Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жаңа заң жобасы қолдау тапты
Аталған мәселелер бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады.
Үкімет басшысы республикалық бюджеттің параметрлерін айқындау кезінде ең басты міндет мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру екенін атап өтті. Үкіметтің алдағы уақыттағы іс-қимылы міндеттемелерді, активтерді және тұтастай алғанда мемлекеттің барлық ақша ағынын шоғырландырумен байланысты болады.
«Үкімет ұлттық экономиканың сапалы әрі серпінді дамуы үшін келісілген салық-бюджет, ақша-кредит және салалық саясатты жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастырады. Ұсынылып отырған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақтылы орындауға бағытталған. Біздің алдымызда бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану міндеті тұр», деді О.Бектенов.
Отырысқа қатысушыларға айтылған тәсілдерді мақұлдап, дауыс беруді ұсынды. Заң жобалары бірауыздан қолдау тапты. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне Үкімет аппаратымен бірлесіп заң жобалары мен Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
АЭС-ке қатысты қаулы қабылданды
Үкімет отырысында ғалымдардың қатысуымен еліміздегі атом энергетикасын дамыту келешегі қаралды. Мәселені талқылау қорытындысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Республикалық референдум өткізу туралы» Президент Жарлығының жобасы туралы» Үкімет қаулысының жобасын қарауға енгізуге ұсыныс жасады.
«Референдум өткізу атом энергетикасын дамыту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмектеседі. Бүгін біз тарихи оқиға қарсаңында тұрмыз. Біз, қазақстандықтар, елімізде тұрақты, экологиялық таза және үнемді электр қуатының болуы үшін маңызды шешім қабылдауымыз керек. Бұл – болашағымызды айқындайтын шешім», деген А.Сәтқалиев атом энергетикасы туралы халықаралық ұйымдардың шешіміне тоқталды.
«Алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясының 28-конференциясында көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі атом энергетикасының рөлі атап өтілді. Конференция қорытындысында 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы Халықаралық декларацияға қол қойылды. Атом энергетикасын дамытуға барлық қажетті жағдай бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемінен әлемде бірінші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие. Қазір біз халықаралық серіктестермен (АҚШ, Қытай, Франция және Ресей) бірлесіп, уранды конверсиялау және байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді министр.
«Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК бас директоры Саябек Сахиев елімізде атом электр стансасы салынған жағдайда маман мәселесі туындай қоймайтынын айтты.
«Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін қажетті кадрлық әлеует пен ғылыми-зерттеу базасына ие. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндік жеткілікті. Саладағы ғылыми-өндірістік ұйым елімізде 67 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр. Сондай-ақ қазір институт – іргелі зерттеулерден бастап өнім өндіруге дейін толық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар циклін жүзеге асыратын жалғыз ғылыми ұйым», деді С.Сахиев.
Айтуынша, еліміз қазірдің өзінде Франция, Германия, Ресей, Түркия және Қырғызстан секілді 5 елге радиоизотоптар экспорттайды.
«Сонымен қатар Қырғызстанға онкологиялық ауруларды диагностикалау және жүрек-қан тамыры жүйесін емдеуге арналған радиофармпрепарат МАГАТЭ қаражаты есебінен жеткізіледі. Бұл шетелдік әріптестермен тәжірибе және білім алмасу бойынша тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде мүмкін болды. Атап айтқанда, жұмыс 30-дан астам шетелдік серіктеспен, соның ішінде ЦЕРН, Лауэ-Ланжевен институты сияқты жетекші халықаралық ғылыми ұйымдармен және әлемнің ірі университеттерімен, соның ішінде әлемнің жоғары оқу орындарының рейтингінде 1-орын алатын Массачусетс технологиялық институтымен, еуропалық университеттер арасында 4-орында тұрған Карлсруэ технологиялық институтымен жүргізіліп жатыр», деді бас директор.
«Қазақстандық атом электр стансалары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин АЭС салу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру қандай кезеңде екенін айтты.
«Қазақстанда АЭС салу мәселесі тоқсаныншы жылдардан бастап қаралды. Қазір энергия тапшылығы мен жұмыс істеп тұрған қуаттардың тозуының артуы жағдайында бұл мәселе қайтадан өзекті болды. Сондай-ақ атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең сенімді энергия көздеріне жататынын атап өткен жөн. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде мамандар АЭС үшін қажетті қуат 2,8 ГВт-қа дейін екенін анықтады. Салу үшін Алматы облысының Үлкен ауылы
таңдалды, сондай-ақ АЭС үшін технологияларды анықтады. III және III+ буындарының су-су реакторлары ең қолайлы деп таңдалады. Мұндай реакторларда бір-бірін бірнеше дүркін қайталайтын белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Олар терең эшелондалған апатқа қарсы қорғаныс деп аталады. Қазіргі реакторларда штаттан тыс жағдайдың пайда болу ықтималдығы өте төмен. Бірақ мұндай жағдайда да қауіпсіздік жүйелері оның ықтимал салдарын бейтараптандырады. Қоршаған ортаға әсерге келетін болсақ, атом энергетикасы, тіпті ЖЭК-пен салыстырғанда, ең экологиялық таза энергия көзі болып саналады. Сонымен қатар көптеген дамыған елде атом энергетикасы жасыл таксономияға енгізілген. Атом энергетикасының дамуы парниктік газдар шығарындыларының төмендеуіне ықпал етеді, бұл экологиялық жауапкершіліктің жаһандық трендтеріне сәйкес келеді», деді Т.Жантикин.
Оның айтуынша Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және АҚШ-тағы 6 компаниядан 13 АЭС жобасы қарауға ұсынылған. МАГАТЭ-ның әлемдік тәжірибесі мен ұсынымдары негізінде қазақстандық тарап өзіндік бағалау жүйесін әзірлеген. Кейіннен оны әйгілі француз инженерлік компаниясы «Assystem» мақұлдапты.
«Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда атом технологиясының нақты жеткізушісін таңдау және жобаның ТЭН-ін бірлесіп әзірлеу келесі маңызды міндет болады. Объективті шындық – Қазақстанның болашағы атом энергетикасымен тығыз байланысты», деді бас директор.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов елде атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқанын және бұл саланың келешегі зор екенін айтты.
«Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген, шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып отыр. Бұл, әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артуының маңызы айрықша», деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр еліміз бүгіннің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырғанын атап өтті. Егер мәселені осы бастан шешпесе, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуға тура келетініне тоқталды.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Өйткені жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мәселенің маңызы арта береді.
Бұл ретте жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Елімізде су электр стансаларының әлеуеті шектеулі. Өйткені энергия өндіру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы. Бүгінде елімізде ЖЭО-ның кейбірін газға ауыстырып, жаңа бу-газ қондырғыларын салып жатырмыз. Алайда экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз. Сондықтан атом энергетикасын дамыту – біз үшін болашағы өте зор бағыт», деді Үкімет басшысы.
Заманауи атом электр стансалары көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Қазақстанда Атом электр стансасын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-ның халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынады. Сонымен қатар шикізат базасы өзімізде, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді. Бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біздің еліміз сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом энергетикасы экономиканың көптеген саласында инновацияларды қолдануға ынталандырады. Әрі отандық өнеркәсіптің дамуына да үлкен серпін береді. Сондықтан өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз», деді О.Бектенов.
Мәселені қарау қорытындысында дауыс беру жүргізілді. Ұсынылған Үкімет қаулысының жобасы бірауыздан қолдау тапты.
Энергетика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесіп Президент Әкімшілігіне Жарлық жобасын енгізу тапсырылды.