Қоғам • 08 Қараша, 2024

Дене тәрбиесіне кешенді көзқарас керек

139 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлт болашағын дені сау, мақсаты айқын, әлеуметтік белсенді ұрпақпен байланыстыра отырып, сапалы дене тәрбиесі саясатын ілгерілету – әрбір мемлекеттің көп заманнан бері келе жатқан басымдығы. Осы үздіксіз үдерісте еліміздің қолданыстағы дене шынықтыру тәжірибесін неғұрлым тиімді, икемді бағытқа бұруға ұмтылатыны заңдылық.

Дене тәрбиесіне кешенді көзқарас керек

Өмірдің барлық ас­пек­тісін қайта қа­рау­ды талап етіп отыр­ған жаңа жағдайда өскелең ұр­пақ­тың қоғамдық, кәсіби іс-әре­кет­ке дайындығы жоғары, жан-жақты, үйлесімді дамыған жеке тұл­ғасын қалыптастырудағы дене тәрбиесінің әлеуметтік маңызы арта бермек. Дене шынық­ты­рудың тәрбиелік қызметі эсте­ти­калық, интеллектуалдық мүм­кін­діктерді ашудан басталып, саламатты өмір салтын нығайтуға, еңбекке баулуға, жетістіктерге жігерлендіруге ұласады. Білім алушы құрылымдық ойлау арқылы ынтымақтастықтың, ұйымдық жұмыстың артықшылықтары мен талаптарын қабылдап, түсінеді, тәуекелдерді бақылап, мінез-құлық жауапкершілігін сезінеді. Әділ, өнім­ді ойынның өлшемшарттарын бағалау оқушыны ерте бастан нақты құн­дылықтарды ұғынуға жетелеп, қоғамдық өмірде белсенділікке, тия­нақтылыққа ынталандырады.

Бүгінде елімізде гендерлік тең­дікке, мүмкіндігі шектеулі жан­дарды қоғамның барлық мүше­сіне бірдей қажетті өмірлік үде­ріс­терге белсенді қосатын инклю­­зивтілікке негіздеген жалпы­ұлт­­тық консультациялар өткізу арқылы дене тәрбиесі стандарттарын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент жастардың бұқа­ралық спортпен айналысуына, дене тәрбиесін дамытуға үнемі маңыз беріп, оны халыққа арнаған жолдауларында әрдайым айтып келеді. Осы орайда сапалы дене тәрбиесі (СДТ) қағидаларын наси­хаттауға негізделген ЮНЕСКО-ның жаһандық бас­та­масы ұлт денсау­лығын ны­ғай­туға, жастар арасында дене шынықтыруды дамытуға бағыт­талған батыл қадам болды. Бұл жоба былтыр Президент жа­нын­дағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жөнін­дегі ұлттық комиссияның, Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлт­тық комиссиясының, сондай-ақ ИСЕСКО қолдауымен, Оқу-ағарту министр­лігі мен ЮНЕСКО ара­сын­дағы өзара түсіністік туралы ме­мо­ран­думға сәйкес іске қосылды. Идея ая­сында дене тәрбиесі саласына тал­­дау жасалып, дене тәрбиесі сая­­сатының басым бағыттары ай­қын­­далды. Сондай-ақ еліміздің бес ірі қаласында 500-ден астам дене­шынықтыру маманымен кез­­десу­лер өткізілді. Семинарлар дене­шынықтыру мұғалімдерінің кәсі­­би деңгейін көтеруге, оқытудың инклю­з­ивті әдістері мен гендерлік теңдік қағидаттарын енгізуге бағыт­талған. Сонымен қатар жас­тарды СДТ қағидаттарына тарту мақ­са­тында ЮНЕСКО клубта­ры­ның мүше­лерімен, денешы­нық­ты­ру пәні оқытушылары маман­ды­ғына оқитын студенттермен семинарлар аясында қосымша сессиялар ұйымдастыру көзделген. Бұл кездесулер жастар арасында денсаулық пен физикалық бел­сен­діліктің жаңа мәдениетін қа­лып­тастыруға көмектеседі. Орал, Қос­та­най, Астана, Түркіс­тан, Ақтөбе қа­ла­ларында сәтті өткі­зілген оқы­ту іс-шаралары Алма­тыда жал­­ғас­ты. Жиынға денешынық­тыру пә­ні­нің оқытушылары, оқу-ағар­ту, ден­сау­лық сақтау, туризм және спорт бас­қармаларының қыз­мет­­керлері, сондай-ақ бұқара­лық ақпа­рат құралдарының өкіл­дері қатысты.

СДТ саясатына енгізілген бас­та­маларды белсенді түрде насихаттай отырып, Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі денешынықтыру оқытушыларының кәсіби стандарттарын арттыруға назар аударады. Іс-шарада сөз болған тағы бір өзекті тақырып – балаларды денешынықтыру сабағына ынталандыру мақсатында мектептер­дің материалдық қорын жаңарту. Сондай-ақ келесі жылы елі­мізде инклюзияға баса мән бе­рі­ліп жат­қан жаңа мектептегі денешы­нық­тыру бағдарламасы сы­нақ­тан өтеді.

ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі әлеуметтік-гуманитарлық ғы­лым­дар секторының басшысы Мақсат Байбеков іс-шаралардың негізі – ЮНЕСКО стандарттарына сай мұғалімдердің әлеуетін арттыруға сеп­тесу екенін, әлемнің көптеген ел­інде жүзеге асырылып жатқан жа­һандық бастама аясында елеулі нәти­желерге қол жеткізілгенін атап өтті. «Дене шынықтыру – кез келген жетістіктің бастауы. Өйткені ден­с­аулық, белсенді өмір болма­йынша, адамның қандайда бір кәсі­би биіктерге шығуы неғайбіл. Осы ретте тәжірибе алмасуда, жаңа дағдыларды меңгеруде оқыту семи­нар­ларының пайдасы мол», деді ол.

Сапалы дене тәрбиесі, инклю­зивті оқыту, ЮНЕСКО-ның дене тәр­бие­сіндегі гендерлік теңдік қағида­лары жөнінде экономика ғылым­дарының кандидаты, сарапшы Әлия Ілиясова, еліміздегі дене тәрбиесі мәселелері мен оның тиімділігін арттыру жолдары туралы философия ғылымдары­ның докторы Светлана Отаралы әдістемелік тұрғыдан кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ қа­тысушыларға СДТ ілгерілетудегі Ұлттық олимпиадалық комитет тәжірибесінен, Баскетбол, Фут­бол федерациялары жұмысынан тұшымды ақпарат берілді. Тал­қылаулар барысында денешы­нықтыру пәнінің мұғалімдері мектеп бағдарламаларын икемді, оңтайлы тұрғыда әзірлеу, белгілі бір шеңбердің аясында ұстамай, оқытушыға шығармашылық ер­кіндік беру мәселелерін қозғады. «Мәселен, бағдарламаға енгізілген футболды баланың бәрі бірдей қабылдай бермейді. Кейбіреуіне спорттық ойынның басқа түрі ұнауы мүмкін. Бізге барлық материал, көмекші құралдар ұсыныл­ғанына қарамастан, үш жыл осы бағдарламамен жұмыс істегенде байқағанымыз, оқушылардың барлығын бірдей бұл бағытқа тарта алмадық. Сондықтан мұндай сынақтарды абайлап жүргізу қажет. Футбол өз алдына бөлек, секциялық жұмыста болуға тиіс деп санаймыз», дейді олар.

Өз көзқарасымен бөліскен дене­­шынықтыру мамандары атап өткендей, бұқаралық спорт дене тәрбиесі сабағынан қалыптасады. «Кезінде «Еңбек пен қорғанысқа дайын» (ГТО) нормативтері мықты құрал ретінде жұмыс істеді. Әрине, бұл қазіргі уақытта өзекті болмауы мүмкін. Дегенмен белгілі бір жаңа параметрлерді лайықтап әзірлеуге болар еді. Жарыстарда «Тезірек! Жоғарырақ! Күштірек!» ұранымен жеңіске ұмтылу Олимпиадалық жетістіктердің, жүлделердің бас­тауы болғанын жоққа шығара алмаймыз», дейді спорт саласының тәжірибелі мамандары. Олардың пікірінше, бағалау жүйесін алып тастау денешынықтыру сабағына немқұрайды қарауға, дене тәр­бие­сінің нашарлауына әкелді. Сон­дықтан егер бұқаралық спортты дамытып, дене шынықтыруды жаңа деңгейге көтергіміз келсе, баланың да, ата-ананың да талабы мен еңбегін ынталандыратын бағалау жүйесін қайтару керек. Дене шынықтырумен, спорт­пен шұғылдануда, жоғары көр­сеткіштерге қол жеткізуде ынталандыру шаралары мен тетіктері маңызды орын алуға тиіс.

Оқу-жаттығу бағдарламасының бір бөлігі – танымал отандық спортшылардың жастармен кез­десуі. Алматыда өткен шараның осы модуліне жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен спорттық гимнастикадан Париж ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов қатысты. Өз өмірлеріндегі спорттың рөлі, тәртіп пен табандылықтың маңызы тура­лы әңгімелеп, тәжірибелерімен бөліскен атлеттердің өнегелі жолы жастарды діттеген мақсатына жетуге шабыттандырары сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар

Ханбибі биігі

Тұлға • Бүгін, 08:25

Даланы әнмен тербеген

Тұлға • Бүгін, 08:20

Ақтаңгер ақын

Тұлға • Бүгін, 08:18

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:15