
Сурет: facebook.com/mcudprk.kz
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы Биологиялық қауіпсіздік туралы заңды іске асыру аясында биологиялық қауіпсіздік саласында елдегі ғана емес, Орталық Азиядағы алғашқы референс-зертхана атанып отыр. Бұл мәртебе – орталықтың зертханалары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы №22 «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің референс-зертхана жүйелерін құру туралы» ұсынымдарына сай келетінін айғақтайды. Озық технологиялармен жабдықталған орталықтың референс-зертхана ретінде аккредиттелуі халықты санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен қамтуда маңызды рөл атқарады. Соның ішінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімін зерттеп, қауіпсіздігін халықаралық дәрежеде растау қызметін жеңілдетеді. Орталықтың зертханаларында жасалған сараптамалар Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі халықаралық қауымдастықтың (ILAK) құрамындағы 112 елде мойындалады. Демек референс-зертхана тауарлардың қауіпсіздігіне алаңдайтын тұтынушыларға ғана емес, кәсіпкерлерге, яғни тауар өндірушілер үшін де тиімді.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағы зертхананың қызметін тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, жеке ұйымдар да пайдалана алады. Яғни бизнеске өнімді экспортқа шығару үшін немесе өз объектілерінде өндірістік бақылау үшін орталықтың зерттеу нәтижелері пайдалы болуы мүмкін. Бұл жөнінде сараптама орталығының басшысы Сәуле Шәріпова толығырақ айтып берді.
– Біздің сынақ зертханамыз тәуелсіз, техникалық мүмкіндігі де мол. Сынақ нәтижелерінің сапасы күмәнсіз. Аккредиттелген зертхананың сараптамалары халықаралық деңгейде мойындалады. Бұл өндірушілердің және экспорттаушылардың шығынын азайтады, олар зерттеулердің кең спектрін ескере отырып, белгілі бір өнімге толыққанды сараптама жасай алады. Шетелде қайта сынақ жүргізіп қосымша шығынға ұшырамайды, – деді С.Шәріпова.
Президент іс басқармасы медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова мұндай референс-орталық жұмыс сапасының сыртқы бағалау жүйесін жетілдіретінін айтады. Сонымен қатар диагностикалық күрделі жағдайларда зерттеу жүргізудің маңызды элементі саналады екен.
– Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жоғары дәлдіктегі бірегей зертханалық жабдықтармен жарақтандырылған. Мұнда жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Осының арқасында күрделі зерттеулерді сапалы әрі жедел жасауға жол ашылады. Бұл – елімізде биологиялық қауіпсіздік жүйесін құруда өте маңызды, – дейді Л.Бюрабекова.
Сараптама орталығының зертханасында ауа, су, топырақ секілді сыртқы орта объектілеріне, сондай-ақ тамақ өнімдеріне, полимерлі материалдарға және басқа да өнім түрлеріне кешенді зерттеу жүргізуге болады. Референс-зертхананың түпкі мақсаты отандық өндірісті қолдау ғана емес, қоршаған ортаны сақтауға және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық сауатын қамтамасыз етуге негізделген.
Орталықтың 8 зертханасында бактериологиялық, паразитологиялық, молекулярлық-генетикалық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық, хроматографиялық зерттеулер жүргізіледі. Диоксиндер анықталады және физикалық факторлар ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес өлшенеді. Бұдан былай орталықтың мамандары қызметі тамақ өнімдері, ауызсуды өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткізумен, балаларды тәрбиелеумен, оқытумен, халыққа коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсетумен байланысты кәсіпорындарға тренингтер мен санитарлық-гигиеналық дәріс өткізіп тұрады.
Маусымда орталық базасында Еуропалық комиссияның қолдауымен Халықаралық тренинг орталығы мен уытты-ақпараттық орталық ашылған. Орталық ұжымы 775 мыңнан астам зерттеу жүргізген. Зерттеулердің саны былтырғыдан екі есе көп.