Мәдениет • Бүгін, 10:41

«Музей түні»: Ұлттық орталық музейге бір түнде 17 мың адам барды

8 мин
оқу үшін

Мәдени кеңістігімізде ширек ғасырға жуық көрерменге қуаныш сыйлап келе жатқан «Музей түні» акциясы Алматыдағы Ұлттық орталық музейде биыл ерекше форматта өрбіді. Мазмұны бай мәдени жоба алғаш қанат қаққан тағылым ордасы шаһар тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас мереке сыйлап, тарих пен дәстүр дәріптелген шараға 17 мыңнан астам көрермен қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Музей түні»: Ұлттық орталық музейге бір түнде 17 мың адам барды

Бұл түні Алматы аспаны самаладай жарқырап, музей алаңқайына тігілген сәнді сахна тәлімді кештің салтанатын асырды. Биыл ғасырлық тойы атап өтілетін М.Әуезов атындағы әкемтеатрдың белді артистері жұрт жүрегіндегі жауһар қойылымдардан үзінділер паш етіп, дәстүрлі ән мен эстрада саңлақтары жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал музейдің экспозициялық залдарында бірнеше көрменің тұсауы кесілді. 

Биылғы акцияның тақырыбы – «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер» деп аталғанын ескерсек, ұсынылған көрмелер де бірнеше бағытты қатар қамтыды. Мәселен, Ұлттық орталық музейдің кілемдер коллекциясынан жинақталған «Масатыдай құлпырған» кілем көрмесінде еліміздің әр өңірінде тоқылған қалы және тақыр кілемдер, тұскілемдер, сондай-ақ шағын көлемді тоқыма бұйымдары ұсынылды. Экспонаттардың ішінде алтын жіппен зерленіп, бағалы аң терісімен көмкерілген түскиіз ерекше назар аудартады. Әсіресе мұндағы ең құнды жәдігерлердің бірі – Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қалпына келтірілген үлкен қалы кілем. Бұл туынды Ахмет Йассауи кесенесі қорында сақталған көне кілем жұрнағының негізінде Алматы кілем фабрикасы шеберлері тарапынан қайта тоқылған. «Сыр кілемі» немесе «қоңырат кілем» деп аталатын бұл кілемнің ені 3, ұзындығы 10 метрді құрайды. Музейдің Қор сақтау бөлімінің жетекшісі Үміт Әшімова музей қорында ХХ ғасырдың басынан сақталған 300-ден астам кілем мен тоқыма бұйымдардан тұратын бай коллекция жинақталғанын айтады.

л

Музей жыл сайын осы атаулы күн аясында өз қорында сақталған сирек әрі раритетті музей жәдігерлерін көпшілік назарына ұсынуды игі дәстүрге айналдырған. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, «Бірегей..!» деген атаумен айрықша көрме ұсынылды. Көрмеде хронологиялық аясы XII ғасырдан бастау алатын, бағалы металдардан жасалған және гауһар тастармен көмкерілген антикварлық бұйымдар, сағаттар мен шамдалдар коллекциясы қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан, Германия, Англия, Франция және Ресейдегі Императорлық фарфор зауыты өндірген керамика және фарфор бұйымдар экспозициядан орын алған. Мұндағы ерекше жәдігерлердің қатарында тұңғыс шаманының киімі мен ғұрыптық атрибуттарын, даңқты қылқалам шеберлерінің көркем туындыларын атауға болады.   

«Төсбелгілердегі тарихи-деректік көріністер» көрмесінде әр кезеңдегі спорт, білім, мәдениет және қоғамдық өмірге қатысты төсбелгілер, марапат белгілері мен естелік наградалар ұсынылды. Ұлттық орталық музейдің Музейлік деректану және кітапхана бөлімінің жетекшісі Жасұлан Белтеновтің айтуынша, күні бүгін музей қорында 12 103 сақтам бірлік фалеристикалық материал сақталған болса, оның 3600-ден астамын төсбелгілер құрайды. Олардың ішінде есімі ұлт тарихында алтын әріппен әдіптелетін көрнекті тұлғаларға тиесілі наградалар маңызды мәнге ие.    

л

Музейдің ең көрнекі жеріне орналасқан «Ұлттың үнбайрағы» мерейтойлық көрмесі биыл әуе толқынына тарағанына 105 жыл толған «Қазақ радиосы» мен «Шалқар ұлттық радиосының» 60 жылдығына арналды. Көрмеде радио тарихына қатысты архивтік құжаттар, фотоматериалдар, тарихи дыбыс жазбалары, техникалық құрылғылар, сондай-ақ белгілі дикторлардың жеке заттары ұсынылды. Көрме аясында «Жұлдызды гид» жобасы ұйымдастырылып, «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының ардагерлері Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, белгілі радиожурналист Бақыт Жағыпарұлы экскурсия жүргізді. Тағы бір ерекшелігі келушілер Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Әнуарбек Байжанбаев және Мұқағали Мақатаевтың «Алтын қорда» сақталған бірегей дауыстарын тыңдап, өткен дәуірдің шынайы үнін сезіне алды.

«Экспозициядағы ерекше жәдігерлердің қатарында Қазақ радиосының қалыптасуына зор үлес қосқан алғашқы дикторлардың бірі – Тамты Ибрагимоваға тиесілі мұралар бар. Ол 1931 жылы республикалық радио комитетінде дикторлық қызметін бастап, Ұлы Отан соғысы жылдары госпитальда жаралыларға көмек көрсеткен. Бүгінде Ұлттық орталық музей қорында оған қатысты 50-ге жуық жәдігер сақталған», дейді Бақыт Жағыпарұлы.

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойына орай театр музейі қорынан алынған «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесі де келушілерге ерекше әсер сыйлады. Көрмеде театрдың 1917-1930 жылдардағы қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі бай тарихы қамтылған. Экспозиция арқылы қазақ кәсіби театрының қалыптасуы, алғашқы сахналық қойылымдар, ұлттық театр өнерінің туу кезеңі, қазақ зиялыларының театр мәдениетін дамытудағы рөлі, алғашқы актерлік құрам мен тарихи спектакльдер туралы тың мәліметтер алуға болады.

«Құнды экспонаттар қатарында 1958 жылы «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекованың Ақтоқты рөлінде киген сахналық киімі, сондай-ақ Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Асанәлі Әшімов секілді сахна саңлақтары киген тарихи шапандар бар. Атақты спектакльдердің афишалары, көрнекті актерлер мен режиссерлердің жеке заттары мен қолжазбаларын, мемлекеттік марапаттарын арнайы әкеліп отырмыз», дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.  

Еліміздің бірнеше өңірінен келген қылқалам шеберлерінің қолтаңбасын бір арнаға тоғыстырған «Азия өнері» көркем өнер көрмесінде кескіндеме, графика, қолданбалы өнер және мүсін өнерінің үздік туындылары көрсетілді.

л

«Музейге сый» акциясы аясында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова музыкалық аспаптары мен сахналық костюмдерін музей қорына сыйға тартты. Сонымен қатар, XVI Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Теміржан Дәулет спорттық жетістіктеріне қатысты құнды заттарын Ұлттық орталық музей қорына табыстады.

Ә.Қастеев музейіне бір түнде 15 мыңнан астам адам барды

Музей қонақтары «Жанды музей» форматындағы театрландырылған экскурсия кезінде Алтын адам, Томирис, бақсылар, қазақ хандары, Алдар көсе секілді тарихи кейіпкерлермен жүздессе, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры актерлері аңыз-ертегі кейіпкерлері бейнесінде ерекше ауан қалыптастырды.

л

Музей залдарында квест, квиз ойындары ұйымдастырылып, кілем тоқу, шым ши тоқу, сырғалақ тоқу, саз балшықтан құмыра жасау, киіз басу және тоғызқұмалақ ойыны бойынша шеберлік сабақтары өтті.

 – «Музей түні» жобасы көрерменді тамашалаушы деңгейінде қалдырмай, оны тарихпен тілдестіріп, ұлттық мұраның терең қатпарларына үңілуге жетелейді. Әрбір экспозиция, әрбір қойылым – ұлт жадының бір бөлшегі ретінде ой салып, келушінің таным көкжиегін кеңейтеді. Дәстүр сабақтастығын, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жаңа мазмұнда ұсынуға күш салдық. Сондықтан бұл жобаны тек бір реттік акция деп емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын, ойлы көрермен қалыптастыратын маңызды мәдени құбылыс ретінде бағалау орынды, – дейді Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров.

Халықаралық музей күні аясында Астанада «Леонардо да Винчи» халықаралық көрмесі таныстырылды

Соңғы жаңалықтар