Руханият • 21 Тамыз, 2024

Шанин театрының тарихын қайта зерттеу қажет

250 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Үшінші мегаполистегі Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының және қалалық орыс драма театрының негізі қаланғанына биыл 95 жыл толды. Соңғысы бұл датаны, яғни 95 жылдықты атап өтуге әзірлік үстінде. Ал қазақ академиялық драма театры әрі-сәрі күйде. Неге?

Шанин театрының тарихын қайта зерттеу қажет

Оңтүстікте қазақ театры қай жылы құрылды?

Кеңестік дәуірден қалған дерек­тер бойынша қазақ театр өнері қара­шаңырақтарының бірі – Жұмат Ша­нин атындағы Шымкент қалалық ака­демиялық қазақ драма театры 1934 жы­лы құрылған. Яғни театрдың биыл 90 жылдығы атап өтілуі тиіс. Алайда театр тарихына тереңірек үңіліп, мұ­рағат құжаттарын парақтаған қызмет­кер­лердің өз айтары бар. Олар арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілсе, театр­дың құрылғанына 95 жыл толғанын дәлел­деуге болатынын мәлімдеп отыр. Дерек­терде еліміздің оңтүстігінде халықты театр өнерімен таныстыру арқылы олар­дың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында 1929 жылы 1 қарашада алғашқы театр маусы­мы ашыл­ғаны айтылады. «Сол заманда театр ре­п­ертуары революциялық қозғалыс та­рихы, қызыл әскер, флот өмірі мен тұрмысы, батыс пен шығыстағы таптық күрес сияқты тақы­рыптарды қамтыған. Театрдың бас­тапқы көркемдік жетекшісі мен бас режиссері М.В.Раздолин болды», дейді қалалық орыс драма театрының директоры И.Вербицкий баспасөзге берген сұхбатында. Осылайша, орыс драма театры бірінші маусым ашылған датаны негіздеп тұр.

Қазағы қалың өңірде бір ғана театр жұ­мыс істеп, жергілікті жұрт 1929 жыл­дан бергі бес жыл бойы тек орыс дра­ма театрының қойылымдарын тама­ша­лады деу де мүлдем қисынға кел­мей­ді. Жергілікті өнерсүйер қауым өңір халқына қатар қызмет көрсетіп келе жат­қан мәдениет ордаларының бірі қа­зақ драма театрының құрылғанына – 90, екін­шісіне, яғни орыс театрына 95 жыл тол­ған сәйкессіздікке түсінбей, қазағы қалың өңірде ұлт өнерінің кенжелеп қалуы мүм­кін еместігін айтады. Демек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ театрының қай жылы құрылғанын анық­тап, жылнаманы жаңғырту өңір тұрғындары үшін де маңызды мәселе.

Өнер ордасының тарихын терең зерделеп, зерттеп, мұрағат деректеріне сүйенген мамандар Шымкентте театр өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары құрылғанын айтады. Архивті ақтарған мамандардың мәлімдеуінше, еліміздің мәдениет тарихында ерекше орын алатын театр өнерінің қалып­тасуына Омбыда 1865 жылы қалалық театрдың ашылуы ықпал еткен. XIX ғасыр­дың екінші жартысында бұл театр­дың даңқы жайылып, оның сахнасы­на Батыс пен орыс классиктерінің шығар­малары қойылады. Ал қаланың өзі бол­са, өнер мен білімге ұмтылған қа­зақ жастарының төңкеріске дейін топтасқан белгілі орталығы болды. Ғалым, демократ-ағартушы Шоқан Уәлихановтан басталып, онан кейінгі кезеңдерге дейін қазақ жастарының білім алып, мәдениетке араласуы осы қаламен тығыз байланысты. Солардың ішінде Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақовпен бірге, білім мен мәдениетке ұмтылған Жұмат Шанин де осы қалада болып, әрі оқып, әрі қызмет істеген. Қазақ жастарының басын қосып, өнер мен мәдениетке баулыған «Бірлік» ұйымы да осы Омбыда ашылған. Сол уақытта қызметте немесе оқуда болған халқымыздың ардақты ұлдарының театр өмірімен таныс болуы шығармашылық тұрғыда тез жетіліп, қалыптасуына себеп болғаны даусыз.

«Қазақтың ұлттық театрын ұйым­дастыру мәселесі ел ішінде дала театры деп атауға әбден лайық халық өнері­нің сан қилы түрлері дамып, жетіл­ген тұста көтерілуі табиғи құбылыс. Қазақ­тың кең даласының әр түкпірінде тұң­ғыш әуесқойлық қойылымдар мен драма­тургиялық шығармалардың тууы осы халық шығармашылығының көр­кемдік құдіреті. Оңтүстік Қазақстанда да ойын-сауық, көркемөнерпаз үйірмелері жедел дамыды. Олардың репертуарлары шағын пьесалар мен ән-күй, көркемсөз, еңбекшілер ұранына құрастырылған. Зерттеушілер деректерінде төңкерістен бұрынғы қазақтың көшпелі өміріне, сая­си теңсіздігіне қарамай, халқымыздың азды-көпті оқыған жастары өнердің жаңа түрі – театр өнерін жасаудағы алғашқы қадамдарын бастағаны айтылады. Бұрын бірлі жарым әдеби кештерде домбыра тартып, ән салумен шектеліп келген қазақ жастары ұлттық ойын, ақындар айтысын, дастандарды сахнаға бейімдеп көрсетуге кіріседі. Көркем үйірмелер әдебиетіміздегі драматургия жанрының дамуына ұйытқы болды. Бұған кәсіби театрымыз құрылмай тұрған кездегі С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Шанин және басқалардың драмалық шығармалары дәлел. Көркем үйірме мен мәдени жұмыстарды жүргізетін «Қазақ жастары» атты ұйым Шымкентте сол заматта шыққан. Жиырмасыншы жылдары Шымкент жастары мәдени-бұқаралық жұмыстардың алуан түрін өрістетті, «Қызыл шайхана», Қызыл отау», «Қызыл арба», «Сауатсыздықты жою» сынды мәдени-көпшілік ағарту және үгіт-насихат жұмыстарының барлығы да драма труппаларының қатысуынсыз өткен емес. Мұрағаттық құжаттарды зерделеу барысында Черняев уезінің халық білім бөлімінің меңгерушісіне жазған рапортта Черняев театры әртістерінің жағдайы баяндалып, соңына театр режиссері қол қойған құжатты кездестірдік. Ол құжатта қандай қиын жағдай болса да, әртістердің халық алдына шығып, өз міндеттерін атқарғаны, суық күндерде, тар жерде грим жасап, халық алдында өнер көрсетіп, ауырып тұрса да спектакльдерді ойнап жүргені сынды басқа да проблемалары жазылған. Бұл 1920 жылғы жағдай. 1924-1925 жылдары Сырдария губерниясы Халықтық білім бөлімі қаулы жобасы берілген 86-87 беттерде Шымкент уезі мен қаладағы мекемелерді бөліп көрсетеді. Яғни Шымкент қаласында 1924-1925 жылдарғы ақпарат бойынша 2 театр жұмыс істеп тұр деп көрсетілген. 1924 жылы Автономиялық республикаларға жіберілген театр туралы ережелер Шымкент театрына да жолданған. Жалпы, архивтік деректерде театрдың сол 1924 жылдан бастап өңір­дің мәдени-ағарту жұмыстарына бел­сене араласқаны жөнінде көп айтыла­ды. 1928 жылы берілген жылдық есептің қалалық кино жұмысы бөлімінде: «Қыс­қы сезон үшінші қазанда басталды, қала­лық кино ғимаратында апта сайын қойы­лымдарды қазақ мемлекеттік театры қойып отырды», делінген. Сырдария окру­гінің Халықтық білім бөлімінің 1929 жылы 10 қыркүйекте өткізген жиналысы шешімінде «Мәдениет бөлімі облыстық Халықтық білім бөлімімен бірге тез арада қарап, мақсатты спектакльдерді сатып алуды ұйымдастырсын, қалалық театр тез арада қысқы сезон ашқанға дейін 1 ноябрьге дейін құрылысын істеп тапсырсын» деген деректі кездестірдік. Демек, театр маусымы 1929 жылы қарашада ашылған. Ал 1932 жылдың 21 маусымында Оңтүстік Қазақстан облыстық білім бөлімі жиналысының шешімі бойынша мақұлданған құжатта, жұмыс істеп тұрған Шымкенттегі қазақ мемлекеттік театрын нығайту үшін көмек ретінде облыстық бюджеттен 1000 рубль беру көрсетілген. Тізе берсек, театрдың жұмысы, әртістердің жағдайы, театрды нығайтуға берілген көмектер жөнінде дерек көп. Яғни бұл деректер Шымкентте театр 1924 жылы немесе 1929 жылы ашылғанын білдіреді. Мұны, әрине тарихшылар, өнер зерттеушілері түбегейлі анықтап, нақтылай түседі деген үміттеміз», дейді алдымызға Түркіс­тан об­лысы мемлекеттік архивінен алын­ған құ­жаттар көшірмесін жайып сал­ған Ж.Ша­нин атындағы Шымкент қала­лық ака­­д­е­миялық қазақ драма театры мұра­жайы­ның бөлім меңгерушісі Қымбат Молдиева.

Театрдың тарихын айқындай түсуге зиялы қауым, жергілікті билік өкілдері де мүдделі екендерін танытты. Осы орайда, қазақ драма театрының өткенін зерделе­ген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құ­ран­бек сәйкессіздікке мән беріп, даталар­ды нақтылай түсу, яғни 95 жылдығын атап өту жөнінде көпшілікке алғаш болып ой салғанын айта кетелік. Ұлтжанды аза­маттың бұл бастамасын өнерсүйер қауым қолдап отыр.

Театрға тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің есімі 1972 жылы берілді. Рухани азық көзі, әрбір жан өзіне керек дүниені таба алатын қазақ театрының құрылу, қалыптасу жолы жеңіл болмағаны мәлім. «Қазақ театрының қолға алған жұмысы үлкен, жүгі ауыр, жолы алыс. Алыс жолға талықпай-жалықпай же­ту үшін қажымайтын текежаумыт ат ке­рек. Жел өтіп, күнге күймейтін тон ке­­рек. Еңбекті егізім деп таныған, ақы­лын жігерімен жаныған азамат керек! Қазақ театры – ұядан қанат қағып, қалық­тап ұшқан балапан. Қанаты талмай қона­тұғын күй керек», депті Жұмат Шанин шымылдығын түргеніне 1 жыл ғана болған театр жайында. Бүгінде «еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азаматтардың» арқасында қазақ театры өсіп-өркендеп, дамып келеді. Ауыз толтыра айтар жетістігі, жаңашылдығы же­тер­лік. Көрермен қауым жуырда театр­дың көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалған Сұлтан Сраиловтың өнер ордасы жетістіктерін еселей түсетінінен үмітті. Астана қаласы әкімдігінің Қ.Қуа­­­ныш­баев атындағы мемлекеттік ака­де­­миялық қазақ музыкалық драма театры­ның директоры-көркемдік же­тек­шісі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, «Оңтүстік Цирк» МКҚК бас директоры қызметтерін атқарған, яғни бұл саланың тәжірибелі маманы Сұлтан Оңғарұлы театрда алдыңғы буыннан тәлім алған жастардың шығармашылық дәстүрді сабақтастырумен қатар жаңа қырларын аша түсуіне ықпал етері анық. Театрдың нақты қай жылы құрылғанын анықтау сол жас буын үшін де маңызды. Өңір жұрты театр тарихы мәдениет зерттеушілерінің, тарихшылардың көмегімен нақтыланып, жуық арада шешімін табады деген үмітте.

 

«Әртістер ойнап жатқанда уайымдап отырамыз»

Бүгінде Ж.Шанин театрында шешімін күткен тағы бір мәселе бар. Үшінші ме­гаполистегі руханият ордасы – Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының сахнасы қойылымдарға лайықталмаған. Дыбысталу мен жарықтандырылу кеше­нінде де кемшілік көп. Нысан тозып, едені тесілген. Сахна бетіндегі дөңгелек айналма да дұрыс орнатылмауынан бірде-бір рет жұмыс істемеген. Сахнадағы техникалық қауіпсіздік бұзылған, еденге талапқа сай тақтай төселмеген, 33 штанкеттің тек алтауы істейді.

Иә, ғасырға жуық тарихы бар Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрына жаңа ғимарат 2014 жылы берілген. Құжатта сахнаны әрлеуге арналған 30 көтеру құрылғысы жазылса, мұнда бар-жоғы төртеу ғана. Театр қызметкерлерінің айтуынша, оның өзінің жұмысы қауіпті.  Мәселе шешілуі үшін сахна күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрылғылар алынуы қажет. Бұл орайда қала әкімдігі тарапынан қажетті қаржы қарастырылған да екен. Алайда пайдалануға берілгеніне он жыл болған ғимаратқа жаңғырту жұмыстарын жүргізу ережеге сай келмейді. «Сахнамыз күрделі модернизацияны қажет етіп тұр. Жоғарғы және төменгі механизациямыз стандарттарға мүлдем сай емес. Жарық беру, дыбыс беру кешендері де заманауи техникалармен жабдықталмаған. Театрдағы өзекті мәселелерді Сенат депутаттарына жеткіздік. Өздері сахнаға шығып, жағдайды көрді», дейді Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Арайлым Құрбанбекқызы. Ал драматург Сая Қасымбек театр сахнасының жүрегі іспеттес құрылғы – дөңгелек мүлде айналмайтынын айтты. «Әртістер ойнап жатқанда біз штангеттер түсіп кетпесе екен деп уайымдап отырамыз. Өте қауіпті. Біз «құдай сақтасын» деп жүре береміз. Бірақ сақтау үшін де әрекет ету керек қой. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мұрындық болуымен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков реконструкцияға қажетті қаржы бөлді. Ендігі кедергі – жаңа берілген ғимаратқа 25 жылға дейін реконструкция жасауға болмайды екен. Бөлінген қаржыны жұмсай алмай, пұшайман күйге түскен жайымыз бар», дейді С.Қасымбек. Сенат депутаттары Айгүл Қаппарова, Алишер Сатвалдиевпен кездесуде осы келеңсіздікті және өзге де ұсыныс-пікірлерін жеткізген театр қызметкерлері мәселелердің шешілуі үшін заң жобаларын жетілдіруді сұрады. Кездесуде халық қалаулылары ұжым өтініштері бойынша тиісті орындармен жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. Осы арада айта кетелік, еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында күрделі жөндеу мен жаңа ғимаратты қажет ететін басқа да театрлар бар.

 

ШЫМКЕНТ