Өнер • 25 Шілде, 2024

Шығармашылық демалыс

85 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз басталысымен елорданың әр сахнасында түрлі мәдени іс-шаралар ұйым­дастырылатыны бүгінде дәстүрге айналған. Осы ретте «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» музыкалық кешін ерекше атап өтеміз. 26 шілде мен 2 тамыз аралығында К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында дарынды әртістердің жаңа буын өкілдері – жетекші отандық және шетелдік шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері өнер көрсетеді. Айта кетейік, жас таланттардың шеберліктері мен кәсіби біліктіліктері беделді халықаралық байқауларда бір­неше мәрте жүлделі орындармен бағаланып үлгерген.

Шығармашылық демалыс

Музыкалық кеш­тің алғашқы кү­ні во­кал­дық бө­лігінде сопрано дауысты қос әнші сахнаға шықпақ. Атап айтсақ, олар – Ита­­лия­ның Пезаро қаласында Джоаккино Россини атын­дағы консерваторияда білім алып жатқан Айым Ас­қар мен Н.Рим­­ский-Кор­саков атындағы Санкт-Петер­бург мемлекеттік консерва­то­риясының студенті Марта Набатова.

Әртістер В.А.Моцарттың «Фи­­гароның үйлену тойы» операсынан Сюзаннаның ариясы, Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан Ми­мидің ариясы, Ц.Кюидің «Са­рацин» операсынан Анье­саның ариясы, Э.Вилла-Ло­бостың «Сезімтал әуен» сын­ды әлемдік классика жау­һар­ларын орындайды. Көп­шілік ұна­татын ұлттық туын­дылар М.Тө­лебаевтың «Бақыт вальсi» мен О.Сүлей­меновтің өлеңіне жазылған Ғ.Жұбанованың «Из травы я взлетела...» романсы шыр­қалады.

Көптеген вокал байқау­ы­ның, оның ішінде «Қазақстан жастарының 100 жаңа есімі» республикалық байқауының лау­реаты Марта Набатова «Астана Операдағы» музы­калық дема­лыс» топтамасы аясындағы екін­ші рет өнер көрсетейін деп отыр. Та­нымал жоба Отанға жиі келе бермейтін әнші үшін туған жерде өнерін паш етуге, профессорлармен бірге атқар­ған тың­ғылықты жұмысын көпші­лік­ке таныстыруға мүмкіндік екені анық.

«Репертуарымыздың бар­­лы­ғын дерлік туған жер­ден жы­рақта орындап жүр­гендіктен, аталған кон­цертті өз шығармашы­лы­ғымды тыңдармандарға сү­йікті теат­р сахнасында таныс­тыру мүмкіндігі деп білемін, өйт­кені «Астана Операның» кере­мет акустикасы мен интерьері сондай шабыттандырады. Өнер көрсету бағ­дарламасын дауысыма қарай және көңілімнің қалауы бо­йын­ша таңдадым. Себебі музыка – бұл ең әуелі адамның жаны, мен үшін осы критерий маңызды. Бағдарламама соңғы семестрлерде қосылған Мими мен Аньесаның арияларын қатты жақсы көремін. Дауысты барлық диапазонда толтыру және кантилена сынды вокал талаптары бар болғандықтан, бұл ариялар айтарлықтай күрделі», дейді Мар­та Набатова.

Вокалистермен бірге сах­наға дарынды аспапшылар да шығатынын атап өтейік. Гне­синдер атындағы Ресей музыка академиясынан флейташы Камиля Исмагулова, саксофоншы Ажар Раимхан мен пианист Айша Раимхан, Санкт-Пе­тербург консерваториясынан – пиа­нист Ма­рия Шавтельская, ал П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік кон­серва­­ториясынан – тромбоншы Нұр­ғалым Серікжан және осы кон­серватория жанындағы Ака­де­миялық музыкалық учили­ще­ден скрипкашы Аделя Дүй­сен­бай арнайы келді.

Бұл кеште шебер ан­самбльдік орындаушылық өнерді тыңдар­мандарға скрипкашы Диана Аблаева (Н.Г.Жиганов атындағы Қа­зан мемлекеттік консерваториясы), виолончельші Ил­хам Аимбетов (Мәскеу консерваториясы) және пианист Жанна Здорнова (Қазақ ұлттық өнер университеті) сынды аспапшылардан құ­рал­ған фортепианолық трио ұсынады.

Жас әртістер туған жер­де өнер көрсету үшін да­йындаған мазмұнды әрі сан алуан бағдар­ламаға ас­паптық жанрдың танымал классикалық шығарма­лары енді. Оның ішінде С.Рах­маниновтың Фортепианоға ар­налған «Музыкалық сәт­тері», ор. 16 №1, 2, 6 және Фор­тепиано, скрипка және виолончельге арналған №2 эле­гиялық трио, ре минор, op. 9, 1-бөлім, С.Про­кофьевтің Фортепианоға арналған №3 сонатасы, ля минор, ор.28 және А.Вайненнің Рапсодия, 2 және 3-бөлімдері бар.

Ал «Астана Операдағы» му­­­зыкалық демалыс» екінші концерті аясында 2 тамызда келе­шегінен үлкен үміт күт­тіре­тін аспапшылар – АҚШ-тағы Carnegie Mellon University-ден перкуссионист Айдар Фазылов, Мәскеу консерваториясынан скрипкашы Диана Мақажан мен пианист Батырхан Сүлеймен, В.Янковский атын­дағы Новосібір арнайы му­зыкалық мектебінен фаготшы Абылай Жұмаке, Гне­синдер атындағы Ресей музыка академиясының му­зыкалық училищесінен пианист Радия Оразалинова мен флейташы Афина Ма­види классика ізде­ген қауымға өнер көрсетеді. Фор­тепиано партиясын Меруерт Же­ке­нова, Ляззат Кенжина орындайды.

Аталған жоба – шетте жүрген еліміздің жас орындаушыларын қол­дауға ба­ғытталған. Жас өнер­паз­дарға қолдау көрсетіп, көрер­менмен қауыштыру – осы театрдың игі істерінің бірі деп білеміз. Әрине, мұндай баста­малардың келешегі зор әртіс­терді дамытуға, та­нытуға ықпал етері сөзсіз. Бұл жоба арқы­лы өнер жолын енді бастап жат­қан дарындар көпшілікті өз шығар­машылығымен қуантып қана қоймайды, сонымен қа­тар отан­дастарымен кездесуден өздері де шабыттана түседі. Өйткені ұзаққа со­зылған қарқынды оқу жылынан кейін әр жаз сайын бұл жастар үйлеріне өз елі­нің кө­рермендерін көруге және оларға өз жетістік­терін көрсетуге деген құл­шыныспен асығады.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше