Мектеп • 03 Қыркүйек, 2024

Өскеменде жаңа қазақ мектебі ашылды

164 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы қарсаңында Өскеменде көпшілік көптен күткен №50 орта мектептің есігі оқушыларға айқара ашылды. Көпшілік күткен дейтініміз, «Нұрлы жол» шағын ауданындағы 600 орындық бұл мектеп аралас болып кетуі әбден мүмкін еді. Әйтеуір, құзырлы органдар көпшіліктің сұрауына қарай таза қазақ орта мектебі болады деп шешкен.

Өскеменде жаңа қазақ мектебі ашылды

Суреттерді түсірген – автор

600 орындық жаңа мектеп екі ауысымда 1200 оқушыға білім беруге әлеуетті. Үш қабатты білім ордасының лентасы қиылған соң оқушылар мен ата-аналар, арнайы шақырылған қонақтар спорт залға өтіп, салтанатты жиын­ға қатысты. Әнұран шырқалды, бата берілді, көпшіліктің ақ тілегі ақтарылды.

– Қаламызда жаңа шағын ­аудандар салынып, инфра­құ­­ры­­лым­­ заманға сай жасалып жатыр. Міне, жаңа мектеп ашыл­ды. Мемлекет тарапынан оқу­­шы­лардың білім алуына жал­пы жағ­дай жасалды. Жыл со­ңына дейін Зайсан ауданы мен Жаңа Бұқтырма кентінде тағы екі мек­теп ашылады. Сондай-ақ жеті бір­дей «Жайлы мектеп» құры­лы­сы­ қарқын алады. Мұның бәрі ел ер­теңі үшін істеліп жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

по

Ресми жиыннан кейін жаңа мектепке құтты болсын айтып келген қонақтар білім ошағын аралап, заманауи жабдықтал­ған кабинеттерді көрді. Бірінші қа­баттың өзінде инклюзивті білім беруге арналған кабинет, үш шеберхана, радио орталық, сенсор­лық бөлме, спорт зал, сондай-ақ бес бірдей оқу кабинеті ор­на­ласқан. Мектептің әкімші­лік қыз­меткерлері де бірінші қабат­та отырады. Ал екінші қабат­та мұрағат, кітапхана, роботтехника кабинеті, зертханасы және 16 оқу кабинеті бар. Мұғалімдер бөл­месі мен акт залы да осы қа­бат­та. Зертханалық жұмыстарға арналған үш кабинет үшінші қабаттан қа­растырылған. Барлығы 32 оқу ка­бинеті, 4 зертхана, 3 шеберхана бар. Мұнда 8 – бастауыш сынып, 10 – орта буын, 4 – жоғары буын және екеуі мектепалды даярлық сыныбында білім алады. Айта ке­тейік, барлық ка­бинет жиһаз­бен, 28 панельді тақтамен және көпфункционал­ды принтермен жабдықталған. Баласы заман талабына сай мектепте білім алатын қай ата-ана болсын, шын қуа­нышты шығар.

– Шынымды айтайын, алға­шында бұл мектеп аралас болып кетер ме екен деген үрей болды. Қазақ көп шоғырланған аудан­ға аралас мектептің қажеті қанша деп арыз-арманымызды журналистерге сан мәрте айттық. Мәселе көтерілді. Басшылыққа жет­ті. Арманымыз орындалып, бала-шағамыз жаңа, жайлы мек­теп­тің табалдырығын аттады. Мем­лекет оларға білім алуға бүгін жағ­дай жасаса, ертең олар мем­ле­кеттің дамуына жағдай жасай­ды. Еліміз аман болсын, – дейді бірінші сыныптың ата-анасы Айгүл Амангелдіқызы.

Жалпы, 2024-2025 оқу жылын­да 9824 бала бірінші сыныпқа барды. Алдағы уақытта Зайсан қа­ласында 300 орындық, Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық білім мекемесі ашылады. Ал «Жайлы мектеп» жобасымен жеті мектептің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, Өскеменде 1500 орындық үш мектеп, Риддерде 600 орындық бір мектеп, Шемонаи­ха ауданында 300 орындық бір және Глубокое ауданында 600 орын­дық екі мектеп ашылады.

Айтқандай, Президент тапсыр­масына орай Шығыста бастауыш сынып оқушылары тегін та­мақ­танады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың оқу­шы­лары да мектепте тегін тамақ­пен қамтамасыз етілген. Жалпы, аймақта 4,6 мың баланы мектепке күнделікті тасымалдауға 126 автобус қызмет көрсетеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы