Руханият • 29 Тамыз, 2024

Абайтанудағы зерттейтін тақырып жеткілікті

149 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Абай орталықтары және абайтанудың қазіргі өзекті мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Жиында әр қалада орналасқан Абай орталықтары атқарып жатқан жұмыстарына есеп беріліп, хакім мұрасын зерттеп-зерделеудегі түйткілді түйіндер талқыланды. Іс-шара «Абай акаде­миясы» ғылыми-зерттеу институтының ыждағатымен ұйымдастырылды.

Абайтанудағы зерттейтін тақырып жеткілікті

Ақынның әдеби мұрасын адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәс­түр, мемлекет пен билік, тіл мен мәдениет бағыттары аясында жа­ңаша зерттеп, рухани кемел ұлт қа­лыптастырудың ұстыны ретінде хакім шығармашылығын жан-жақты насихаттауды мақсат еткен дөңге­лек үстелге белгілі абайтанушылар, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жиын модераторы, академия басшысы Жандос Әубәкір абайтану саласының маңызды мәселелеріне тоқталып, зерттеу институтының осы күнге дейін жасаған жобаларының жалпы есебін баяндады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ға­сырдағы Қазақстан» бағдарлама­лық мақаласында «Адамның өзін-өзі тану және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге, басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуал­ды ұлт дегеніміз де осы. Осыған орай Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген міндет қояды. Осы міндетті іске асыратын бірден-бір жоба ретінде «Абай академиясын» анық айта аламыз.

Ғылыми-зерттеу институты 2019 жылдан бері «Абай – мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Абай – ұлттық болмыстың үлгісі», «Абай – әлемдік мәдениет тұлғасы» бағыттары бойынша тал­дамалық және сауалнамалық зерт­теулерді жүргізіп келеді. Осы күнге дейін «Абай академиясы» 18 арнаулы сериямен 84 ғылыми-танымдық еңбекті жарыққа шығарды. Бұл ака­демия тарапынан атқарылған жұ­мыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады», деді институт директоры.

Жиын барысында Абай мұрасын насихаттау кезінде науқаншылдық пен көзбояушылыққа жол бермеу мәселесі де талқыға салынды.

«Әрбір әрекетімізді ғылыми не­гізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Тиімділігі төмен іс-шараларды ұйымдастыра беріп, негізгі жобаларымыз аяқсыз қалып жатыр. Соның себебінен өңірдегі Абайтану орталықтарында сапалы кадрлардың жетіспеушілігі артып барады. Ғалымдар арасында тә­жі­рибе алмасу жұмыстары жүр­гі­зі­ліп, бірлесіп еңбек ету ғана жеміс­ті нә­тиже береді», деді Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік университеті «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбет.

Абайдың данышпандық гене­зисі тақырыбында сөз сөйлеген Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филоло­гия ғылымдарының кандидаты Ербол Тілеш әдебиеттанудың жаңа биі­гін жасау керегін атап өтті.

«Кеңестік кезең әдебиет теория­сының көп аспектісі бүгінгі күннің қалыбына сыймайды. Абай шығар­маларындағы ой кеңістігіне тақы­рыптық межеден аса алмай жатқан себебіміз осы. Оның баллада, элегия, романс жанрындағы өлеңдеріне теориялық нақты баға беріле қой­ған жоқ. Абайдың поэтикасы мен стилі – әдебиеттанудағы әлі де терең зерттеуді қажет ететін тақырыптар», деді Е.Тілеш.

Абайтану саласындағы өзек­ті мәселелердің бірі – текстология. Ғалым­дардың айтуынша, ақынның өлең­дері мен қара сөздері жариялан­ған кейінгі басылымдарда қателік өте көп. Бұл оқырман қауымды ақын­ның негізгі айтпақ ойынан алыстатып, адастырып жібереді. Бұл туралы «Абай академиясының» бас ғылыми қызметкері, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Серік Негимов айтты.

 «1977 жылы М.Әуезов атында­ғы әдебиет және өнер университеті Абай шығармаларының екі томын жарыққа шығарды. Мен соның 1975 жылғы талқылауында болдым. Жинақ сол кездегі Әдебиет тарихы бөлімі­нің меңгерушісі Ысқақ Дүйсенбаев пен академик Зәки Ахметовтің ре­дак­торлығымен оқырман қауымға ұсынылды. Бұл Абай өлеңдерінің ең дұрыс нұсқасы деп есептеймін. Кітап баспаға дайындалу кезінде бұ­рын­ғы басылымдардағы жетістік­тер мен кемістіктер ескеріле отырып, тыңнан текстологиялық тексерулер жүргізілген. Сонымен қатар түсіндірме сөздер толықтырылып, әбден түзетілген. Себебі Ы.Дүй­сен­баевқа алдағы жинақтарға кү­мән­ді яки құнсыз қосындылар ен­беуін талап етіп, қатаң ескерткен Мұхтар Әуезовтің өзі болатын. Сол себепті ақын өлеңдеріне қатысты сөз болғанда, жоғарыдағы нұсқаға сүйенгеніміз дұрыс», деді С.Негимов.

Әдебиеттанушы ғалым Айгүл Кемелбаева болса Абайды сыртқы күштердің шабуылынан жан-жақты қорғау керегін жеткізді.

«Ұлтымыздың рухани құбыласы – хакім Абайдың тарапына ақпарат­тық шабуылдарды жиі байқайтын болдық. Бұл, әрине, мұрағат ісі­нің жолға дұрыс қойылмауынан. За­ма­нында орыс жазушысы Михаил Шо­лоховқа да осындай шабуылдар жасалған. Алайда Ресейдің ғылыми институттары дереу комитет құрып, мұрағаттағы дәлелдер арқылы өз қаламгерін орынсыз жаладан қорғап қалды. Бұл – үйренетін тәжірибе», деді А. Кемелбаева.

Жиын соңында жоғарыда атал­ған мәселелерді шешу мақсатында Ғы­лы­ми кеңес құру идеясы ұсынылды.