Жоба • 04 Қыркүйек, 2024

Өз жолыңды табуға септесетін жоба

34 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада жолға қойылған «Joltap» әлеуметтік жобасы азаматтарға жаңа мамандықтарды тегін үйренуге, өз ісін ашуға, жұмыс табуға және 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді. Қолға алынғанына бір жыл толған бастама аясында осы күнге дейін 5,6 мыңнан аса қала тұрғыны арнаулы курстан өтті, 3,2 мыңнан аса адам жұмысқа орналасты.

Өз жолыңды табуға септесетін жоба

Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын орындау мақ­са­тында іске асыры­лып жатқан бұл жоба азаматтардың табысын арт­тыруға септесуді, кешенді көмек көрсетуді көз­дейді. Жобаның бастамашылары – Астана қаласының әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры.

Осыдан тура бір жыл бұ­рын тұрғындар көп жиналатын жерлерде «Баршаға мүм­кіндік» модульдік пункт­тері ашыла бастады. Бұл орындардың мақсаты – есепке алынбаған жұмыссыздықты анықтау әрі мемлекеттік қол­дау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қысқамер­зімді оқыту жөнінде тиім­ді кеңес беру. Қажет болған жағдайда тұрғындарға ЭЦҚ қайта шығару, тұрғын үйге кезекке тұру, АӘК алу, kezekte.kz, enbek.kz, indigo.kz, басқа да ресурстарға тіркеу ұсынылады. Осылайша, бір жыл ішінде сенімі бекіген 20 мыңнан аса елордалық жо­ба­ға қатысты. 4,5 мыңнан аса тұрғын модульдік пункт­тер ар­қылы әкімдік басқар­ма­ла­рына мем­лекеттік қолдау шаралары аясында бизнес ашу, үй алу, жұмысқа орналасу, балаларға білім беру және бос уақытты тиімді пайдалану мәселелері бойынша өтінімдер жолдады.

«Joltap» жобасының екінші кезеңінде 15 жұмыс­шы мамандығы мен цифр­лық дағдылар бойынша практикаға арналған оқу сы­нып­тары мен цехтар іске қосылып жатыр. Атап айтсақ, бариста, сатушы-кас­сир, тігінші, модельер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқкиім жөн­деу, электр-газ маманы, корпустық жиһаз жасаушы сияқ­ты мамандықтарға және сайт әзірлеуші, мобилограф, таргетолог, видеомонтаж, гра­фикалық дизайнер, SMM маманы дегендей цифрлық дағдыларға баулу қолға алынды.

Жобаның аралық қоры­тын­дысын шығару жөніндегі кездесуде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мамандықтар тізімі қаланың экономикалық ерек­шелігін ескере отырып, сауда, сервис, фриланс және өндіріс салалары бойынша жасал­ға­нын атап өтті.

«Өмір сапасы көп жағдайда алған кәсібі мен жұмысына байланысты. Өкініштісі, тұрғындардың бәрі бірдей бір кәсіптің құлағынан ұстай алған жоқ. Біздің міндетіміз – қазіргі нарықта қажетті дағдыларды меңгеруге, жұмысқа орналасуға көмек­те­су. Мемлекет адамдарды қолдау және жұмысқа ор­на­ластыру бойынша түрлі әлеуметтік бағдарламаны іске асырып жатыр. Өткен жылы қалада «Joltap» әлеу­меттік жобасын іске қостық. Бұл бағдарламаның айырма­шы­лығы – адамдарға жаңа мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі. Көр­сеткішке қарасақ, жоба­ның сәтті жүзеге асып жат­қанын байқаймыз», деді әкім.

Жобаның келесі кезеңі – жұмыс берушілермен тікелей жұмыс істеу, «Jumystap.kz» сервистік платформасын іске қосу. Бұл жобамен «Magnum», «Спортмастер», «GLB», «Danmard» тігін фабрикасы, «Ютария», «YDA» зауыты және басқа да қаланың желілік әрі ірі жұмыс беру­шілері қамтылды.

Бүгінде «Jumystap» плат­формасы жұмыс істеп тұр. Мұнда қарапайым интер­фейстің көмегімен үміт­кер­лер­ге қойылатын талаптарды егжей-тегжей сипаттауға болады. Бизнес өкілдері мен жеке тұлғалар тұрақты жұмыс орнына қызметкерді ғана емес, сонымен қатар көлемді тапсырыстарды орындаушыларды да таба алады.

Еліміздің басқа аймақ­та­ры­ның тұр­ғын­дары да аталған жобаның игілігін сезінгісі келеді. Бұл Үкіметтің де назарына ілініп, жобаның ауқы­мын 4 аймаққа – Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қара­ғанды қалаларына кеңей­ту туралы шешім қабылданды.