18 Маусым, 2010

БАҒА БАҚЫЛАУҒА АЛЫНБАҚ

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Егер әңгіменің ашығын айтар болсақ, бүгінде азық-түлік бағасы адымдап бара жатқан сыңайлы. Сөзіміз дәлелді болуы үшін азық-түлік базарына атбасын бұрып, бағаның бүгінгі жай-күйімен та­ныс­­қан едік. Жаз мезгілі болған соң ба, сиыр еті 50 теңгеге, ал қой еті 100 теңгеге, жылқы еті 20, құс еті 10 теңгеге өсіп тұр екен. Өкі­ніштісі сол, картоп пен жуа бұ­рын­ғыдан екі есеге өсіп, яғни 100 тең­геге маңайлап тұр. Сондай-ақ тұ­тынушылар жыл басындағыдан сә­бізге – 45, ал алмаға 26 пайызға үс­­теме ақша төлеуге мәжбүр болуда. Бағаны бақылап отыратын “Қаз­агромаркетинг” АҚ-тың бізге берген мәліметіне жүгінер болсақ, Сыр аймағындағы сиыр еті рес­публикалық деңгейден – 25, қой еті – 7, картоп –34, пияз 24 тең­геге қымбаттаған. Оны айтасыз, Сыр аймағының Арал өңірінде  өндірілетін ас тұзының бағасы республикалық көрсеткіштен 5 теңгеге қымбат болып тұр. Сонымен Сыр аймағында азық-түлік бағасының күрт көтерілуінің сыры неде? Аймақта жылыжай шаруа­шылығы өркен жая алмай отыр. Жалпы көлемі 0,6 гектарды құрайтын 13 қана жылыжай бар екен. Бұл – бір. Екіншіден, көкөністер сақтайтын қоймалар да жоқтың қасы. Содан да егіс басы­нан өнімді қолма-қол ақшаға ал­ғандар тұтынушыларға жеткізген­дері үшін үстеме баға қоюды әдет­ке, яғни “кәсіпке” ай­налдырған. Сон­дай-ақ маусым­дық кезеңде сырттан тасымалданатын өнім­дерді тұтынушыларға тікелей жеткізу жүйесі де қалыпқа түспей отыр. Уақытында азық-түлік бағасын төмендету мақсатында салынған коммуналдық базарлар­дан көпшілік күткен үміт те ақ­талмаған сыңайлы. Бәзбір аудан­дандарда азық-түлік базарлары­ның жұмысы тоқтап қалса, “Арзан базар” ЖШС қара­жат же­тіспеушілігінен өз міндетін толы­ғымен атқара алмауда. Жоғарыдағы осы бір жағымсыз жайларды басты назарына алған облыс әкімі Болатбек Қуандықов, аймақтағы азық-түлік бағасын тұ­рақтандыру бағытында кеңейтіл­ген кеңес өткізді. Оған тиесілі басқарма басшылары, көтерме сауда орын­дары мен ірі сауда ор­талық­тары­ның өкілдері қатысып, азық-түлік бағаларын басты бақылауға алуды тілдеріне тиек етті. Егер нақты деректерге жүгінер болсақ, облыс тұрғындары өзде­рін-өздері азық-түлік өнімдерімен қам­тамасыз етулеріне толық мүм­кін­діктері бар. Атап айтқанда, Сыр диқандары ала жаздай мар­жан­дай төк­кен маңдай терлерінің арқа­сын­да қызанақты – 5,1, қияр­ды – 4,3, картопты – 2,2, бақ­ша дақылдарын 8,2 есеге артық өндіреді. Сондай-ақ, соңғы жыл­дары облыс әкімінің тікелей бас­та­масымен азық-түлік жәрмең­ке­сін өткізу жақсы дәстүрге айналған. Жоғарыдағы осы жағдаят­тарды егжей-тегжейлі баян ет­кен облыс әкімі облыстық штаб жұмысын жандандырып, баға­ның негізсіз өсімін бол­дырмау үшін көтерме жабдықтаушылар­мен ынтымақ­тас­тықта жұмыс жа­сауға қатаң тапсырма берді. Комму­нал­дық базарлар жұмы­сын жандан­дыру мен “Арзан базар” ЖШС-ның сақтау қой­маларын пайда­лану, жылыжай шаруашылы­ғының аясын кеңей­туді де мін­деттеді. Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА.