Оқиға • 12 Қараша, 2024

Ақ көйлек, аппақ үміт

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аппақ көйлегінің етегі жер сызып, сыртқа шықты. Бота көзін аударып-төңкеріп, подъездің алдындағы баспалдақтан түсе бергенде, кеудесіне жасанды гүл шоғын таққан жігіт қолын созды. Ертеңгі күйеуі болса керек. Қасы-көзі қиылған қара торы қыз бұлтты күні жарқ еткен күндей аула­да топтасқан жастардың арасын қыран-топан күлкіге бөлеп, бір-ақ сәтте көңілдендіріп жіберді. Шампан атылып, бір реттік ақ стакандарға құйылды. Қара костюмді күйеу жігіт қобалжулы секілді. Көңі­лінде алаң бар.

Ақ көйлек, аппақ үміт

Сурет: arabic.alibaba.com

Осыдан екі-үш ай бұрын жаздың қоңыр салқын түнінде ауладағы дәл осы орындықта таза ауамен тыныстап отырған едім. Кенет, подъездің есігі шалқасынан ашылып, темір жақтауға шарқ етіп тиген. Алаңсыз жүрген ойын балалары да жалт қарасқан. Қалта телефонын құлаққа жабыстырған күйі осы қыз ғой, әлдекіммен дауыстай сөйлесіп шыққан. Естіген құлақта жазық бар ма? Үйдің бүйіріндегі қараңғылау тұсқа барып: «Той жасамасаң, менің нөмірімді өшіре сал» деді. Кіммен сөйлесіп тұрғанын қайдам, тұрмыс құруға ниетті қыз екенін түсіндім.

«...Кредит аласың ба, қарыз аласың ба, шаруам жоқ. Ел қатарлы ақ көйлек киіп, бақытты болуға құқым бар шығар. Бір той жасай алмасаң, несіне сақина салып жүрсің?» деген зілді дауысынан-ақ, тұтқаның арғы жағындағы жігітке, жігіттің ата-анасына жаным ашыған. Қазақтың ырду-дырду тойы басталмас бұрынғы құдалықта кигізетін көйлек-көншегінен-ақ кикілжің шығып, қаншама жастың мөп-мөлдір махаббатына сызат түсер еді? Бұл да соның кебі. Күні кеше ғана бір-бірін айым-күнім деп жүрген жастар той қамына келгенде итіс-тартыс күйге түсе бастады. Ертеңдері қалай болары, бір құдайға аян.

«Ей, сен тыңдап тұрсың ба мені? Сөз салмас бұрын ойлануың керек еді. Той болмаса, мені ұмыт. Ұқтың ба?» деді де, телефонын жамылып шыққан қара күртінің қалтасына сүңгіте салды. Сүңгіте салып, солқылдап жылады.

Көршінің кенже қызының сол кештегі сөзі тіпті айдаладағы менің құлағымда қалыпты. Ақыры діттегеніне жеткен екен. Бүгін қаланың бір мейрамханасында ұлан-асыр той. Бес сағаттық тойға бола белшеден кредитке кірген ата-ана. Шыққан шығыннан бұрын ата-ананың үміті ақталса екен деп, орнымнан тұра бергенімде, есіктің алдына «Лимузин» келіп тоқтап жатқан...