18-20 маусым күндері аралығында питчинг өтті. Сараптама кеңесінің мүшелері ұлттық киноға сүбелі үлес қосатын кинокартиналарды іріктеуге бар күш-жігерін салды. Ал мемлекет кинематография саласына тұрақты қолдау көрсетуді жалғастыра бермек», дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, «Shulamah» фильмінің режиссері Айтөре Жолдасқали «Sheker» сериалымен танымал, ал Игорь Цайды Голливудтағы жобалары арқылы көпшілік біледі. Фильм сюжеті рэпер болуды армандайтын үш достың айналасында өрбиді. Олар «Сула» есімді продюсермен бетпе-бет келгенде, жетістікке жету жолында қиындықтарды еңсеру қажетін түсінеді. Дарынды актерлердің, соның ішінде Демеу Атымтаев, Досан Кеншімбаев пен Алмаз Мержақыповтың, сондай-ақ танымал музыкалық продюсерлер мен орындаушылардың қатысуымен «Shulamah» көрер­мендерді өзінің атмосферасымен таңғалдырады.

«Жоба продюсерлері басты кейіпкерлердің рөліне кәсіби актерлерді тартуға емес, кастинг өткізуге ден қойды. Осылайша, еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық өтінім келіп түсті, бірақ таңдау Демеу Атымтаевқа, Досан Кеншімбаевқа, Алмаз Мер­жа­қыповқа түсті. Сондай-ақ фильмге музыкалық продюсерлер мен әйгілі орындау­шылар, соның ішінде: HIRO, VSXV Prince, Shiza атсалысты. Сонымен қатар эпизодтарда көрермендер Say Moны және бірқатар блогерді көреді», деп атап өтті шығармашылық топ.

Жаңа туынды 11 шілдеден бас­тап еліміздің барлық кинотеатр­ларында көрсетіле бастайды. Ал 12 шілдеде музыкалық альбомның жарыққа шығуы жоспарланып отыр.