Медицина • 11 Қыркүйек, 2024

Шала туған сәбиді кім құтқарады?

63 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық №1 пери­на­талдық орталығындағы неона­то­логия қызметінің мамандары кейінгі жылдары нәресте ден­сау­лығын жақсарту бағытында оң тә­жі­рибелерге қол жеткізіп отыр. Заманға сай жаб­дық­тар­дың тілін меңгерген ақ желеңділер уа­қытынан бұрын туған шақа­лақ­тарды қатарға қосу мақсатында күні-түні күреседі.

Шала туған сәбиді кім құтқарады?

Елімізде дамуында кемістік пайда болу қаупі жоғары балаларды ерте диагностикалау және ерте абилитациялық көмек көрсету қажеттілігінің мәселесі өзекті. Өмірдің алғашқы айларынан бастап дұрыс жүргізілген диагностика мен түзету өзгерістерді жеңілдетіп қана қоймай, жаңа бұзылыстардың пайда болуына жол бермейді әрі баланың өмір сүру сапасының жақсаруына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, неонатологтің негізгі міндеті – жаңа туған нәрестенің жағдайын бақылау. Мұндай маман анасы баланы дүниеге әкелу сәтінен бастап, перзентханадан шыққанша бірге жүреді.

пр

– Өте аз салмақпен шала туған бала­­лардың әрі қарай өмір сүріп кету жағ­дайлары кейінгі жылдары жақсара түсті. Соған орай скрининг жасағанда түрлі аурудың диагнозы анықталған жайттар да көбейді. Негізі облыста босанатын әйелдерге дәрігерлік көмек беретін мекемелер Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан. Біздің орта­лықта жоғары мамандандырыл­ған меди­циналық көмек көрсетудің үшінші деңгейі ұйымдастырылған. Жыл басынан облыста 6086 сәби дүниеге келсе, олардың 365-і шала туған. 46 баланың салмағы 1500 грамға дейін болды. Салмағы өте аз боп туатын сәбилердің тірі қалу көрсеткіші бүгінде 68 пайызды құрайды. Жүктіліктің 34 аптасына дейін жарық дүние есігін ашып қойған кішкентайлар перинаталдық орталықта ем қабылдайды. Егер аудандарда немесе екінші деңгейлі перзентханада бала шала туса, оны біздің медициналық авиа­­ция бри­гадасы шұғыл түрде осында жет­­кі­зе­ді. Кейінгі 8 айда осындай 40 бала түс­ті, – дейді мекемедегі неонатоло­гия қыз­­ме­­тінің басшысы Жаңылай Қа­па­нова.

Мұндағы мамандар­ әл­гін­дей бала­лардың өмі­рі үшін күресіп, бар­лық­ күш-жігерін соған жұ­мыл­дырады. Бұл жерде сәбилерге неонатальді скри­нинг, аудиологиялық скри­нинг, офтольмологиялық скри­нинг жүр­гі­зіледі. Мұн­дағы мақсат – баланың бо­йын­дағы ақауларды дер уа­қы­т­ында анықтап, олар­ға ем тағайындау. Шала ту­ған балаларда көбіне өкпе жетіспеушілігі, рес­пи­ра­торлық дистросиндром, бас сүйек ішіне қан құйылу, бронх-өкпе дисплазия­сы, туа біткен пневмония, хирур­гиялық аурулар жиі тіркеледі. Сондай-ақ ретинопатия аурулары да жиілей түскен. Мәселе мынада, шала туған шақалақтар ұзақ уақыт өкпені тыныс алдыратын аппа­ратта жатқанда, оттегі мөл­шерінің тым көп болуынан көз жанарының тамырлары зақымданады. Сөйтіп, көз аурулары пайда болады. Неме­се ол туабітті пайда болуы мүмкін.

про

– Орталықта көз дәрігері бар. Ол балаларды туғаннан бақылай бастайды. Кейде көз жанары кемістігімен туғандарда біраз уақыттан соң көздің ішкі тор қабығының ажырау қаупі туын­дайды. Ондай балаларға операция таға­йын­далады. Жыл басынан әлгіндей 15 балаға операция жасалды. Жан­сақ­тау бөлімінде 18 төсектік орын қарас­ты­рылған болса, жаңа туған балалар па­то­логиясы бөлімшесінде 60 төсек­тік орын бар. Ұйым қызметкерлері сәби­лер­дің ана сүтімен қоректенуін қатаң қада­ғалайды. Сәбиді омырауға салу, омы­рау сүтін дұрыс сауып беру­дің ере­же­лерін аналарға үйретеміз. Осын­дай қам­қорлық іс-шараларының нәти­­жесінде орта­лығымыз «Балаға сүйіс­пен­­ші­лікпен қарай­тын аурухана» атағын иелен­ді. 2018 жылы катамнез кабинеті ашыл­ған еді, онда стационардан үйіне жібе­рілген сәбилердің әрі қарайғы дамуы бақы­­ланады, – дейді Жаңылай Ғалым­­жан­қызы.

Мекемедегі патология бөлімшесінің жас дәрігері Бақытгүл Қайратова жалпы пери­наталдық орталықтың әр бөлім­ше­сінде ненатолог мамандар бар екенін жет­кізді. Айтуынша, егер баланың сал­мағы кемі 500 грамм болса, оны қалыпты жағ­дайға дейін дамыту мүмкін болады. Көп сәбилер туғаннан кейін тыныс алу жүйе­сі дамымай, оттегі аппаратына жал­ға­нады.

– Шала туған шақалақты немесе ауырып қалған нәрестені жатқызуға арналған, оттегіні автоматты түрде бере­тін әрі жайлы температуралық режімді сақтап тұратын кувез құрылғысы бар. Баланы ішіне орналастырған соң қажетті температураны, ылғалдылық нормаларын баптаймыз. Бұған қоса былтыр респираторлық көмек көрсететін жаңа құрал-жаб­дықтар әкелді. Бізге ауыл-аудандардан да жүкті аналар көп келеді. Баланы кесар тілігімен алу жағдайлары жиі кездеседі. Сондай уақытта мамандар кәсіби көмек түр­ле­рі­нің барлығын жұмылдырады. Бала жа­тырда жатқан кезеңде өміріне қауіп төндіретін факторлар анықталған жағдайда да жүргізілетін үрдістер бар. Соның барлығы белгілі бір кезең ішінде жүзеге асып отырады. Мұндай әдіс-амалдар ана мен бала өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді жас маман.

Дәрігерлер кез келген ана жүктілікті алдын ала жоспарлағаны дұрыс деп есептейді. Ал жүктілік кезе­ңін­де барлық факторды бақылауға алып, дәрігер ма­мандардың бақылауында бо­луы керек. Мамандардың ақыл-кеңесіне үнемі құ­лақ тү­ріп, ықтимал қауіпті жайт­тардың ал­дын алып отырса, өмірге дені сау сәби әкелудің мүмкіндігі арта түседі.

 

ПАВЛОДАР