Аймақтар • 23 Тамыз, 2024

Жылу орталығында жұмыс қарқынды

95 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 па­йызы әбден тозғанын айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдіктерге ширақ қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуды тапсырған болатын. Бұл орайда Үкіметке, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жүктелді.

Жылу орталығында жұмыс қарқынды

Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Үкімет елі­міздің жылу орталық­тарын жаңғырту бойынша нақты іс-шараларды атқарып келеді. Мысалы, Премьер-министр Олжас Бектенов Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздеріне реконструкция және күрделі жөндеу жүргізу үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойды. Бұл орайда Түркістан облысы Кентау қаласындағы «№5 Жылуэнерго орталығының» № 7, 8, 9, 10, 11, 12 қазан­дық­тарын реконструкциялауға 9 млрд тең­геден астам қаржы қаралды. Кентауда 1934 жылы салынған жылу энергоорталықтың қызметін 14 мыңнан астам абонент тұтынады. Оның ішінде 347 көпқабатты, 2 000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үй және 106 бюджеттік мекеме мен 441 коммерциялық нысан бар. Жалпы, аталған жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозған. Соның салдарынан өткен жылғы қысқы маусымда кентаулықтар тоңып шықты. Сапалы жылуды тұтына алмады. Осы келеңсіздіктердің биылғы маусымда қайталанбауы үшін бүгінде Кентаудағы «№5 Жылуэнерго орталығын» қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жуырда орталықта атқарылып жат­қан жұмыс барысын бақылаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптылармен штаб кеңесін өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Жылу орталығының қазіргі жай-күйі мен атқарылған жұмыстар туралы баяндаған «Эм-Холдинг» ЖШС өкілінің мәлімдеуінше, қазандықтарды реконструкциялау жұмыстары бекітілген кестеге сай, үздіксіз жүргізіліп келеді. Нысанда екі ауысымда 180 адам жұмыс істеп жатыр. Екі қазандықта жылу-механикалық бөлік бойынша жұмыстар 99 пайызға аяқталған. Сонымен қатар 6 қазандыққа арналған түтін құбыры да­йындалу үстінде. Жоспар бойынша №8, №11 қазандықтардағы жұмыстар тамыз айының соңында, №9, №10 қазандықтар қыркүйектің екінші онкүндігінде, ал №7, №12 қазандықтардың құрылысы қараша айының соңында аяқталмақ. Бұдан бөлек, №5 және №6 қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыста жылу беру маусымына дайындық таңдай кептірер ыстығы қайтпаған шілдеде басталған болатын. Жауапты басшыларды жинаған облыс әкімі жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болма­­­уын, мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуын қадағалауды тапсырды. Бұл орайда тасымалдаушы компаниялармен келісім жеделдетіліп, 1 қыркүйекке дейін білім ұялары көмірмен қамтылуы қажет. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтің айтуынша, көмір бойынша өңірдің жалпы қажеттілігі – 778 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104,5 мың тонна болса, жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна, жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна, жылыжайларға 282,9 мың тонна көмір қажет. Мамыр мен шілде аралығында 88,2 мың тонна көмір жеткізілген. Облыста елді мекендерді газбен қамту, бюджеттік мекемелерді, білім ұяларының қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары да қарқынды. Соның нәтижесінде биыл тұрғындардың көмірді тұтыну көлемі 82 мың тоннаға, бюджеттік мекемелердің тұтыну көлемі 36 мың тоннаға төмендеген.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масының мәліметіне жүгінсек, өңірде жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 1 577 авто­­ном­­ды қазандық бар. Аталған жылу орта­лықтары арқылы облыста 1 279 білім, 668 денсаулық сақтау, 212 мәдениет, 9 жұ­мыспен қамту, 75 спорт нысаны және 737 көп­қабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.

Жылу энергетикалық кешендеріне қажетті отын көлемі анықталған. Алдағы жылыту маусымына 114,2 мың тонна көмір, 1 млн литр дизель, 7,8 мың тонна мазут, 17 093 мың текше метр газ қажет. Жалпы, жылыту маусымында тұтынылатын мазут көлемі – 7,8 мың тонна. Алдағы жылыту маусымына 17,3 млрд теңге қаралып отыр. Оның ішінде 16,9 млрд теңге бюджет есебінен бөлінген. Сондай-ақ өткен маусымда 93 бюджеттік мекеме көмірден газға ауыстырылды.

 

Түркістан облысы