Ауыл • 02 Тамыз, 2024

Түрленген Тарбағатай

320 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Барқытбелдің теріскейі мен Зайсан көлінің арасын жайлаған Тарбағатай ауданы қайта жаңғырғаны жұртқа мәлім. Арғысы шекара шебіндегі Ахмет­бұ­лақ аулынан бастап, бергісі көл жа­ғасындағы Бай­тоғас, Тұғыл сын­ды ауылдарды түгелдей дерлік ара­ладық. «Жүз рет естігенше, бір рет көр» деп, ауданда атқарылып жатқан жұ­мыс­тарды көзбен көрдік, түйткілді мәсе­­ле­леріне үңілдік. Тарбағатай жеке аудан болып, қайта уық тіктегеніне екі-ақ жыл. Осы уақыт ішінде киелі жер­дің күретамырына қан жүгіргендей, бір­қатар игі істің басы қайырылғаны көрі­ніп тұр. Проблемалар да жоқ емес.

Түрленген Тарбағатай

Суретті түсірген – автор

Төрт түлікке жайлы Тұғыл

Шіліңгір шілдеде асфальттың апшы­сын қуырып, ең әуелі Тұғыл аулына соққанбыз. Зайсан көлін жағалай қоныстанған тұғылдық тұрғындардың негізгі кәсіп көзі – балық шаруашылығы. Көлге ау тартып, түскен балықты зауытқа апарып өткізеді. Зауытта өңделіп, қапталып, қатталып, дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар бұл ауылдың төңірегі төрт түлікті өргізіп қоюға да қолайлы.

Тап-тұйнақтай Тұғылдың орталық көшесі бойында «ANGroups» ЖШС мердігер компаниясы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Құрылысы 2023 жылы басталған бұл нысан биыл желтоқсан айында аяқталуға тиіс. Ал қатарында тұрған мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіпті. Одан бөлек, ауыл ішінде бірнеше футбол, ойын алаңдары бар.

– Биыл аудандық бюджеттен 14 млн теңге бөлініп, футбол алаңы салынды. Жергілікті бюджетке түскен салықтан балалар ойын алаңы және Байтоғас аулына «стрит воркаут» жасалды. Сондай-ақ Тұғылға 20 млн теңгеге тротуар төселді. Айта кетсек, ауылда үш ойын алаңы бұрыннан бар. Төрт алаңның үшеуі шағын футболға арналса, біреуі – үлкен алаң. 9 көшеге жарық шамдары тартылып жатыр. Сөйтіп, көшелер 100 пайыз жарықтанады. Сәтбаев көшесіне асфальт төсеу бойынша конкурс жарияланды, – дейді округ әкімі Қанат Шеризатұлы.

Одан бөлек, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін Байтоғас аулында екі үйдің құрылысы қолға алын­ған. Былтыр Тұғылда салынып, қолданысқа берілген. Ауылдықтардың айтуынша, жалғыз мәселе – ауылдық ауруханаға жөндеу қажет. Дәрі-дәрмек, маман жет­­кілікті болғанымен, ғимараты тозып тұр.

 Қабанбайда қатымхана ашылды

Бір байқағанымыз, Тарбағатайдың азаматтары алақан жайып, қол қусырып отырмайды. Ауылға қажет-ау деген нысан­дарды бірігіп, салып ала салады. Береке мен бірлігі жарасқан ауыл­дарды көрсеңіз, «бәрекелді» дер едіңіз. «Аулына қарап, азаматын таны» деген осы да. Олай дейтініміз, Қабанбай аулының тумасы, меценат Берік Әділбекұлы жерлестеріне 300 орындық қатымхана салып беріп, салтанатты түрде ашты. Жомарт азаматқа ауылдастары алғыс айтып, ат мінгізді. Қандай жарасымды, жылы көрініс еді. Сол секілді бірі ойын алаңын салса, енді бірі саябақ қоршап, ішін абаттандырып жіберген. Тіпті кейбір ауылдарда кітапхана жабылып жатса, Тарбағатай өңірінде кітапхана салып жатқандар бар.

Қабанбай округіндегі негізгі мәселе – Шорға аулына дейінгі жолдың аяқсыз қалғаны. Ауылдықтардың айтуынша, 2022 жылы Шорға мен Қабанбай ара­сындағы жолдың бір шақырымнан сәл аста­мына ғана асфальт төселіп, қал­ғаны істелмей қалған.

– Екі ортадағы жолға асфальт төсеу басталған. Бірақ аяқсыз қалды. Қашан жалғасады, бізге белгісіз, – дейді ауыл тұрғыны Қанат Қалиев.

Бұл проблемалық сұрақты Тарбағатай аудандық жолаушылар көлігі, құрылыс және қала құрылыс бөлімінің басшысы Серік Советұлына қойған едік. Ол да жұмыстың қашан аяқталатынын дөп басып айтпады.

– Қабанбай – Шорға арасындағы жол­дың екі шақырымына жұмыс жүр­гізілді. Алайда құрылыс бұйым­дарының қымбаттауына байланысты мердігер әрі қарай жалғастырудан бас тартты. Қазір мәселе сотта қаралып жатыр, – дейді Серік Советұлы.

Аталған жолға 2022 жылы 387 млн теңге бөлініп, оның 100 млн теңгесі игерілген.

Осы округке қарасты Тәуке аулында да ат басын бұрдық. Тіршілік қара қазандай қайнап жатыр. Ауыл ортасында 80 орындық мектептің құрылысы басталған.

– Бүгінгі күнге дейін балалар ескі ғи­маратта оқып келген. Биыл жаңа мек­теп құрылысы басталып, қуанып жа­тырмыз. Мектепте 40 бала білім алса, мектеп жанындағы орталықта 20 сәби тәрбиеленеді. Осы орайда  шекара шетін­­де­гі аудандардың мәселесін көтеріп жүр­ген азаматтарға, оны қолдап отырған Пре­зи­дентке алғыс айтамыз, – дейді ауыл тұр­­ғыны, ұстаз Бауыржан Қадылов. Дәл осындай мектеп құрылысы Шолақорда ау­лында да салынып жатыр.

Жаңалықта жаңалық көп

Ауылдың анау басында Төлебай бабаның ұрпақтары қалталарынан қара­жат шығарып, өз күштерімен мәде­­ниет үйін салып жатса, бергі жағында Есенгелді бидің ұрпақтары саябақ салып, салтанатты ашылуын жасаған. Ауыл үшін жанталасып, жомарттық танытып, мәдени нысандар салып жатқан азаматтарды басқа қай ауданнан көрдіңіз? Ерекшелігі сол, жаңа ғимараттың бір бүйірін кітапхана етеді.

Ал абаттандырылған саябақ ішінде шағын сахна, футбол алаңы бар. Маңай гүлдеп, жайқалып тұр. Аудан басшы­лы­ғы­ның айтуынша, Жаңалық аулының бірқатар көшесіне жарық тартылған. Келе­сі жылы орталық көшесіне асфальт төсе­леді. Жаңалықтағы жаңалық осы әзірге. Ең бастысы, даму үстінде.

Маңырақтағы спорт кешені

Ауылдың кіреберіс көшесінің бойын­дағы қаз-қатар тізілген тақтай­ша­лар­­ға нақыл сөздер жазылғаны жолаушы назарын бірден аударады. Аялдап тұрып оқуға мәжбүрлейді. Оқып қана қоймай, тоқып алған жастың өмірлік ұстанымын нықтайды. Бұл ауылдың әлеуметтік дамуы да тұралап қалған жоқ. Кейінгі жылдары үш баспана салынып, кезегімен көпбалалы, аз қам­тылған отбасыларға үлестірілген. Қосымша тағы екі үйдің құрылысы қар­қын алған.

– Ауыл үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Айтар болсақ, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Кең сарайдай спорт кешені салынып, ауыл игілігіне берілді. Оны осы ауылдың тумасы, меценат Бауыржан Қожахметов былтыр 300 млн теңге өз қаражаты есебінен салып берген, – дейді Тарбағатай аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ермек Құрманғалиев.

Бұл ауылда да жаңа футбол алаңы мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Тек қоршауы ескі. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, ол қоршау жаңартылып, іші толықтай абаттандырылады.

Жаңа ауылдың жолы жаңарады

Тарбағатай ауданының шекара жағын­­да­ғы ауылдары күре жолдың бойында тәсбихтың тасындай тізіле қоныстанған. Маңырақтан соң Жаңа ауыл­ды маңдайға алған едік, тақтайдай тасжол. Оның 15 шақырымына биыл асфальт төселе бастаған.

– Ақжар – Шілікті арасындағы жолдың 15 шақырымына асфальт төселіп жатыр. Ол жұмыс келесі жылы да жалғасын табады, – деп түсін­дір­ді ішкі саясат басшысы Ермек Құрманғали.

Баса айта кетерлігі, бұл жолға бұрын-соңды бірде-бір рет асфальт төселмеген. Десе де кеңес үкіметі тұсындағы жолдың кетеуі кете қоймапты. Сонау шекара түбіндегі Ахметбұлақ аулына дейін жол кейбір асфальт жолға бергісіз, сайрап жатыр. Ахметбұлақта халық саны қайбір кездері күрт азайғанымен, биыл оңтүстіктен және Астанадан отбасылар қоныстандырылып жатыр. Көшіп келіп жатқан отбасылардың көздегені – мал бағу. Округ әкімінің мәліметінше, көшіп келушілерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі.

– Ахметбұлақ аулы мал ұстауға қо­лайлы. Қысы жайлы. Жақын арада жолдары орташа жөндеуден өтеді. Келер жылы әр үйге орталықтандырылған ауызсу тартылады. 5 млн теңгеге ойын алаңы салынады. Үш отбасы көшіп келіп, мал асырауға бел буып отыр, – дейді округ әкімі Сәуле Көкекқызы.

Жаңа ауыл округіне қарасты Жаңа­та­лап аулында да ауылдықтар бірлесіп, тойхана салып алған. Су жаңа ойын алаңдарында балалар асыр салып жүр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бо­йынша Жаңа ауылға толықтай су тартылады. Сарыөлең аулында 12 үйге су тартылып қойды. Сонымен қатар округ орталығында ғимараты жаңа меди­ци­на­лық пункт жұмыс істеп тұр. Ауыл­дықтар бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін коворкинг орталығы ашыл­ған.

Ақжар ажарланып келеді

Сапарымызды Ақжар аулымен аяқтадық. Ауыл көшелерін аралап жүріп, көзіміз жоғарыда тұрған бейнебақылау камераларына түсті. Сөйтсек, ауылдағы тәртіпті бақылау үшін елуден астам бейнекамера орнатылыпты. Иә, көшелерде темірдей тәртіп. Орталық алаңдар абат­тандырылған. «Жасыл ел» жастары гүл­­зар­лар­ды күнделікті суарып, арам шөбін жұлады. Бірнеше көшеге асфальт төселіп жатыр.

– Ақжар аудан орталығы болғалы көп жұмыс атқарылды. Байқап жүрміз, 5 көше жөнделіп жатыр. Тротуарлар төселді. Осы істің басы-аяғын жүйелеп, ұйымдастырып отырған аудан бас­шы­лы­ғына алғыс, – дейді Ақжар аулының тұрғыны Айбек Мотышев.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ақжар­да «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­ма­сымен үш жоба жүзеге асырылып, «Жол жылы» аясында бес көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар бас­талып та кеткен.

Тарбағатайдың түрленіп, гүлденіп келе жатқанын көрдік. Шешімін таппай келе жатқан мәселелер күндердің күні оң шешімін табар. Ең бастысы, аудан қайта құрылып, ауылдықтардың арманы орындалды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 3 су арнасы жөндеуден өтеді

Аймақтар • 04 Қазан, 2024

Нарықта мұнай бағасы шарықтады

Экономика • 04 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

Референдум 2024 • 04 Қазан, 2024

Терраса тақтасы

Ғылым • 04 Қазан, 2024