Өнім • 13 Тамыз, 2024

Азық-түлік өндірушілерге қолдау қажет

94 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің аса маңызды бөлігі. Нақты мәліметтерге қарағанда отандық азық-түлік өндірушінің ісі әлі күнге оңалар емес. Биыл да сауда орындарының сөрелерінде импорттық тауардың саны мен көлемі жергілікті өнімнен біршама көп болып тұр. Жер емген диқан мен шикізатты өңдеп сауда сөресіне жеткізетін отандық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың әлі де олқы тұстары бар екенін айтады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін алға шығарған Үкімет бұл салада тағы да батыл қадамдар жасауы керек.

Азық-түлік өндірушілерге қолдау қажет

Азық-түлік өндірісінде елеулі үлеске ие керекулік өндірушілердің айтуынша, импорттық өнімдер сапасыздау келеді әрі арзан бағада ұсынылады.

«Өз еліміздің нарығында қонақ сияқтымыз. Ал бөтен біреу өзін қожайын ретінде сезініп жүр. Біз – отандық өндірушілерміз. Сауда желілерімен бәсекелес емеспіз. Тек азық-түлік өндіреміз, сауда желілері оны сатады. Бәріміздің ортақ басты мақсатымыз – ел азаматтарын сапалы, табиғи, жаңа және қолжетімді өнімдермен қам­тамасыз ету. Біздің өнімге сауда желілерінде «Қазақстанда жасал­ған» деген жазуы бар ең жақсы сөре­лерді бөліп беру қажет. Сауда орын­дарында үлкен кеңістігі бар, тауарлық сөреде жақсы орны бар ре­сейлік, белоруссиялық, литвалық өн­діру­шіден біздің неміз кем? Оған қоса барлық «кіру төлемдерін», ретро­бонустарды – жалпы алғанда, сауда желілері өндірушіден оның тауарын осы желіде сату үшін алатын кез келген қосымша төлемді жою керек. Сондай-ақ өңдеу саласы үшін мемлекеттік қолдау шаралары әлі де ұлғайтылуы қажет деп есептейміз. Кәсіпкерге фермерден шикізат сатып алу үшін айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландырудың жеке мемлекеттік бағдарламасы болса құба-құп. Мұндай бағдарламалар Ресей мен Белоруссияда аса белсенді түрде жұмыс істейді. Сол себепті олардың нарықтағы бәсекелестік позициясы өте күшті», деді осы мәселеге орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелде «Фирма Арго» ЖШС директоры Олег Литвиненко.

Қатысушылар импорттық азық-түлікті ел аумағына кіргізу кезінде мемлекеттік бақылауды күшейту керек екеніне баса назар аударды. Нарықтағы барлық өндіруші мен жеткізуші үшін тең жағдай орнауы қажет. Өкінішке қарай, қазір мұндай теңдік жоқ.

Оның үстіне Ресей мен Бело­ру­ссия аграрлық және азық-түлік саласын едәуір дәрежеде субсидия­лайды. Кәсіпорындары әлдеқайда үлкен, логистикасы мен шикізат ба­­засы жақсы дамыған. Мұның бәрі шетелдік өндірушіге біздің азық түлікпен салыстырғанда төмен, өзіндік құнға қол жеткізуге мүмкін­дік береді. Мұн­дай жағдайда ашық нарық игілік болып саналмайды. Өйткені ол отан­дық кәсіпорынды өз елінде тауарын өткізуден айырады. Сөйтіп, сала­ны іс жүзінде толық дерлік жоя­ды. Осыдан барып елдің азық-түлік қауіпсіздігі қыл үстіне шығады. Жер­гі­лікті кәсіп­керлер қатысқан дөңге­лек үстел­де Қазақстан ЕАЭО шеңбе­рінде мемлекеттік қолдау мен баға белгі­леудің тең шарттарын қатаң қор­ғап, өз өндірушісін қолдауы шарт екені айтыл­ды.

«МолКом Павлодар» ЖШС директоры Виталий Михайловтың айтуынша, нарықтағы арзан импорт қысымының арқасында оның кәсіпорны тауар ассортиментін қысқартуға мәжбүр болған.

«Өткен жылдан бастап біз ассор­ти­ментті қысқартуға мәжбүрміз. Қазір 90-ға жуық өніміміз бар. Бірақ сауда желісіне келгенде бізге сөре­лерден 15 сантиметр ғана орын беріледі. Қосымша сауда алаңы­на ақы төлеуді талап етеді. Бізде ондай көп ресурс жоқ қой. Ресей­лік бәсекелестің тауар бағасы төмен. Олар үлкен және қуатты. Сауда желілерінде сөре үшін ғана төлейді. Сондықтан сауда үшін үлкен аумақты алады. Енді ашық нарықта импорттық өнімдермен тең дәрежеде даму және бәсеке­лесу үшін отандық өндірушіге қосымша мол ресурс керек», деді В.Михайлов.

Кәсіпкер Ресейдің іргелес ай­мақ­тарының нарығында осыған ұқ­сас азық-түлік өнімдерінің бөлшек сауда бағасы бізге қарағанда 20-30%-ға төмен екенін алға тартты. Бұл – Ресей билігінің тамақ өнеркәсібінде жүзеге асыратын нақ­ты мемлекеттік қолдауының нәти­жесі. Сондықтан отандық тамақ өнер­кәсібі ішкі нарықта ресей­ліктерге бәсекелестіктен жеңіліп отыр.

Сала өкілдері қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында елдің азық-түлік қауіпсіздігіне кепілдік беру керек деген пікірге тоқтады. Мыса­лы, келешекте Ресей Қазақ­станға қазір әкеліп жүрген өнім көлемін жеткізе алмаса не болады? Елдің кейбір өңіріндегі сау­да сөрелерінде ресейлік азық-тү­ліктің үлесі 80% немесе одан да көп екенін ескерсек, оның салдары әлеуметтік жарылысқа әкелуі ықтимал. Сондықтан нарықты реттеу, отандық өндіруші үшін басым жағдай жасау – кезек күттірмейтін шаруа. Сөйтіп, өз өндірушімізді ЕАЭО-ның басқа елінен төмен емес деңгейде қолдау қажет.

«Еліміз өңірдің жетекші агро­ө­нер­кәсіптік алпауыты болу мақ­сатын алға қойып отыр. Табиғи мүмкіндіктерімізді ескерсек, бұл жоспарды жүзеге асыруға болады. Алайда оны жүзеге асыру үшін саланы жүйелі, жан-жақты, мұ­қият қолдау қажет. Отандық өнді­рушілер жеткілікті қаражат тауып, оны өз өндірісін жаңғыртуға және кеңейтуге салуы қажет. Осы мақ­сатта біз жаңа заң дайындап жатырмыз. Біз еліміз­дің азық-түлік қауіп­сіздігін нығайту үшін кез келген жағдайда отандық өнімге басымдық берілуге тиіс деп санаймыз», деді Мәжілістің Аграр­лық мәселелер жөніндегі коми­тетінің мүшесі, депутат Нұржан Әшімбетов. 

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 3 су арнасы жөндеуден өтеді

Аймақтар • 04 Қазан, 2024

Нарықта мұнай бағасы шарықтады

Экономика • 04 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

Референдум 2024 • 04 Қазан, 2024

Терраса тақтасы

Ғылым • 04 Қазан, 2024