Пікір • 21 Тамыз, 2024

Қаралы үй қонақ шақырмайды...

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Дүние­танымымызға жат мәде­ниеттерге көзсіз елік­теуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дара­қы­лықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қара­май, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұр­лаусыз заманда өмір сүріп жат­қан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды», деген еді.

Расында да, Мемлекет басшысы айтқан даңғойлық пен дарақылық торқалы той түгіл, топырақты өлім жөнелту кезінде де тыйылмай тұр. Соның бір айғағы – кей өңірлер мен елордада қаралы үйдің қонақасы беруі бұқаралық ақпарат құралдарында көптен бері сыналып жүрсе де, әлі күнге жалғасып келе жатқандығы.

Жуырда Астана қаласында қылшылдаған қырық жасында кенеттен қыршынынан қиылған азаматтың жанында жүрген дос-жарандары қаралы үйдің атынан үлкен мешітте 150 адамға қонақасы бергізгенін естідік. Оған марқұмның туысқандары бір жылқы сойып әкелгенін айтпағанда, дастарқанға қойылған тәтті тағамдар, сусындар мен жеміс-жидек үшін қара жамылған жесір әйелдің жан басына 9 мың теңгеден төлеуіне тура келіпті. Ертеңіне қайтыс болған жұбайының рухына бағышталып берілген асқа жақындары тағы бір жылқы сойғанына қоса, дұғаға жиналған 300 адамның әрқайсысы үшін 7 мың теңгеден төлеген. Қазекемнің «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген ертеден келе жатқан ащы сөзі осындайда айтылса керек.

Шынтуайтында, кісісі қайтқан қаралы отбасы ешкімді қонаққа шақырмайды. Тек марқұмның алыс-жақын жердегі туыс­тары мен жора-жолдастарына хабар беріледі. Өлім шыққан үйде үш күнге дейін қазан көтеріліп, ас пісірілмейді деген қағиданы ұстанған кісілер өмірден өткен адамның отбасының қайғысына ортақтасып көңіл айтып, бата жасап, қандай да бір ауыртпалық түсірмеуге тырысады. Қалада болса – қонақүйге, ауылда болса – өзге ағайын мен көрші-қолаңның үйіне түседі.

Осы орайда қазір Астанада қаралы үй берген қонақасыға алыстан ат терлетіп келген туыстар мен дос-жарандар ғана емес, елордада тұрып жатқан адамдар да қатысатындығын біліп, қайран қалдық. Тіпті сондай қонақасыға жалғыз бармай, жұбайын қасына ерте баратындар да бар болып шықты. Мұны қалай түсінуге болады?..

Білуімізше, елімізде өздерінің ұлттық салт-дәстүрін берік ұстанған өзбек, ұйғыр және дүнген ағайындар кісісі өлген шаңырақтан үш күнге дейін дәм татпайды екен. Оларда қаралы үйдің есебінен қонақасы ішу деген мүлдем жоқ. Алыстан келген туыс-жекжатты дүниеден озған адамның көршілері мен жақындары өз үйлеріне шақырып, тамақ беріп, қондырады. Ал біз болсақ, қаралы үйдің қайғысына ортақтасудың орнына мал сойғызып, ет пісіртіп, дастарқан жайдырып, көңіл айтып келген адамдарға күні бойы шай бергіземіз. Сонда бір бөлмеде кісісі қайтқан адамдар жылап-сықтап жатса, келесі бөлмеде көңіл айта келген кісілер аштан келгендей апыл-ғұпыл ас ішіп, арасында ұсақ-түйекті әңгіме қылып отырады.

Әділі керек, кей жерлерде дүниеден озған адамды ақтық сапарға аттандыру кезінде қаралы үйге салмақ түсірмейтін көне дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Мәселен, Ақмола облысының Зеренді ауданындағы бірқатар қазақ аулын­да кісі қайтқан үйге алыс-жақыннан көңіл айтуға келген адамдарды көршілері өзара бөлісіп алып, үйлеріне шақырып, қонақ қылады. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» дегендей, олар ата-бабаларынан мирас болған осы сауапты істі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың қиын уақы­тында да жалғастыра білген екен. Ал Көкшетау қаласының зиялы қауымы жергілікті мешітпен ақылдаса келіп, кісі жерлеу рәсімінен кейін берілетін ас мәзірін шектеуді ұйғарған. Мешіт асханасына жиналған жамағатқа дастарқанға тек май, бауырсақ, нан, кәмпит қойып, шай беру жеткілікті деп ұйғарылған. Бұл қалада қаралы үй қонақасы да бермейді.

Түйіндей айтсақ, Қазақстан мұсыл­мандарының діни басқармасы кісісі өлген отбасының қонақасы беруіне қатысты бір пәтуа шығарғаны жөн сияқты.