Оқиға • 14 Тамыз, 2024

Бәсіренің мәні неде?

210 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ол кезде бәсіренің не екенін білген жоқпыз. Ат жалын тарта бас­тағанымда атам маған тай атағаны есімде. Атқа енді-енді оты­рып үйренген кезім, үлкен­дер ересектеу бір балаға үйреттіріп, құнан ке­зінде біраз қызығына батқанбыз.

Бәсіренің мәні неде?

Суретті түсірген – Сәрсенбек Қызайбекұлы

Тоқсаныншы жыл­дар­дың басында ауыл ішінде тай, құ­нан жарыстары көп өтетін. Үлкен­дер қара жарыс дейтін. Жан-жақтан таңдаулы тай-құнандар келмеген соң, бәйге деуді ар санап, қара жарыс атаса керек. Мәселен, басқа бір жерде жариялы бәйге өтетін болса, ауылда ат жарататындар (баптайтындар) күні бұрын өз араларын­да қара жарыс ұйымдастырып, сәйгүліктерінің әуселесін бір байқап алады. Ел ішіне ше­телдің ұзын аяқ, «таза қанды» тұлпар-сымақтары келмеген, бәйге атаулы бүгінгідей бизнеске айналмаған, жануарлар «дозировка», допингсіз жүгіретін уақыттың соңы еді бұл. 

Сондай қара жарыстың бірін­де атам тайында мінгіз­ген құнаным бірінші келіп, «қырып» кете жаздағаным бар. Көрші ауылға құнан жа­рысқа қосуға апарарда үйдің іші тоқымқағар жасап, сұмдық болған. Мұның бәрі ұмытыла бастаған қазір. Кейін ол құнан ат болды, біз де қылқұйрық­ты таңдап мінуге жарағанда, жұмсалып кетті. Бірақ ең алғаш тақымым тиген сол тай менің бәсірем екенін жоғары сыныпта оқып жүргенімде бір-ақ білдім. Қателеспесем, «Қа­зақ­тың би-шешендері» атты кітабынан болуы керек. «Қазыбектің алғырлық, әділдік қасиеті жеті жасынан-ақ көзге түсе бастапты деседі аңыз. Ертеде ас беріліп, бәйгеден бір Құлақасқа жүз аттың алдында келеді. Аста жүрген бір жігіт: «Мынау менің тай күнінде жоғалтқан бәсірем», деп жүзден озған жүйрікке таласа кетеді. Бәйгеге қосқан иесі: «Өзімнің құла биемнен туған атым», деп жеңістік бермейді. Осыдан дау шығады. Атқа таласқан екеуін көпшілік Келдібекке әкелсе, би дағдарып қалыпты. Сонда әкесінің жанында отырған Қазыбек екі даугерге қарап, дәлелдерін сұрапты. Жүйрікті бәйгеге қосқан кісі: «Енесін көрсем, одан туған төлді дәл тауып айтамын», депті. «Тай күнінде жоғалтқан бәсірем» деген жігіт: «Енесін көріп төлін, төлін көріп енесін танимын», деп ол да қиылыпты.

Бала Қазыбек көгендеулі тұрған қозы-лақтан екі қозы алғызып, «өріске барып, осы екі қозының енесін танып әкеліңдер?», деп бұйырады.

Екеуі өріске барып, екі саулық қойды әкеледі. Енесіне салдырса, ат қосқан жігіттің әкелген саулығы қозыны алмайды, қозы да жеріп қаша­ды. Ал «тайында жоғалтқан бәсі­рем» деген жігіт қозысын саулыққа салса, енесі еміре­ніп, емізіп тұра қалады. Жеті жасар Қазыбек сонда: «Қане жұрт­шылық, бұған сіздер қалай қарайсыздар?», дегенде төңіректе тұрғандар:

«Бала дәл шешім айтты, ата­сына рахмет, бәйге құла тай күнінде жоғалтқан жігіттікі», десіп тарапты. Бәсіре туралы ертеден қалған осындай аңыз бар. Бала күні мінген бәсіре естен кете ме, сірә? Журналист Байқал Байәділ бұл туралы: «Бәсіре – халқымыздың ғажап салты. Шаңырағын шаттыққа бөлеп, мынау жарық дүниеге ұл келгенде, дәл сол мезетте төлдеген құлынды бәсіре етіп атайды екен. Ілкідегі ұғым бо­йынша нәрестенің болаша­ғы да бәсіре құлыншақпен ты­ғыз байланысты. Әрідегі қазақ менің соғым сойғыш атам құсап бәсірені соймаған, сат­паған», дейді.

Қазір ше? Бүгінде бәсіре атайтын, мінгізетін салт-дәстүр қалды ма ел арасында? Бәсіреге құлын байлап, тай атамаса да, қалалықтар басқа нәрсемен орнын алмастырған шығар мүмкін? Біз білсек, қазақ даласында бәсіресіз бала болма­ған. Реті келгенде еске салып, бір жаңғыртып қойғанды жөн көрдік.