Денсаулық • 28 Тамыз, 2024

Ана мен бала саулығы – басты назарда

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда №1 облыстық перинаталдық орталықта үшем дүниеге келіп, Әріпбаев отбасы қуанышқа бөленген еді. Төлеби ауданы Зағамбар елді мекенінің 27 жастағы тұрғыны Роза Әріпбаева тұңғыш ұлынан кейін өмірге екі ұл мен бір қыз әкелді. Бұл – Түркістан облысында жыл басынан бері дүние есігін ашқан жетінші үшем. Ал осы мерзім аралығында 311 егіз өмірге келген.

Ана мен бала саулығы – басты назарда

Өңірдің демографиялық өсіміне өз үлесін қос­қан, дүниеге үшем әкелген Роза Әріпбаеваны арнайы құттықтап барған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 25 045 нәресте дүниеге келген. Ал аталған пери­наталдық орталықта жыл сайын шамамен 9,5 мыңға жуық әйел босанады.

«Дені сау ұлт» әр азамат үшін сапалы әрі қолжетімді денсау­лық сақтау» ұлттық жобасы аясында перинаталдық орталық жаңа туған нәрестелерге заманауи реа­нимациялық көмек көр­сетеді. Бұл үшін барлық қажет­ті жабдық бар. Сондай-ақ өңірде алғашқылардың бірі болып ме­дициналық генетика бөлімшесі іске қосылған. Бұрын Шымкент пен Түркістан облысы бөлінбей тұрып, қала тұрғындары да №1 об­­лыстық перинаталдық орталы­ғына келіп генетикалық тест тапсыратын. Содан бері арада 6 жыл өтсе де, облыс тұр­ғындары гене­тикалық тесті осында тапсырады. Себебі облыс­та мұндай генетикалық орталық  біреу-ақ. Негізі жоспар бойынша осындай орталықтың облыс бойынша тағы үшеуін ашу керек.  Шымкенттің өз перинаталдық орталығы бар, сондықтан қала тұрғындары сонда барып өткізеді. Халық санына байланысты республика бойынша халыққа көмек көрсету сатысында алдыңғы қа­тарда тұрған №1 облыстық пери­наталдық орталық 2022 жылы ең үздік босандыру ұйымы ретінде «Алтын шипагер» медициналық жүлдесіне ие болған. Орталық басшысы Салтанат Жабағиеваның айтуын­ша, дәрігерлер кураторлық көмек көрсету және білімді мониторингілеу мақсатында облыс аудандарына барып, жұ­мыс жүргізеді. Яғни білікті дәрігерлер өз жауапкершілігіне пе­ринаталдық орталықтағы жұмы­сынан бөлек, өздеріне жүк­телген аудандардағы перзент­ханалардың жағдайын да бақы­лап, ай сайын барып көмек қолын созып отырады.

«Кейде айына 1-2 рет, кейде 10 рет санавиацияға шығуға тура келетін жағдайлар болады. Ол жақ­қа толық бригада болып барады. Хирургтің көмегі қажет болса, оны да қосып жібереміз. Сосын қажет болса, мамандарымыз сол жерде операция жасайды, босандырады, еміне коррек­ция жасап көмек көрсетеді. Әйелді стабилизациялық жағ­дайға келгенінше сол жерде ба­қылауға аламыз. Яғни кейде дә­­рігер­леріміз сол аудандардағы перзентханаларда екі-үш тәу­ліктеп жүріп қалуы ға­жап емес», дейді Салтанат Өсетіл­лақызы.

Сондай-ақ перинаталдық орта­лықта реанимацияға көп көңіл бөлінеді. Себебі балалардың өлім жағдайына жол берілмеуі керек.

«Салмағы жетпей туған нә­рестелер кемінде 2,5 кило сал­мақ жинамайынша үйіне шығар­маймыз. Нәресте өз еркімен еме алатын жағдайда болуға тиіс. Кей шараналардың патологиясы болады. Сондай күрделі жағдайдағыларды балалар ауру­ханасына ауыстырамыз. Ал балалар ауруханасы салмағы 2,5 килоға жетпеген балаларды қабылдамайды. Яғни туа біткен ақауымен өмір есігін ашқан шарана өсіп, операцияларды көтере алатындай жағдайға жеткенше біздің қамқорлығымызда болады», дейді дәрігерлер.

Президенттің тапсырмасымен елімізде «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы 2021 жылдан іске асырылып келе жат­қаны мәлім. Бұрындары экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметіне тек Алматы, Астанаға баратын Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тұр­ғындарына бұл қызмет түрі бүгінде қол­же­тімді. Үшінші мегаполисте бір емес, бірнеше клиника бар. Ал №1 облыстық пери­наталдық ор­талығы әйелдер­ді толық тексеруден өткізіп, ЭКҰ қызметін жасайтын клини­каларға жолдама беріп отырады. Бұл жердің тиімді тұсы – бала аңсап жүрген әйелдер шығын­далмайды. Барлығы мемлекет есебінен төленеді. Яғни әйелдер портал арқылы келіп, тегін ЭКҰ қызметіне жүгіне алады. Ор­талыққа 2021 жылға дейін жылына 70-ақ квота бөлініп отырған болса, бұл көрсеткіш кейін 666-ға жеткен. 2022 жылы 550 ЭКҰ жасалған. Сол 550 әйелдің 261-і жүкті болған. Бұл жасанды жол­мен ұрықтандырудың сәтті шық­қан нәтижесінің 48 пайызын құрайды. Ең ғажабы 261 сәтті жүктіліктен 42 егіз және бір үшем анықталған.

 

Түркістан облысы