Сәтбаев қаласында биыл төртінші рет өткізілген «Үздік аула» байқауы тұрғындардың өздері тұратын аумақтағы санитарлық тазалықты сақтауға атсалысуына өзіндік ықпалын тигізе бастады. Өйткені жыл санап байқауға қатысушылар қатары көбейіп келеді.
Биыл байқауға 15 ауланың тұрғындары қатысты. Солардың арасынан озық шыққандарға арнайы сыйлықтар берілді.
«Жасыл аула» номинациясы бойынша қаладағы Ерден көшесі, 193 үйдің тұрғындары жеңімпаз деп танылды. Өйткені, үй ауласы жасыл желекке шомылған, әртүрлі гүлдер көз тартады. Мұндай жердің тазалығы да тамаша болатыны айтпай-ақ белгілі. Оларға бейнебақылау камерасы сыйға тартылды. Нақ осындай бейнекамераға Гурба көшесі, 99-үйдің тұрғындары да «Қаланың өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша ие болды.
«МИБ және ЖС үздік қызметкері» деп танылған «Қайсар» жекеменшік пәтер иелері коперативіне дәнекерлеу аппараты табысталды.
«Жайлы кіреберіс» номинациясының жеңімпазы атанған Тәуелсіздік даңғылы, 55-үйге жаңа үлгідегі шаңсорғыш берілді.
Абай көшесі, 65-үйдің тұрғындары биылғы байқаудың басты бәйгесін – теледидарды жеңіп алды.
Байқауға қатысушыларға сый-сияпат жасалды.
Сыйлықтарды табыстаған қала әкімі Мұрат Бөрібаев: «Қалаға деген сүйіспеншілік - ауланы таза ұстаудан басталады» деп кездейсоқ айтылған емес. Шын мәнінде солай. Тазалықты сақтау, соған ұмтылу - тәрбиенің, мәдениеттің бір түрі. Сондықтан үйдің кіреберісінен бастап, оның тазалығын сақтауды өз міндеті санайтын, қаламыздың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатын барлық белсенді және бейжай қарамайтын қала тұрғындарына зор алғысымды білдіремін», деді.
Байқау келесі жылы да жалғасын табады.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы.