Таным • 16 Қазан, 2024

Бас ұстаудан неге қорқады?

578 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Сенің әкең жақсы еді жамбас жеген, Жақсыдан жаман туса оңбас деген» болып келетін шумақ ертеректе ел ішін қыдырып жүретін. Өйтетіні, қазақта табақ тарту, қай мүшені кім ұстауы тиіс сынды жоралғылар аяқасты қалмайтын еді ғой. Ал тиісті жілік, мүше иесін таппай қалды екен немесе ұсынушы дұрыс үлестірмесе, дастарқан басындағы білетіндер әлгіндей шумақтарды мысалға келтіріп, сөзбен қойып қалатын. Айыпты жан алақандай дастарқан басында кірерге тесік таппайды ұяттан. Жамбас сүйектің қадірлі жандарға тартылатыны жоғарыдағы жолдардан белгілі емес пе?

Бас ұстаудан неге қорқады?

Ал бас ше? Әуелгі мүше бас емес пе? Оның жамбастан бұрын жү­ре­тіні белгілі. Үлкендер жағы бас тар­тпады немесе бас ұстатпады деп ренжісіп, тіпті кетіскенін талай естігенбіз. Бұ­рынырақта бас үшін бас кететін жағ­дайлар орын алғанын білеміз. Ауыл ақсақалдарын дәмге шақырғанда, елдің жасы мен жолы үлкеніне бас ұстатады. Сондай бір қонақта болса керек, бір рудың жасы һәм жолы үлкені «басты маған ұстатпадың» деп дастарқаннан тұрып кетіпті. Шынымен жолы үлкен бе, әлде одан да қадірлі біреу болды ма, кінә ет тураушыдан кетті ме – ол жағын анық біле бермеймін. Үй иесі бастаған қонақтар ыңғайсызданып, соңынан шығып қайтармақ болса, әлгі ақсақал атына мініп кетіп барады екен. «Ақсақал тоқтаңыз» десе де қайырылмай қойған соң, үй иесі атына міне сап алып қалмақ болса, ана кісі жеткізбей шаба жөнеліпті. Сөйтіп, шауып бара жатқанында, астындағы ат сүрініп кетіп, ана кісі жазым құшқаны туралы әңгіме естігем. Өтірік шығар деп қайыра сұрап, нақтылап соңына да жеткенмін. Рас екен. 

Бертінде тойға барған бас құда «бас қайда?» деп әлекке салғанын білемін. Бас тартылмай қалған ба, әлде жаңылысып басқа біреуге ұстатып қойды ма, білмеймін. Әйтеуір бас құдаға бас тимей, қырғын салған ғой. Зорға тоқтатыпты туысқандары. Енді қазір бас ұстайтын кісі таппайсыз. Қариялар, болмаса орта жастан асқандар бастан шошиды. Әкетші әрі демейді, бірақ соған жақындап қалғанын байқап қалып жүрміз. Тіпті бас тартып жатыр ма, жоқ па, оны да елемейді. Негізі бас тартылмаса, мал сойып, аса құрмет көрсетпегенін білдірсе де, мұны қоя берейік. Себебі, баяғыдай емес, біреуде жағдай бар, біреуде жоқ болуы мүмкін. Малға қараған заман емес, уақыт та тығыз. Ал ұсынған басты қайтарып, ұятты қылғанға не деуге болады. Біріншіден, алпыстан асса да, беті жып-жылмағай, келіп қалған қарттықты мойындағысы келмейтін сияқты. Ең қауіптісі де осы. «Қартаймайтын сайтан ғой деп пе ең?» деп отыратын үлкендер. Сайтан ғана қартаймайды. Осы тұрғыдан қарасақ, сұмдық қорқынышты.

Екіншіден, жауапкершілігінен қашу шығар. Бас ұстаған соң, соған сай пайымы мен танымы, әңгімесі, қылған ісі, орны болуы керек емес пе? Карта ойнап жүріп қалай қартайғанын білмей қалғандар аз ба? Басты ұстаған соң, оның көз-құлағын, тілі мен таңдайын, тағысын-тағыларын айырып, әркімге жолына қарай үлестіру бар. Онан соң миы мен жылы-жұмсағынан мипалау жасап, дастарқандағыларға аз-аздан ауыз тигізуі керек. Мұны білмесе не деп ұстайды ол басты? Бас ұстаған екенсің бата беруге міндеттісің. Осының бәрінен қашқан соң амалсыз «әкем тірі» деп жылмырайып отырмай қайтсін?