
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, жоғарыда аталған санаттағы отбасы балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім ұйымы басшысының атына баланың ата-анасы немесе заңды өкілдері өтініш беруге тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек. Бүгінде аудандарда акция аясындағы іс-шаралар басталып та кетті. Мысалы, Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы шеңберінде көтерме бағада мектепке қажетті заттардың жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде ұсынылған мектепке қажетті киім мен құрал-жабдықтар сауда орталықтары мен базар бағасынан едәуір арзан бағада, мысалы жейделер 2 мың теңгеден, спорттық аяқкиім мен туфлилер 2–5 мың теңгенің арасында, 12 парақтық дәптерлер – 10 теңге, сөмкелер 3–5 мың теңгеден саудаланды.
Бұл – жәрмеңкедегі баға. Ал түркістандық ата-аналардың айтуынша, бірінші сыныпқа баратын ұл баланы кем дегенде 37000 теңгеге бастан-аяқ киіндіре аласыз. Облыс орталығындағы сауда орындарында бірінші сыныпқа баратын ұл баланың жейдесі 2–4 мың теңге, мектеп формасы – 7–9 мың, аяқкиімі – 10–15 мың, спорттық костюм 8 мыңнан басталып, сапасына қарай 13 мың теңгеге дейін сатылып жатыр. Спорттық аяқкиімнің бағасы 10–12 мың теңге аралығында. Бастауыш сыныпта оқитын қыз баланы киіндіру кем дегенде 43500 теңгеге түседі екен. Дәптер-қаламын қоспағанда. Балаға қажетті қағаз-қаламды есептеп, барынша үнемдік жағын ескерген, дүкендердің әлеуметтік желідегі парақшаларын қарап-зерттеп, арзан жерден алған ата-аналар әр балаға – 60 мың теңгеден жұмсағанын айтады. Ал кеңсе тауарларын сатушылардың айтуынша, бір балаға сөмкемен қосқанда бағасы орташа заттар алатын болса 10–12 мың теңгеден болып жатыр. Кіл қымбат, сапасы жоғарысын алатындарға жиынтық – 17 000 теңгеден айналады. Сауда орындарында ұсынылатын киімдер мен керекті заттардың бағалары, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін қымбат көрінері анық. Яғни «Жақсылық жаса» ұранымен өткізілетін акция аясында өңір кәсіпкерлері, меценаттар және өзге де азаматтардың қолдау білдіруі маңызды.
Игі істен шет қалмаған облыстық Жастар ресурстық орталығы да «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды. Акция аясында 17 аудан, қаладан келген 8–14 жас аралығындағы 100-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған сөмкелер берілді.
Түркістан облысы