Қаржы • 06 Қыркүйек, 2024

Өңірлер: Әл-ауқат деңгейі әрқилы

66 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент 2022 жылы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатпағаны баршаға аян. Теңсіздік әлеуметтік жайсыздық пен миграциялық көңіл күйге жол ашады», деген болатын.

Өңірлер: Әл-ауқат деңгейі әрқилы

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Осы орайда Экономикалық зерттеу­лер институты (ERI) екі жылдан бері Азия даму банкімен бірлесіп, өңірлік әл-ауқат индексін әзірлеп келеді. Оның негізіне Еуропалық әлеуметтік зерттеу, Дүниежүзілік құндылықтар шолуы, Еуропалық құндылықтар зерттеуі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Жақсы өмір индексі сияқты озық тәжірибелер алынып, статистика мен сауалнама деректері пайдаланылған.

Аталған зерттеуге сүйенсек, 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы еліміздің 10 облысы мен 2 мегаполисінде тұрғындардың әл-ауқаты біршама артқан. Әсіресе Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық жай-күйі өзге өңірлерге қарағанда жақсара түскен. Жамбылдықтардың қаржылық әл-ауқаты 10 балдық көрсеткіш бойынша алдыңғы жылғы 5,27 балдан 6,91 балға дейін көтерілген. Күнкөрісі төмен адамдар саны 1,3 есе азайған. Облыста «Білім мен дағды» көрсеткіші ғана нашарлаған.

Сыр өңірінде де оң өзгеріс бар. Қызылордалықтардың қаржылық әл-ауқаты 5,92 балдан 6,97 балға дейін өскен. Алайда өз жұмысына қанағаттанбайтын адамдар саны 1,4 есе көбейген.

Түркістан облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 6,12 балдан 6,21 балға дейін жақсарған. Бірақ мектепке дейінгі және орта білім нысандарына қанағаттанушылық тиісінше 0,8 пайызға және 4,3 пайызға азайған.

Қарағанды облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,47 балдан 6,36 балға дейін артқан. Алайда өз жұмысына қанағаттанбайтын адамдар 1,7 есе көбейген. Көмірлі өңірде респонденттердің 52,3 пайызы медициналық көмекке реніш білдірген.

Батыс Қазақстан облысы тұрғын­да­рының қаржылық әл-ауқаты 5,9 балдан 6,4 балға дейін артқан. Соған қара­мастан, қаржылық қиындықтарға тап болған адамдар 1,2 есе көбейген. Өз жұмысына қанағаттанбайтындар саны 1,8 есе ұлғайған.

Атырау облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 6,24 балдан 6,92 балға дейін жақсарған. Алайда өз жұ­мы­сына қанағаттанбайтын адамдар 3 есе көбейген. Бұған қоса, денсаулығын теріс бағалағандар саны 2 есе ұлғайған. Атыраулықтар ауаның ластану деңгейі әлі жоғары деп санайды.

Маңғыстау облысы тұрғындарының қар­жылық әл-ауқаты 5,9 балдан  6,6 балға дейін артқан. Әйтсе де қаржылық қиын­дықтарға тап болған адамдар қатары әлі де қалың. Сондай-ақ меди­циналық мекемелер қызметіне ренішті адамдар 85,8 пайызға дейін көбейген. Өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі 6,04 балдан 8,17 балға дейін шарықтап кеткен.

Абай облысында тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты 5,76 балдан 6,85 балға дейін жақсарған. Бұрын Семей ядролық сынақ полигоны орналасқан өңірде қоршаған ортаның сапасы нашарлап, денсаулығын теріс бағалаған респонденттер 1,6 есе көбейген.

Шығыс Қазақстан облысы тұр­ғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,81 балдан 6,19 балға дейін артқан. Соған қарамастан, өз қызметін лайықты деп бағалау көрсеткіші 8,21 балдан 7,64 балға дейін төмендеген. Респонденттердің 74,7 пайызы – қоршаған ортаның қалдықтармен ластануына, 64,7 пайызы ауаның нашарлауына алаңдаушылық білдірген. Денсаулығын теріс бағалаған адамдар 1,7 есе көбейген. Кенді Алтай өңірінде жемқорлық үдеп, 5,06 балдан 7,07 балға жеткен.

Павлодар облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,44 балдан 5,55 балға дейін жақсарған. Күнкөрісі қиын адамдар саны 11,4 пайызға көбейген. Павло­дарлықтарды облыста кісі өлт­і­ру коэффициентінің 1,9 есе өсуі және өліммен аяқталған жол-көлік оқиғалары санының 1,6 есе артуы ерекше алаңдатып отыр. Өнеркәсіпті өңірде қоршаған ортаның сапасы нашарлап, денсаулығын теріс бағалаған адамдар 6 пайызға көбейген.

Алматы қаласы тұрғындарының қар­жылық әл-ауқаты 5,8 балдан 5,98 балға дейін жақсарған. Алайда оңтүстік астанадағы экологиялық жағдай на­шар­лаған. Респонденттердің 87,3 пайы­зы ауаның ластану деңгейі жоғары деп есептеген. Денсаулығы сыр берген адамдар саны 2,1 есе көбейіп кеткен.

Астана қаласы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,74-тен 6,38 балға дейін артқан. Алайда елордадағы экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіргендер 1,2 есе көбейген. Бас шаһар тұрғындарының денсаулық жағдайы нашарлап, респонденттер мегаполистегі медициналық көмектің сапасы жоғары еместігін және аурухана аздығын атап көрсеткен.

Өкінішке қарай, өткен жылы 7 облыс пен 1 мегаполис тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты кеміп кеткен. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облы­сындағы (СҚО) жағдай мәз емес. СҚО тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 6,11 балдан 5,96 балға дейін төмендеген. Күн көрісі қиын адамдар саны 6,5 пайызға ұлғайған. Өңірде өз жұмысына разы емес адамдар екі есе көбейген.

Қызылжар өңірінің жалғыз артық­шылығы – жемқорлықтың аздығы. Бұл көрсеткіш 3,9-дан 3,2 балға дейін төмендеген. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, демографиялық жағдайы жылдан-жылға нашарлап бара жатқан СҚО-ның түйінді проблемаларын шешуге кешенді тәсіл қажет.

Ақтөбе облысында өткен жылы қаржылық әл-ауқат 6,11 балдан 4,6 балға төмендеген, яғни күрт кеміген. Өз жұмысына көңілі толмайтын адамдар саны үш есе ұлғайған. Өңірде қоршаған ортаның жағдайына алаңдаған тұрғындар 1,5 есе көбейген.

Былтыр Ұлытау облысы тұрғын­дарының қаржылық әл-ауқаты 5,9 балдан 5,73 балға дейін нашарлаған. Жұмысына көңілі толмайтындар 1,8 есеге көбейген. Денсаулық жағдайын теріс бағалаған ұлытаулықтар саны 1,8 есеге өскен.

Ақмола облысында былтыр қаржы­лық әл-ауқат деңгейі алдыңғы жылғы 6,05 балдан 5,76 балға дейін төмендеп кеткен. Өз жұмысына разы емес адамдар саны 2,6 пайыздан 5,3 пайызға дейін көбейген. Өңірде сыбайлас жемқорлық көрсеткіші 4,3 балдан 5,8 балға дейін ұлғайған. Денсаулығын теріс бағалайтын респонденттер 1,6 есе көбейген. Облыста аурухана жеткіліксіздігі де сезіліп отыр.

Қостанай облысында қаржылық әл-ауқат көрсеткіші 5,69 балдан 5,57 балға дейін төмендеп кеткен. Өз қызметін лайықты деп бағалау көрсеткіші 8,31 балдан 7,24 балға дейін кеміген.

Алматы облысы тұрғындарының қаржылық жағдайы 5,96 балдан 4,44 балға дейін нашарлаған. Өз жұмысына көңілі толмайтындар 2,4 есе көбейген. Балабақша мен мектеп қолжетімділігі 1,2–1,5 есе кеміген. Денсаулығын теріс бағалағандар 1,7 есе ұлғайған.

Жетісу облысы тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 6,04 балдан 5,24 балға дейін төмендеген. Денсаулығын теріс бағалаған жетісулықтар 2,3 есе көбейген. Облыстағы жемқорлық 5,34 балдан 5,82 балға дейін өршіген.

Шымкент қаласы тұрғындарының қаржылық әл-ауқат көрсеткіші 6,47-ден 6,08 балға дейін нашарлаған. Өз жұмысына қанағаттанбаған адамдар 1,3 есе көбейген. Шымкенттіктерді ауаның ластануы және қалдықтар мәселесі тол­ғандырады.

Назар аударарлық жайт – барлық өңірде дерлік көлік қатынасы мен автомобиль жолдарының жай-күйі және коммуналдық қызметтер сапасы нашарлап, тұрғындардың ренішін туғызып тұр.

Түйіндей айтсақ, сарапшылар өңірлік теңсіздік қазір дамыған елдерде де, дамушы елдерде де күрделі проблемаға айналып отыр деп санайды. Ол кез келген мемлекеттің экономикалық әлеуетін шектеп, әлеу­меттік тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан Үкімет артта қалған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, тұр­ғындардың әл-ауқат деңгейін арт­тыруға жете мән берсе, құба-құп.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше