Байқау • 03 Қазан, 2024

Оралхан байқауы мәреге жетті

58 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үшінші жыл қатарынан өтіп келе жатқан Оралхан ­Бөкей атындағы қаламгерлер бай­қауы мәресіне жетті. Рес­публи­ка­лық деңгейде Өскемен қаласы ­әкім­дігі ұйымдасты­рып жатқан биылғы байқауда қа­ламгерлер драматургия жанры бойынша бақ сынасты.

Оралхан байқауы мәреге жетті

Суретті түсірген – автор

Жыл сайын қыркүйектің шуақты күні аймақтың ақын-жазушылары мәре-сәре болысып, Оралхан Бөкей атын­дағы кітапханада бас қосады. Байқауда топ жарған қаламгерлерге құрмет көрсе­теді. Салтанатты жиыннан соң, жүлдегер­лер әдеттегідей жазушының туған жері Шың­ғыстайға сапарлайды. Бұл жолы да «Қай­дасың, Шыңғыстай?» деп жолға шық­қан.

Марапаттау рәсімі басталмас бұрын жиналған қауым жазушы туралы дерек­ті фильмді тамашалады. Экраннан 37 ­жыл бұрын драматургия туралы айтқан с­өзін тыңдады. Жазушы Әлібек Қаңтар­баев сөз сөйлеп, драматургияға қалам сіл­теп жүрген жастарға ризашылы­ғын білдірді. Оралхан туралы естелік айта келе, келесі жылы Қалихан Ысқақтың ­90 жылдығына дайын­далуымыз керек деп, басшылардың есіне салғандай болды. Басшы демекші, Оралхан Бөкей атындағы байқауға жыл сайын қолдау көрсетіп, жоғары деңгейде ұйымдастыруға тіке­лей үлес қосып отырған Өскемен қаласы­ның әкімі Жақсылық Омар марапаттау рәсіміне арнайы келді.

«Оралхан Бөкей – әлемдік әде­биетте ойып тұрып орын алған қа­лам­­гер. Жазушының атында ұйым­дас­тырылып жатқан байқау­ға қатысқан қаламгерлердің барлы­ғы­на шын риза­шылығымды білдіремін. Ал жүлде алған жазушы-драматургтер­ді құттық­таймын!» деді қала бас­шысы Жақсылық Мұқашұлы.

Естелік, лебіздерден соң, марапаттау рәсімі басталды. Өскемендік журналист Әділ Әуезхан «Қылбұрау» атты екі бөлімді драма-диалогі, Айдана Имашпаева «Өмірімнің нұры» драмасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ филологиясы факультетінің студенті Айсұлу Әділбек «Армансыздың аһ ұруы» драмасы үшін Өскемен қаласы әкі­мінің ­Алғыс хаты және ынталандыру сыйлығы – 200 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.

ІІІ орынды олжалаған алматылық Әлі­бек Байболдың «Бала. Отбасы. Үшеу» ­драмасы Өскемен қаласы әкімі­­нің ­дипломы және 700 000 теңге сертифи­кат­қа ие болды. ІІ орын «Жалғыздық сер­ті» атты драма жазған Айзат Рақыш­қа бұйырды. Сонымен қатар 500 000 тең­генің сертификаты берілді. Ал ­І орынды Павлодар қаласынан келген ­Жантас Еркінұлы еншіледі. Оның жүлде ­қоры 800 000 теңге. Бас жүлде – 1 мил­лион теңге ақтөбелік қаламгер Бақыт Жалиеваға бұйырды. «Мариан­на» деп драма жазған қаламгерге Орал­хан Бөкейдің бейнесі бедерленген ескерт­кіш табыс етілді.

«Бас жүлде бұйырады деп ойламаған едім. Қазылардың көңілінен шығып, жоғары баға бергендеріне алғысым шек­сіз. Шынымды айтсам, Оралхан Бөкей атындағы байқауға Шыңғыстайға бару үшін қатыстым», дейді ақтөбелік жазушы Бақыт Жалиева.

Иә, Шыңғыстайды аңсап келетіндер көп. Ондағысы, Оралханның үйіне барып, жазушы жүрген жерді бассақ дейді. Айтып өткеніміздей, бұл жолы да бір топ қаламгер жазушының туған күні қарсаңында ауылына, Алтайға аттанды. Шыңғыстайға жетеберістегі Оралханның талай шығармасына арқау болған Күркіреме өзеніне тоқтап, беті-қолдарын шаяды. Бас шайқап отырып, «Ұйқым келмейді», «Сайтан көпір», «Қасқыр ұлыған түнде» сынды шығармаларын талдайды. Шыңғыстайға кіргенде Оралхан әлеміне енгендей күй кешеді. Музейін аралап, қаламгердің шығармашылығымен етене таныса түседі. Сөйтіп, Шыңғыстайдан шабытпен қайтады. Демек үйді-үйіне жете сала қолына қайта қалам алары анық.

 

Шығыс Қазақстан облысы