Қоғам • 23 Қазан, 2024

Әлеуметтік мемлекеттің басты қағидаты

63 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ата заңымыздың 1-бабында еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық һәм әлеуметтік мемлекет екені жазылған. Әлеу­меттік мемлекет қашанда қазынасындағы байлығын халқының тұрмысына, біліміне, денсаулығының жақсаруына жұмсайды.

Әлеуметтік мемлекеттің басты қағидаты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кез келген елдің әлеуеті әлеуметінің ахуалынан байқалады. 90-жылдардың елең-алаң шағындағы көлденең киліккен экономикалық кедергіні ел болып еңсердік. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен шақ пен қазіргі кезді, әрине, шендестіре алмайсыз. Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандарының еңбекақысына айлап қол жеткізе алмаған кезеңді еске алсаңыз – ертегі іспетті. Бүгінде халықтың әлеуметтік мәселесі оңынан шешіліп келеді. Дегенмен қордаланған түйткілді мәселелер әлі де бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын жүзеге асыру бәріміздің ортақ міндетіміз екенін атап өтті.

Ірі өндіріс орындары әсіресе «кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанымен, азаматтардың жалақысы айтарлықтай өспегенін» сынға алды. Бұл шаруаны оңынан шешуде Үкіметке табандылық таныту керегін ескертті. Еңбекақы төлеу қорын арттыру барысында жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Бес жыл бұрынғы Жолдауында Президент: «Мұғалімдер мен оқытушы­лардың әлеуметтік жағдайын жақ­сарт­па­сақ, бұл шаралар жүзеге аспайтынын» қатаң ескертті. Сол 2019 жылы өткен Тамыз конференциясында еңбек­ақыны төрт жыл ішінде екі есе артты­ру­ды тиісті министрлікке жүктеді. Пре­зидент мұғалімдердің жала­қысын көтеріп, құқықтарын қорғап, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. 21-бапқа жіктелген заң нормалары 500 мыңнан астам педагогтің мүддесін қорғауға бағытталған. Құжат күшіне еніп, мұғалімдердің жалақысы 2020 жылы – 25%, 2021 жылы – 50%, 2022 жылы – 75%, ал былтыр 100%-ға көбейіп, діттеген меже орындалды. Педагог-шебер біліктілігін алған ұстаздарға лауазымдық жалақының 50%-ы; педагог-зерттеуші санатына – 40%, педагог-сарапшы санатын алғандарға – 35%; педагог-модератор санатына өткендерге 30% мөлшерінде үстемеақы қосылды. Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдарда еңбек ететін педагогтердің де жалақысы былтыр 30%-ға артты. Халықаралық пәндік олимпиа­да жеңімпазы мен жүлдегерін дайындаған ұстаздардың да еңбегі елеусіз қалмайды, бірреттік сыйақы беріледі. Жыл сайын «Үздік педагог» байқауы ұйымдастырылып, білім, білігімен дара­лан­ған ұстаздарға қомақты қаржылай сыйақы да беріледі.

Ауылда жұмыс істейтін мұғалімдерге жер учаскесін бөлуде басымдық беріледі. Қалада еңбек ететін әріптестеріне қарағанда ауыл мұғалімдерінің жала­қысы мен тарифтік мөлшерлемесі 25%-ға артық белгіленеді. Ауылға қоныс ауда­рып, жұмыс істеуге келген педагогке жергілікті атқарушы органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызмет ақысы, көтермеақы мен отын, суы­на, тұрғын үй сатып алу немесе баспана салуға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мұның барлығы да педагог мәртебесін арттыру мақсатында жүзеге асып жатыр.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында елдегі зейнетақы жү­йе­сін жетілдіріп, дамытуға баса назар аударылатынын да айтты. «Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында нақты жұ­мыс жүргізу керек» екенін мін­деттеді. Жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы жи­на­ғындағы қаражатын тек зейнет­кер­лікке шыққан соң ғана игілігіне жарататын еді. Президент 2021 жылдан бас­тап «Зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде бас­пана сатып алуға немесе білім алуға пайдалану мәселесін» оңтайлы шешу қажет екенін айтты.

Әлеуметтік мәселенің ішіндегі соқта­лысы – баспанаға зәрулік. Президент бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін сайлауалды бағдарламасында да атап өткен болатын. Әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтардың баспаналы болуына жол ашуды жүктеп, жүйесіз бағдарламаларды тоқтатуды, тұрғын үй саясатын жетілдірудің моделін қалыптастыруды ескертті. Расында да әу баста әлеуметтік мүддені қорғайды деген «7-20-25» бағдарламасына табысы төмен адамдардың қолы жеткен жоқ. Себебі отбасылық табыс айына орта есеппен 320 мың теңгеден асуы керек деген талап талай адамға орасан тосқауыл болды. Одан кейін алғашқы жарнасына тұрғын үй құнының 10%-ын құйып, 2%-дық жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана алуға болатын «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Ең алдымен көпбалалы, мүгедек балаларды өсіріп отырған отбасылар қамтылды. Тұрғын үй кезегінде тұрған, әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отба­сылардың баспана мәселесін үш жылдың ішінде шешуді жүктеді. Ал бас­пананы сатып алуды қалтасы көтермейтін азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібін енгізуді тапсырды.

Президент Қ.Тоқаев 2019 жылдың мау­сым айында «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлық шы­ғарды. Тұрмыстың тауқыметін тартқан азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға мемлекет қолұшын созатынын жеткізді. Екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздарды өтеп беруге үндеді. Қаулы негізінде «көпбалалы отбасылар, асырау­шысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектігі бар отбасылар, атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кəмелеттік жасқа дейін айырылған, жиыр­ма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың» несиелік қарызы өтелді. Нақтыласақ, «қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдайға сай 3 млн теңгеден аспаса, бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағ­дай­ бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 мың теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тəртіпте шаралар қабылданды». Бір­реттік шара болғанымен бұл үрдіс тапқан-таянғанын несие қарызына құя­тын алаң көңіл ағайынға орасан қолдау болды.

Әлемді тарының қауызына сый­ғызып жіберердей сығымдаған коронавирус індеті кезінде (2020 жылы) әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орны мен халықтың табысын сақтап қалу мемлекеттің басты міндеті екенін ел ерекше ұғынды. Дағдарысқа қарсы жедел шаралар қолға алынып, табысынан қол үзіп қалған 4,5 мл-нан астам азамат 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Қазынадан 450 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Дүниежүзін қатты қысқан індет кезінде өзге елдерде мұндай атаулы көмек берілген жоқ. Азық-түлік, тұрмыстық заттар қоржыны бір миллионнан аса адамға берілсе, «Біргеміз» қорының қолдауымен бір жолғы қаржылай көмек 550 мыңнан астам отбасына үлестірілді.

Президент 2022 жылғы Жолдауында еңбекақыны нарықтың нарқымен салмақ­­тай отырып өсіру халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі екенін баса айтты. Ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізіп, 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеруге шешім қабылдады. Ал биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге жетті. Үш жыл ішінде еңбекақының ең төменгі шегі екі есеге көбейді. Бұл шара
1 млн 800 мың адамның, оның ішінде бюджеттік қызметте істейтін 350 мың азаматтың әл-ауқаты артуына септігін тигізді. Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесін жаңғыртуды жүктеп, ең төменгі базалық мөлшерлемесін бірте-бірте ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал жоғарғы шегін 120%-ға жеткізу қажеттігін ескертті. Келесі жылдан бастап жиынтық зейнетақы мөлшері орташа өлшеммен 27%-ға көбейеді. Әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырды. Былтыр 1 қаңтардан бастап бала күтіміне төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды.

Ата заңымызға жер мен табиғи ресурс­тар халықтың меншігі екені жазылған. «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек», деген Президент «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру келешектің қамын ойлап жасалған игі бастама екенін айтты. Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың жартысы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Биылдан бас­тап 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің есепшотына қаражат аударыла бастады. Жиналған қаржыны әр бала кәмелет жасына толғанда баспана сатып алуға я болмаса білімін шыңдауына жұмсайды.

Әлеуметтік мемлекет құру – елдікті нығайтудың басты қағидаты. Әділеттілік салтанат құрып, заң үстемдігі орнаған ортада халықтың әлеуеті арта түседі. Әлеуметтік мәселенің түйіні тарқатылғанда ғана ұлттық ұлы мұраттардың айы оңынан туып, қарыштап алға басады.