Саясат • 11 Қыркүйек, 2024

Сенаторлар Президент тапсырмасын іске асыру мәселесін талқылады

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Парламент мен Үкіметтің бірлескен кеңесінің отырысына қатысты. Онда  Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Шараға қатысушылар алда тұрған саяси және экономикалық реформаларға жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, елімізде атом электр стансасын салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумға баса назар аударылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар Президент тапсырмасын іске асыру мәселесін талқылады

Сенат комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп 2024 жылғы Жолдау Президенттің алдыңғы Жолдаулары мен сайлауалды тұғырнамасына енгізілген реформалар бағытының жалғасы екенін атап өтті. Сенатор өз сөзінде Президент азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі экономикалық өзгерістерге назар аударғанын жеткізді. Мемлекет басшысы айқындаған барлық тоғыз басым бағыт осы негізгі міндетті шешуді көздейді.

«Мемлекет басшысының Жолдауында жүзге жуық бастама мен ұсыныс қамтылған. Соның ең маңыздысының бірі – АЭС құрылысы туралы жалпыхалықтық референдум өткізу күнін белгілеу – қоғамда көптен бері айтылып келе жатқан тақырып. Референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан идеясының тағы бір нақты көрінісі болмақ. Мемлекет басшысы интернет-алаяқтық, әскердегі тәртіп, есірткі бизнесіне қарсы күрес, педагог және медицина кадрларының жетіспеушілігі сияқты қоғамды алаңдататын бірқатар өзекті мәселелерге де ерекше назар аударды. Жасанды интеллекті дамыту және осы технологияларды Қазақстанның цифрлық платформасына енгізу де Жолдаудың маңызды кезеңі, бұл өз кезегінде цифрлық технологиялар белсенді қолданылатын және дамыған елге айналуға көмектеседі. Жалпы, Жолдау өзекті мәселелерді шешуге және еліміздің стратегиялық даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Біз депутаттық корпус ретінде Президенттің барлық тапсырмаларының орындалуын заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қамтамасыз етуге міндеттіміз», деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар, Nazarbayev University алаңында өткен жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелерін де талқылады.