Мектеп формасының тасқа басылған нақты тарихы жоқ. Алайда ашық дереккөздерге, нақтырақ айтсақ, «Wikipedia» электронды энциклопедиясындағы «School uniform» (яғни «Мектеп формасы» немесе «Мектептегі біркелкі форма») деген тақырыптағы материалына сүйенсек, Біріккен Корольдікте мектеп формасы XVI ғасырдан бастау алған. 1552 жылы Англиядағы Христос госпиталінің мектебі біркелкі мектеп формасын қолданатын алғашқы оқу ошағы болды деп есептеледі. Америка мектептеріндегі бірыңғай форма Билл Клинтонның 1996 жылғы: «Егер жасөспірімдер дизайнерлік киім үшін бір-бірін өлтіруді тоқтататын болса, онда бізде оқушыларынан бірыңғай форма киюді талап ететін мемелекеттік мектептеріміз болуы керек», деген сөзінен соң енгізіле бастаған екен. Ал елімізде мектеп формасының қашан, қай уақытта енгізілгенін дәл білмесек те, кейбір ашық деректерде өткен ғасырдың 30-жылдарындағы мұрағат фотосуреттері сол кезеңде-ақ біркелкі мектеп киімінің болғанын көрсетеді. Одан кейінгі кеңес кезінен қалған қара көйлек пен ақ фартук қазіргі ақ жейде мен қара белдемшемен алмастырылғандай. Әйтеуір мектеп формасының тиімді-тиімсіз тұстары туралы зерттеу де, тартысты талқылаулар да таусылмағанымен, талап қалмай келе жатыр.
Тамыз айы басталғаннан балаға сол талаптың төңірегінде мектеп формасын алу әлегі ата-аналар арасында қызу тірлікке айналады. Әр ата-ана баласына ең жақсысын, сапалысын әперуге тырысады. Бірақ осы бір үдеріске сырттай қарап отырып «баланы сән көрсетіліміне емес, сабаққа дайындауымыз керегін ұмытпасақ екен» деген ой келеді. Өйткені еліміздегі мемлекеттік мектептердің әрқайсысында форма әртүрлі, біркелкілік, бірізділік жоқ. Ал жекеменшік оқу ошақтарындағы киім жарысы бөлек әңгіме. Осындайда мектептердің бәріне ортақ бір мата, бірдей стандартта біркелкі форма үлгісін бекіте алмай келе жатқанымыз қынжылтады. Шын мәнінде біркелкі форма – буллингтің, түрлі еліктеу мен шеттетудің, бала мен баланың, мұғалім мен оқушының, ата-ана мен перзентінің арасында өзара келіспеушіліктің алдын алатын өте өзекті мәселе. Өйткені бірдей мектеп формасы әуел баста білім алушылардың экономикалық, әлеуметтік жағынан әртүрлі жағдайда болғанымен, білім алуға келгенде, яғни мектепте бірдей екенін білдіру мақсатында енгізілген.
Жоғарыдағы ойымызға «Бүкіл мектепке ортақ киім үлгісін бекітсе, форманы да мектеп қамтамасыз етуге тиіс» деген пікірді айтатындар табылар. Келісеміз. Мектеп, айналып келгенде үкімет қамтамасыз еткені де жөн шығар. Дәл осы тұста «Ел бюджеті резеңке емес» деп уәж айтатындар болар. Бюджет дегеннің өзі де сол баласына мектеп формасын әперемін деп шапқылап жүрген жұрттың, қыркүйек жақындаса «Мектепке жолмен» бірнеше баланы киіндірейін деп ниеттенетін жүрегі жомарттардың салығы емес пе? Шынтуайтында, бұл бастама отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына жол ашатын, өз тігін цехымызды іске қосатын, төл өнімімізді шығару жолында талай кәсіпкерлік компанияның қалыптасуына себепкер болатын, түптеп келгенде қаншама жұмыс орнын ашатын мүмкіндік қой. Әрі ата-ана да 11 жыл бойы әр қыркүйектің қарсаңында базар жағалап жүрмес еді. Осыған қоса тек отандық кәсіпкердің өндіруіне рұқсат берілсе, қазіргідей Қытай, Түркия, Қырғызстанның кәсіпкерлерін байытпас едік. Әрине, көре білгенге, идеяны іліп әкетіп, істің көзін тауып, дөңгелете білгенге. Сондай бастамашыл әрі іскер азаматтардың ел ішінен суырылып шығарын да ішіміз сезеді, соны рұқсатынан бастап, бар шаруаны жүйелі үйлестіретін ұйым, қолдайтын қоғам болса...
Болса дейміз. Бірақ үміттен күдік басым. Себебі оқу жылы басталса болды, әр топ, әр тарап өз қалауын, көздегенін күйттеп кететіні қынжылтады. Бір топ «мектепті тұмшалап, қара жамылдырғысы» келеді. Енді бір топ – елірген елдерге еліктегіш. Сан саққа тартқандарды тек бәріне бірдей тәртіп пен талап қана бір ізге келтіретін секілді.