Энергетика • 20 Тамыз, 2024

Бейбіт атомның берері мол

112 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елде атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бас­тама көтерді. Бүгінде бұл бастама ел көлемінде кеңінен талқыланып жатыр. Электр энергиясының негіз­гі тұты­нушылары – ірі өндіріс­тік кәсіпорындар. Олар бар­лық қолданыстағы тұтыну­шы­лардың 70%-ын құрайды. Жақын арада саны тағы арт­пақ. Сон­дықтан өнеркәсіптік кәсіп­оры­ндарды базалық электр энергия­сы деп аталатын қуат көздері­мен тұрақты, тәулік бойы қам­тамасыз ету қажет. Мұн­дай қуат көздеріне жылу электр және атом электр стансалары кіреді.

Бейбіт атомның берері мол

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ірі өндіріске үлкен энергетикалық база керек

Елде өндірілетін электр энергиясының 80%-ға жуығын ірі және кіші өндіріс ошақтары тұтынатын болғандықтан, таяуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарластық. Аталған құрылымның Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушевтің айтуынша, кәсіпкерлер қауымы ел дамуында электр энергиясымен қамтудың маңызды мәселе екенін түсініп отыр.

«Энергетикалық қауіпсіздік – кез келген елдің тұрақты дамуының негізгі құрамдас бөлігі. Елімізде мұнай, табиғи газ және көмірдің қомақты қоры бар екеніне қарамастан, тұрақты экономикалық және экологиялық даму ісі ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары энергетикалық жүйенің сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді көзқарасты талап ететін бірқатар міндетке тап болдық. Әсіресе өндірістік кәсіпорындарды электр қуатымен тұрақты түрде тәулік бойы қамтамасыз ете алмай қалсақ, ел экономикасының ілгерілеуі үлкен тежелуге тап болары анық», дейді «Атамекен» ҰКП өкілі.

Тұтынудың ұлғаюын ескеріп, елді энергиямен тұрақты қам­тамасыз ету үшін электр энергиясын өндірудің жаңа негізгі көзін енгізу қажет. Көміртегі бейтараптығына қолжеткізу жө­ніндегі жаһандық күш-жігер аясында халықаралық қаржы институттары көмір электр стансалары жобаларын қаржыландырудан бас тартып жатыр. Сол себепті, көмір энергиясын негізгі көз ретінде пайдалану мүмкіндігі шектеулі. Республикадағы табиғи газ қорының мөлшері де дамушы елімізді ұзақмерзімді стратегиялық мақсатта қанағат­тандыра алмай тұр. Бұл ретте газ энергетикасын ауқымды дамыту қиын.

вап

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жаңғырмалы энергия көздері, кейбір артықшылық­қа қарамастан, жел мен күннің дәйім болмауынан жұмыс­тың болжаусыздығына байла­нысты тұрақты және негізгі генерация көзі бола алмайды. Осы олқылықты қаперге алсақ, энер­гетика секторындағы тех­нологияның қазіргі даму дең­гейінде атом энергетикасы жоғал­ған энергия қуатын ауыс­тырудың ең тиімді шешімі болып көрінеді.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік – МАГАТЭ мәліметі бойынша, қазір 31 елде жалпы қуаты 375,6 ГВт болатын 415 атомдық энергоблок жұмыс істейді. Осы шақта 15 елде 58 реактор салынып жатыр. Атом энергиясының маңызды қуаты бар елдер – АҚШ (94 реактор), Франция (56 реактор), Қытай (56 реактор), Ресей (37 реактор), Оңтүстік Корея (26 реактор) және Жапония (12 реактор).

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қазір елімізде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Атом электр стансасын салуға ең қолайлы аумақ – Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының аумағы. Ондағы халыққа түсіндіру жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Жақсының парқын дұрыс айыр­ған жергілікті тұрғындар АЭС құрылысына қарсы емес. Өйткені елімізде апат қаупін барынша азайтатын, қауіпсіздіктің барлық талабына жауап беретін соңғы жетістіктер мен әзірлемелерді пайдаланатын, қуаттылығы 2 800 МВт-ға дейінгі жаңа буын III немесе III+ атом электр стансасын салу қарастырылып отыр», деді «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі – белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі. Олар стансаны сыртқы және ішкі әсерлерге барынша төзімді етеді. Біздің елде құрылысы қарастырылып жатқан барлық реактор екі контурлы болып саналады. Онда су бастапқы контурда, ядромен тікелей байланыста айналады. Бастапқы контурдағы судың жылуы онымен жанаспастан екінші контурдағы суға беріледі. Бұл жағдайда турбина реактордың екінші контурында пайда болған бумен қозғалады.

Жалпы, атом электр стансасында су шығарылған бу конденсацияланатын және қайтадан пайдаланылатын жабық жүйеде айналады. Егер атом электр стансасы Балқаш көлі жағасында орналасса судың қайтымсыз ысыраптары көл бетіндегі судың табиғи булануынан болатын ысыраппен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады.

Ядролық технологияларды жеткізушілер ұсынған деректерге сәйкес екі блокты атом электр стансасын пайдалану кезінде судың қайтымсыз жоғалуы (булануы) шамамен жылына 63 млн текше метрді құрайды. Бұл көлдің жалпы булануының 0,32%-ына тең. Балқаштағы судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд текше метрге тең. Бұл да атом электр стансасын салқындату үшін қажетті көлемнен айтар­лық­тай көп. Сондықтан АЭС көл көлеміне іс жүзінде түк те әсер етпейді.

 

Отандық мамандар атом отынын толық меңгерген

АЭС-ті салу кезінде кемінде 10 мың жұмыс орны ашылады. Ал оны пайдалану мен жөндеу кезеңдерінде 2 мыңға дейін тұрақты қызмет орны құрылады. Бүгінде 1 000-нан астам отандық құрылысшылар мен инженерлер Түркия мен Бангладештегі АЭС жобаларында жұмыс істеп жүр.

АЭС-ті пайдалануға жеткі­лікті кадрлық әлеуетіміз бар дейді сарапшылар. Қазір атом саласында 20 мыңнан астам адам, оның ішінде негізгі өн­дірістік персоналдың 15 мыңы жұмыспен қамтылғанын ескеру қажет. Көптеген маман «Ұлттық ядролық орталық» пен «Ядролық физика институтында» жұмыс істейді. Ол жерде ондаған жыл бойы атом реакторлары табысты пайдаланылып келеді. Ядролық энергетика­лық қондырғының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әлемдік дең­гейдегі жұмыстар атқарылып жатыр. Оның нәтижелері Жа­понияда, Францияда және біздің ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын басқа елдерде атом электр стансаларының бірқатар инновациялық жобаларында ескеріледі.

«2010 жылдан бастап осы уа­қытқа дейін жоғары оқу орындарында 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор маманы даярланды. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы және бөлшектер физикасы», «Техникалық физика. Атом электр стансалары мен қондырғылары», «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман білім алды. «Ұлттық ядролық орталығы» РМК базасында жыл сайын 120-дан астам студент үшін практика ұйымдастырылады. Оқу-ақпараттық орталығы негізін­де радиациялық қауіпсіздік саласын­дағы мамандарды оқыту жүр­гізіледі. Кадрларды даярлау­дың ауқымды бағдарламасы Алматыдағы «Ядролық физика институтында» жүзеге асырылып жатыр. Екі ядролық энер­гетикалық блогі бар АЭС пайдалану үшін әртүрлі мамандықтағы 2 000-ға жуық адам қажет. Оның шамамен 20%-ы ядролық қон­дырғыларға қатысты. Стан­саның операциялық персона­лын арнайы даярлау АЭС құ­ры­лысы басталғаннан кейін бір­ден қолға алынады. Бұл – вендор нысандарының базасында өткізілетін АЭС реакторлары­ның таңдалған түріндегі оқыту және прак­тикалық тағылымдама. Жал­пы алғанда, еліміз атом электр стансасын салу үшін ғана емес, оны сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін де қажетті кадрлық әлеуетке ие», дейді Т.Жантикин.

 

АЭС-тің тағы бір пайдасы бар

Бейбіт атом экономиканың өсуін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты салалардың дамуына ықпал етеді. АЭС-ті салу кезіндегі 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын құратыны және адам қызметінің басқа да көптеген бағытын дамытатыны белгілі. Әртүрлі ауруды диагностикалау және емдеу үшін қолданылатын ядролық медицина да солардың қатарында. Жұрттың бәрі білетіндей, ядро­лық медицина организмді зерттеу үшін изотоптарды пайдаланады. Ал оның тағы бір түрі – радиациялық терапия. Ол рак клет­каларын нысанаға алу және жою үшін радиацияны қол­дану арқылы қатерлі ісіктің белгілі бір түрлерін емдеу үшін қолданылады.

«Атом ауыл шаруашылығында да кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, саладағы экспорт көлемін арттыруға көмектеседі. Жеткізу тізбегіне және АЭС құрылысына жергілікті шағын және орта бизнес компанияларын қосу құрылыс, машина жасау, құрылыс материалдары мен мамандандырылған құрал-жабдықтар өндірісі сияқты отандық индустрия мен инфра­құрылымның, қызмет көрсету секторын ынталандыратыны сөзсіз», деді Ж.Хайрушев.

Атом энергетикасының дамуы ғылыми зерттеулердің, отандық ғылымның өсуіне де ықпал еді. Оған қоса, отандық ғылым мен білімнің дамуына оң мультипликативті әсер етіп, жоғары технологиялық, білімді қажет ететін технологиялардың жедел дамуына әсер берері сөзсіз.

 

Жұмыртқадай ядролық отын 88 мың тонна көмірге тең

МАГАТЭ мәліметіне қара­ғанда, дүние жүзінде атом электр стансалары жұмыс істеген барлық кезеңде (1954 жылдан бас­тап) пайдаланылған ядро­лық отын қалдықтары бар-жоғы 370 мың тонна ғана жиналған. Ал біздің елде (әлем бойынша емес) көмірді жағу кезінде күл және шлак қоспаларының бір жылдық шығымының өзі шамамен 19 млн тоннаны құрайды. Жұмыртқадай ядролық отын беретін электр қуатын 88 мың тонна көмірден әрең алуға болады. Сонымен бірге АЭС-те пайдаланылған ядролық отынды толығымен қалдық деуге болмайды. Өйткені әлем бо­йынша жиналған 370 мың тонна «қалдықтың» 120 мың тоннадан астамы (пайдаланылған ядролық отынның жалпы жинақталған көлемінің 32,4%-ы) қазірдің өзін­де қайта өңделді. Атап айт­қан­да, «MOX» отыны (құрамын­да бөлінетін материалдардың бірнеше оксидтері бар ядролық отын) түрінде қайта пайдалану мақсатында.

Мұндай жабық ядролық отын циклі атом өнеркәсібінің экологиялық тазалығын одан әрі жақсартудың жаңа келешегін ашады. Электр қуаты 1 000 МВт заманауи атом электр стансасында бар болғаны 50 текше метр радиоактивті қалдық жиналады. Бұл – қазіргі атом электр стансалары үшін 60 жылдан астам жұмыс істегенде бүкіл қызмет ету мерзімінде 50 теміржол вагонынан аспайтындай көлем.

Енді түпкілікті шешім халықтың осы маңызды мәселеге қатысты таңдауын айқындай­тын алдағы референдум­ның нәтижесіне байланыс­ты.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше