Мәдениет • 03 Қазан, 2024

Торқалы тойда 126 ардагер марапатталды

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1934 жылы ұлттық, әлемдік классикалық мәдени мұраны насихаттау мақсатында құрылған Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өзінің 90-маусымын тарих бетіне өрнектеді. 90 жылдық тарихында 300-ден аса шығарманы сахнаға шығарған қазақ өнерінің қара шаңырағы мерейлі белесін тыңғылықты дайындықпен қарсы алып отыр. Атаулы күнге орай саналы ғұмырын киелі сахнаға, шығармашылыққа қызмет етуге арнаған театрдың 126 майталман маманы арнайы төсбелгімен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Торқалы тойда 126 ардагер марапатталды

Суретті түсірген – Елена Петрова

Қос мерейтой – ұлттық театрдың 90 жылдығы мен Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірігіп жазған «Абай» операсының 80 жылдығы тұспа-тұс келген маусым көрерменіне нағыз өнер мерекесін сыйлады. Ғасырға аяқ басқан театр ғимаратының алдына қызыл кілем төселіп, кірпияз класси­калық өнерге қалтқысыз қызмет еткен арда­герлерді көрермен тік тұрып, қошеметпен қар­сы алды. Марапат тек сахна саң­лақтарын ғана емес, шымыл­дық сыртында спектакль әзірлеуге қатысатын костюм цехы, грим маманы, жарық қоюшы сияқты театр­дың «көзге көрінбейтін» бар­лық бөлімінің бұрын­ғы қыз­мет­керлерін тұтас қамтыды.

КСРО Халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Бибігүл Төлегенова, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Раушан Байсейітова, Қазақстан және Татарстан халық әртісі Нұр­жамал Үсенбаева, опера және балеттің өзге де жарқын өкілдері, алматылық зиялы қауым, Қазақ­стандағы дип­ломатиялық елші­лік қыз­мет­керлері бұл кеште құр­метті меймандар қатарынан көрінді.

«Абай атындағы ұлттық театр­ ғасыр алдындағы жаңа белеске қадам басты. Әне-міне дегенше, алдағы он жыл­да қара шаңырағымыз алғаш­қы жүз­жылдық ғұмырын тү­йін­­дейді. Осымен 90 жылға нүкте қойы­латын тарихи күнде арда­гер­лердің басын қосып, еңбе­гіне рахмет айтып, лайықты құрмет көрсету бүгінгі өскелең ұрпақтың, өнер ұжымы­ның бірден-бір парызы деп есеп­теймін. Неге десеңіз, адам еңбегі бірінші кезекте ұжым тарапынан, одан әрі қарай қоғам, мемлекет тарапынан бағаланып тұрғаны маңызды. Бұл әсіресе өнер адамын шабыттандыру үшін аса қажет, сондықтан Абай атындағы театрда жаңа үрдіс – өз қыз­мет­керлерінің еңбегін жыл сайын атап өтетін әдемі дәстүр жалғасын таба береді», деді Абай атындағы ҚазҰОБТ директоры Айнұр Көпбасарова.

Театр ардагерлерін марапаттау салтанатында асыл­­­дың тұяғы Раушан Хатият­­­қызы анасының аса баға­лы портреті мен кезінде Күләш Байсейітованың спек­такльдерде киген бірнеше бас киімін өнер ордасының мұра­жайына сыйлады. Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Николай Цив­чинс­кий салған сурет бұрын-соңды еш жерде жария­лан­баған және оның өзіне тән ерекше тари­хы бар.

Маусымашарда қонақтарға шағын музыкалық тарту жасалып, мерекелі кеш Ахмет Жұбанов-Латиф Хамидидің «Абай» операсын тамашалау­мен тәмамдалды. Дәстүрге сай жаңа маусымның екінші күнінде П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті көрерменіне жол тартты.

 

АЛМАТЫ