Ғылым • 11 Қыркүйек, 2024

Ғалымдар болашақ энергиясын талқылады

85 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар жер-жерде атом энергетикасы мәселелерін талқылап жүр. Қоғамда да, заң шығарушы және атқарушы билік өкілдері арасында да атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесінде атом энергетикасы саласының сарапшылары, ғалымдары мен мамандарының пікірлері маңызды екені жиі айтылады. Осыған орай өзекті тақырыптағы талқылаулардың бір парасына тоқталуды жөн көрдік.

Ғалымдар болашақ энергиясын талқылады

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Әуелгісі – Президент жа­нындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен «Энергетика секторын дамытуда атом энергиясын қолданудың әлем­дік тәжірибесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел. Іс-шараға Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Президент жанында­ғы Ұлттық ғылым академиясы және «Қазақстандық атом электр стансалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекші мамандары, ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Қатысушылар әлемдік аренадағы атом энергетикасының өзекті мәселелері мен даму келе­шегін талқылады. Талқы­лаудың негіз­гі тақырыптары атом станса­ла­рының қауіпсіздігі, ядро­лық қал­дықтарды басқару, бейбіт атом энергиясын пайдаланудың эконо­микалық орындылығы, сон­дай-ақ еліміздегі болашақ АЭС үшін кадр­лар даярлау мәселелері болды. АЭС-ті пайдаланудың халық­а­ра­­­лық тәжірибесіне және оның елі­міз­дің энергетикалық секторын да­мы­ту үшін маңыздылығына ерек­ше назар аударылды.

Жиында сөз алған Энергетика министрлігіне қарасты Ядро­лық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев электр қуатына сұраныстың жылдан-жылға артып отырғанын, күннен, желден, судан алынатын қуат көзі сұранысты тұрақты қамтамасыз ете алмауы мүмкін екенін айтты. «Энергетика министрлігінің соңғы деректері бойынша елімізде электр энергиясының ең жоғары деңгейдегі тапшылығы әзірден бай­қалып отыр және бұл тапшылық жыл сайын өсе береді. Өйткені елде жаңа өндірістерді пайдалануға беру электр энергиясының көп мөлше­рін талап етеді. Бұл тұрғыда атом электр стансасы «жасыл» энергия көзі сана­лады. Мамандардың баға­лауы бойынша жыл сайын қуаты 1 000 МВт АЭС жұмысы парниктік газдар шығарындыларын 3-7 млн тон­наға азайтады. Сонымен қатар сарап­шылардың бағалауынша, атом энер­гетикасы ғылымның, білім­нің және технологияның дамуына ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ұсынады. Атом электр стансалары дәстүрлі жаңартылатын энер­гетикалық қондырғыларға (ең алдымен жел және күн) қараған­да физикалық кеңістікті едәуір аз алады. Энергетика министрлігі 2035 жылға қарай шамамен 26 ГВт жаңа генерацияны енгізуді жос­парлап отыр. Елімізде салу ұсы­ны­лып отырған АЭС (1400 МВт-дан 2 блок) жаңа генерацияның жалпы көлемінің 9%-ын ғана құрайды. Сон­дықтан АЭС-тің 2 блогін салу бола­шақта электр энергиясының тап­­шылығын толығымен шеш­пей­ді. Демек еліміздің шеткі аймақ­тарында, мысалы, батыста және сол­түстікте 2-3 атом электр стансасын салу қажет», деді спикер С.Сахиев.

Ал дөңгелек үстелде сөз сөйле­ген Астана IT университетінің Ғылым және инновация департаменті ­директоры, физикадан PhD Нұр­хат Қуандықұлы Қазақстан электр энергиясының 76 пайызын кө­мір жағу арқылы қамтамасыз етіп отырғанын, бұл өткен ғасырдың амалы екенін жеткізді. «Еліміз –уран өндіруден әлемде бірінші орында. Ал уранның жерасты қоры бойынша Аустралиядан кейінгі екінші орындамыз. Қазақстан жы­лына 22 мың тонна уран экспортт­ап отыр. Енді оны энергия көзі ретінде өзімізге пайдасын көру мәселесі тұр. Осы жолдағы ең маңызды ше­шімдердің бірі – жаңартыла­тын және баламалы энергия көздерін дамыту. Оның ішіне күн, жел, гидроэнергетика, атом, сутегі энергиялары кіреді. Мысалы, Фран­ция елінің 70 пайыз энергетикасын 63 МВт атом энергиясымен қамтамасыз етеді, бұл – біздің елмен салыстырғанда төрт есе артық қуат. Жапония 36 МВт, Оңтүстік Корея 24 МВт атом энергиясының нәтижесінде машинаның түр-түрін шығарып, экспорттап отыр. Қытай соңғы 10 жылда атом энергетикасын қарқынды дамытып Франция деңгейіне жетті, қазір 10-нан аса атом реакторы салынып жатыр, заманауи АЭС-те қауіпсіздік стандарттары, эшелонды автоматика жүйесі жоғары халықаралық деңгейде дамыған, МАГАТЭ-мен қатаң қадағаланады», деді Н.Қуан­дықұлы. Оның ойынша, АЭС салынса, алдағы 100 жылдықтың электр энрегиясы тапшылығының мәсе­лесі шешіледі. Материалтану, энер­гетика, инженерия ғылымы мен өндіріс дамып, энергетик мамандар көбейеді.

Тақырып төңірегіндегі екінші талқылау Шығыс Қазақстан техни­калық университетінде атом сала­сын­дағы ғалымдар мен сарапшы­­лар бакалавр студенттері, магистранттар мен докторанттар арасында өт­ті. Талқылауға қатысушылар атом энер­­гетикасы саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды, спикерлер маңызды сұрақтарға жауап беру үшін баяндамалар жасады. Баяндамашылар түрлі деректер мен мысалдар арқылы АЭС-тің ауа райына қарамастан, үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтама­сыз ететін тұрақты энергия көзі еке­нін айтты. Сонымен қатар пар­ник­тік газдар шығарындылары­ның тө­мендеуі, ұзақмерзімді эко­но­микалық тиімділік сияқты бір­­қа­тар артықшылығы туралы сөз болды. Осыған қоса универ­си­тет­тегі тал­қылауда кадрларды дая­рлау және ядролық ғылымды дамыту мәселесінің де күн тәрті­бі­не шық­қаны, елімізде ядро­лық ғылым мен технология­лар саласындағы мамандарды даяр­лау орталығы құрылып жат­қа­ны, аталған орталық кәсіби маман­­дардың тапшылығы және зертх­а­налық базаның тозуы мәселелерін шешуге, сондай-ақ сыни білімді сақ­тауға бағытталғаны баяндалды.

Жиында сөйлеген Шығыс Қазақ­стан техникалық университеті Сәулет, құрылыс және энергети­ка мектебінің деканы Айбек Акаев: «Еліміз үшін атомдық генерацияны дамыту маңызды. АЭС құрылысы тек көміртегі ізін азайтып қана қоймай, елдің ғылыми-техникалық әлеуетінің өсуіне және жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп, мультипликативті әлеуметтік-экономикалық әсер береді», деді. Оның айтуынша, жалпы көмір электр стансалары­ның тозуына және электр энергия­сын тұтынудың өсуіне байла­ныс­ты атом энергетикасын дамыту көміртегі бейтараптығының әлем­дік күн тәртібіне жауап бере­тін және­ еліміздің энергетика­­лық жүйесінің тұрақтылығын қамта­масыз ететін қажеттілікке айналып отыр. 

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше