Шымкент • 03 Қыркүйек, 2024

Заңсыз меншік мемлекетке қайтарылады

90 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкентте әлеуметтік нысандармен бірге стратегиялық маңызды объектілер де мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Кезінде бұлардың барлығы да әртүрлі жолмен жекешеленіп кеткен болатын. Бұл жолы сумен жабдықтау және су бұру нысандары қайтадан мемлекет балансына алынады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов мәлімдеді.

Заңсыз меншік мемлекетке қайтарылады

Оның айтуынша, Премьер-министр төрағалығымен өткен экономи­ка­ны монополиядан арылту жө­ніндегі комиссия шешімімен мегаполисте кезінде заңсыз берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. 1996-1998 жылдары сол тұстағы әкім шешімімен сумен жабықтау және су бұру нысандары монополиядан арылту мақсатында бәсекелестікке берілді. Сөйтіп, шаһардағы жалғыз мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорынның Тассай-1, Тассай-2 су қабылдағышы, Уникан сервис тазарту қон­дырғысы, автокөлік шеберханасы еншілес ұйымдарға бөлінеді. 4 еншілес кәсіпорын­мен бірге Бадам – Сайрам, Ақбай – Қарасу су қабыл­дағыштары да жекешелендірілді. 1998 жылы осы нысандардың иелері біртұтас «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ға бірігу туралы ше­шім қабылдайды. Бұл кезде мемлекет меншігін­де тек су құбырлары ғана қалды. 2003 жылы бекітілген Су кодексіне сәйкес қала­лар­ды сумен жабдықтаушы су тарту құры­лым­дары, сорғы стансалары, су тазартқыш қон­дырғы­лар, басқа да стратегиялық нысандар мемлекет меншігінен шығарылмайды деп көрсетіл­ген. Алайда мегаполисте маңызды нысандар жекешеленіп кеткен. Жеке ұйым сумен қамтамасыз етуде халыққа жағдай жасамады. Әкім орынбасарының айтуынша, су тарифі Шымкентте тұрғындар, бюджеттік мекемелер, заңды тұлғалар үшін де бірнеше есе жоғары. Мәселен, қалада 1 текше метр су тарифі 97 теңгені құ­раса Астанада ол бір жарым есеге төмен, яғни 65 теңге. Алматыда су бағасы – 55 теңге. Шымкентпен салыстырғанда екі еседей арзан. Керісінше электр энергиясы Шымқалада Астана мен Алматыға қарағанда айтарлықтай төмен. «Сонда қалай, электр қуаты арзан мегаполисте су бағасы да қымбат болмауға тиіс қой. Алайда тарифтер керісінше статистиканы көрсетіп отыр», дейді А.Кәрімов.

Шымқалада кәріз тарифтері де Алматы, Астанамен салыстырғанда жоғары болып тұр. Мәселен, кәріз жүйесінің тарифі Шым­кентте 51 теңге болса, Алматыда екі есе төмен, Астанада да мұнымен шамалас екен. Бюд­жеттік ұйымдар үшін кәріз тарифі Шымкентте 415 теңге. Елордада – 281 теңге. Алматыда тариф құны бар-жоғы – 81 теңге. Заңды тұлғаларға арналған кәріз жүйесі тарифінде де көрсеткіштер осыған ұқсас. Енді бір қызығы, кәріз тарифі Шымкентте сонша қымбат болса да, тазартылған су өзенге ағызуға жарамсыз. Қала тұрғындарының сарқынды судың күлімсі исіне де қатысты арыз-шағымы көп. «Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның кәріз суын тазарту жұмыстарының өз деңгейінде емес екенін көрсетеді», деді А.Кәрімов.

Сумен жабдықтау, су бұру жұмыстары­ның тұрғындар үшін маңызды екенін ескерген қала билігі осы стратегиялық нысандарды мем­лекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр. Ол тарифтерді реттеуге келешекте мүмкіндік береді.

Шымкент қалалық энергетика және инфра­құрылымды дамыту басқармасының басшы­сы Рзабек Меңдіқұловтың мәлімдеуінше, Ақбай – Қарасу су қабылдағышы стратегиялық нысан болғанына қарамастан, оның аумағында заң­сыз құрылыс нысандарының салынғаны анықталған. Мәселен, ол жерде күн электр стансасының панельдері, қонақүй кешені, жабық бассейн, мерекелік зал, екі қабатты тұрғынжай, мал қора, темір-бетон бұйым­дарын шығаратын цех, ойын-сауық нысандары салынып кеткен. Темір-бетон цехы дәл су қоймасының маңында орналасқан. Ал суды зарарсыздандыру нысаны пайдалануға берілген сәттен бері жұмыс істемейді.

Сала басшысының айтуынша, биыл қаңтар айында энергетика басқармасы 2023 жылғы тариф-сметалық жоспардың орындалуын тексерген кезде «Су ресурстары-Маркетингтің» сарқынды суды тазалау объектісінде біраз кемшілікті анықтаған. Басқарма бұл іс бо­йынша сотқа талап-арыз жолдаған.

Қала әкімі орынбасарының мәлімдеуін­­ше, Үкімет басшысы төрағалық ететін комис­­сия шешімімен мегаполисте жекешеленіп кет­­кен бұрынғы мемлекеттік нысандар тексе­рі­ліп жатыр. Сондықтан егер қайсыбір нысан­ның заңсыз иемденгені анықталса, ол мемле­кет меншігіне қайтарылады. Осыған байланыс­ты бүгінгі таңда шаһарды сумен жабдықтаушы монополист компанияның қызметі құзырлы органдар тарапынан тексеруге алынды.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-мен бірге қалада тағы бір мемлекеттік ком­му­нал­дық кәсіпорын тұрғындарға су жеткі­зу­мен айналысады. Бірақ екі ұйымның тарифі екі түрлі. «Су ресурстары-Маркетинг» ком­паниясының қымбат тарифі ескі инфра­құрылымды жаңалауға арналған инвес­тициялық бағдарламаны іске асыруына байланысты болуы мүмкін. Қазір бұл мәселеге орай Экономика министрлігінің арнайы коми­теті тексерісті бастады. Келешекте су тарифі­­нің құны комитеттің шығарған шешімінен соң қайта қаралады. Жалпы, «Су ресурстары-Мар­кетинг» ЖШС соңғы жылдары шығыны табысынан асып түскен. Соңғы дерек бо­йынша компания 33 млрд теңге табыс тапса, шығыны 38 млрд теңгені құраған. Монополист мекеме инвестициялық бағдарлама аясында Еуропалық даму және қайта құру банкінен қыруар қаржы несие алған. Тариф құнының қымбаттап кетуіне де осы несие қаражаты кері әсерін тигізген. Ендігі жерде құзырлы органдар сол алынған миллиардтаған несие қаржысына инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары көлемі мен сапасы жағынан сәй­кес жасалды ма, жоқ па, сол жағын тексереді. «Су ресурстары-Маркетинг» меншігінде осы күнде мемлекеттің 22,8 пайыз үлесі бар. Мемлекеттік маңызды нысандарды иеленіп отырған монополист мекеменің же­ке­шелендірудегі әрекеті қаншалықты заңды бол­ғанын енді сот анықтап, осы мәселенің соңғы нүктесін қойып береді. Ал келешекте қала­ны сумен жабдықтап отырған мемлекеттік коммуналдық мекеме мен жеке­мен­шік серіктестіктің тарифтерінің ортақ бір бағасы шығарылып, құны да халыққа қолжетім­ді болады.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше