Тұлға • 13 Қараша, 2024

Тұлғаға қатысты тарихи құжаттар

421 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Рысқұловтың өмірі мен мемлекеттік қызметіне қатысты бізге беймәлім деректер мен құжаттар, архив материал­дары әлі де аз емес, себебі Тұрардың күні бүгінге дейін толық библио­гра­фиялық көрсеткіші жасалған жоқ, ал бұл істі жүйелі түрде қол­ға алатын кез де, уақыт та жетті. Сондай құжаттар Рыс­құ­ловтың қазақ жері аумағының қалыптасуына қатысты, оны іске асыруға байланысты көтерген мәселелері болса, екін­шісі – шығыс елдеріндегі кино өнерін дамытуға қатысты прак­ти­калық іс-шаралары мен жасаған шешімдері.

Тұлғаға қатысты тарихи құжаттар

Тұрар Рысқұловтың қыз­мет­­тік кезеңдерін шартты түр­де:­ ташкенттік, мәскеулік, моң­ғо­лиялық деп бөліп қарайтын болсақ, 1926 жылдың 31 мамыр ­айында РСФСР Халық Комис­сар­лары кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1937 жылы мамыр айында Кис­ло­водскіде «халық жауы» ретінде жазықсыз тұтқынға алынып, 1938 жылы атылғанға дейінгі 11 жылдық мемлекеттік аса жоғары лауазымдық қызмет атқарған уақыттағы істеген жұмыстарына тікелей байланысты аса бай әрі мол құжаттар дестесі бұлар Ресей­­­дің әртүрлі архивінде сақ­таулы. Олардың негізгі бөлігін мәс­­кеулік тұрартанушы, профессор В.М.Устинов Рысқұлов туралы ғылыми еңбектерін жазу барысында іздеп, тауып, пайдаланып, ғылыми айналымға түсірген еді. Алайда шаң басып жатқан материалдар аз емесін мәскеулік ғалым да атап көрсеткен болатын.

Т.Рысқұлов РСФСР Халком­кеңесі төрағасының орынбасары қызметімен қатар, басқа да шаруашылық пен комитеттер­дің жұмысына жетекшілік етті. Соның ішінде Коммуналдық шаруашылық бас басқармасына (1930–1931), эксперттік кеңес пен қоғамдық тамақтануға көмектесу кеңесіне (1930–1934), РСФСР-дің ЭКОСО жанындағы ұсақ өнеркәсіп және кәсіпшілік кооперация коми­тетіне (1932–1934) басшылық етті. Осы салаларға қатысты Т.Рысқұлов көтерген мәселелер бойынша құ­жаттар қолымызда жоқ. Ал бұл құ­жаттар Рысқұлов қызметінің көп қырларын аша түседі.

Т.Рысқұловқа қатысты аса маңызды архив құжаттарының ішінде оның 1926 жылы Мәскеуде өткізген ұлт өкілдерінің жеке кеңесі, бұл V бейресми ұлт кеңе­сі аталған жиын материалдарын­ мәскеулік тұрартанушы В.М.Устиновтің көмегімен 1990 жылдары едәуір қаржыға сатып алған болатынбыз.

Т.Рысқұлов өзі тікелей атсалысып өткізген кеңес – КСРО мемлекеті ыдырағанға дейін құпия сақталып келді, ешкімнің де пайдалануға мүмкіндігі жоқ болатын. Міне, осы құжаттар топтамасы негізінде, кезінде біз Ғаппар Маймақовпен бірлесіп, 1999 жылы «Санат» бас­пасынан «Құпия кеңестер» деген атпен көлемі 20 баспа табақ еңбек жазып жарияладық. Оған алғысөзді академик Кеңес Нұрпейісов жазды.

Бұл – Рысқұловтың қай мәсе­лені болсын батыл, ешкімнің алдында тайсақтамай, ашық қоя­тын принципті қайраткер еке­нін көрсететін бірден-бір құжат. Ұлт мәселесі, әсіресе, КСРО-да аса күрделі шетін мәселе болатын, себебі бұрын отар ел болып келген, отаршылдықтың қамытынан ұзақ уақыт арыла алмаған, езілген, даму жағынан артта қалып қойған халықтар кеңес өкіметі орнағаннан кейін, Ресей пат­шалығының кемсітуші­лік сая­сатынан бірден арыла алған жоқ. Осындай жағдайда Т.Рыс­құ­лов, сондай-ақ басқа да ұлт республикаларының тарих сахнасына көтерілген қайраткерлері өз ұл­тының саяси-әлеуметтік, рухани бостандыққа қол жеткізуі жо­лында аянбай күресті, әсіресе эко­но­микалық жағынан артта қалған рес­публикаларға мұны бірден еңсеру, іске практикалық тұрғыдан ор­нықтыру оңайға түспеді.

Т.Рысқұлов зорлық-зомбы­лықты, нәсілдік кемсітушілікті өз көзімен көріп, әділетсіздікті өмір жолы мысалынан айқын сезінді. Ол үшін халқын саяси бостандыққа жеткізу – басты мақсат болды, осы жолда өмір бойы күресті. Ол өскен қоғамдық орта, нәсілдік кемсітушілік, ұлт мәсе­лесін тереңірек әрі жан-жақты зерт­теп білуге, айналысуға мәжбүр етті.

Біз сөз етіп отырған Т.Рысқұлов өт­кізген ұлт өкілдерінің же­ке ке­­ңесі ұлт мәселесіне бай­ланысты шешілмей жатқан өзек­ті мәсе­лелерді жан-жақты қарас­ты­ру­да, саяси, экономикалық, конс­­­ти­туциялық тұрғыдан тарихи тағылымы өте мол. Одақта V ұлттық кеңес шақыру қажетін барынша батыл көтерді. Ұлт мәселесінің шешімін таппай келе жатқаны ашық айтылып, орын алып отырған келеңсіздіктер барынша объективті түрде қамтылды. Сталинге ұлт мәселесін бұлай қою әрине ұнамады, себебі кеңесте сөйлеген қайраткерлер Сталиннің ұлт саясатын ашық сынға алды. Кеңес материалдары Орталықтың, дұрысы Сталиннің нұсқауы­мен Автономиялы республика­лар­да талқыланып, онда көтеріл­­­­ген мәселелер жоққа шығарылды. Рысқұ­лов және оның төңірегіндегі Кеңес­ке қатысқан қайраткерлердің іс-әрекетін жөнсіздік, қате деп тану, ұлт өкілдері орынсыз шақырылған деп санау, оларды қателік жасады деп айыптау науқанына айналды.

Қазақстан, Татарстан және тағы басқа да автономиялы рес­публикаларда Рысқұлов өткізген кеңес талқыланып, айыпталды, тіпті ашықтан ашық қараланды. Зиянынан басқа пайдасы жоқ деп бағаланды. Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы тура осындай позицияда, жеке кеңесті, оны өткізушілерді сынға алып, саяси айып тақты. Ол қаралау кеңесіне негізінен белгілі қазақ қайраткерлерін пайдаланды, солардың аузымен кеңес көтерген мәселелерді айыптап, жоққа шығарды.

Орталық Т.Рысқұловты мо­раль­дық-психологиялық тұр­ғы­­дан сағын сындырып, илеп алғысы келді, жеке кеңесті, оны ұйымдастырушыларды жаппай қаралау – соның айқын нәтижесі. Боркемік қайраткер болса, бірнеше автономиялы бірлестіктердің әділетсіз, объективсіз, орынсыз қаралауын көтере алмай, саяси аренамен мүлде қош айтысып кетер еді. Рысқұлов Сталиннің қаһарынан бүгіліп қалмай, рухы қайта түледі. Бұрынғыдан да батыл, дүниежүзілік маңызы бар масштабты жұмыстарға басшылық жасап, өзін жаңа ғасыр биігінен тұлға ретінде көрсетіп, таныта да, мойындата да білді.

Бұл кеңес маңызын көп­ші­лік оқырман түгілі, маман та­рих­шылардың өзі әлі де біле бер­мейді. 1999 жылы біздің Ғ.Май­ма­­қовпен бірігіп шығарған кіта­бымыздың тиражы небәрі 2000 дана. «Құпия кеңестер» деп аталатын бұл еңбек кітапханаларда жоқ. Кеңес құжаттары Мәскеу, сондай-ақ автономиялы республикалар архивінде сақтаулы. Біз осы ұлт өкілдерінің жеке кеңесін­дегі құжаттардың толық нұсқасын сақтап келеміз, оның әр бетінің екінші жағында «рассекречено» – «құпиясыздандырылған» деген штамп бар. Материалдар «құпия» ретінде 70 жылдай архивте жатты. Мемлекеттік қауіп­сіз­дік комитетінің рұқсатымен ғана пайдалануға берілді. Кеңес жұ­мы­сына қатысқан қай­раткерлердің бәрі дерлік қыз­ме­тінен алынып, шеттетілді, қу­даланды. Әсіресе Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы кеңес жұмысын жоққа шығаруға бар күш-жігерін, әдіс-айласын аямады.

1926 жылы желтоқсан айында Қызылорда қаласында Голощекин өткізген кеңестің құжаттары да республика архивінде құпия түрде сақталды. Тарихшылар еңбек­терінде аталмады, ол туралы ғалымдар жақ ашпады.

Ал бүгінде Тұрарды даттап, орынсыз сын айтушы сыңаржақ пікірдегі мамандар да кезінде Одақты, Орталық Комитетті дүр сілкінткен, үрей туғызған бұл кеңес жөнінде ауыздарына құм толтырып алғандай үнсіз. Оның басты себебі мынау: 1923 жылғы ұлт мәселесіне арналған ІV кеңестен кейін, 1926 жылы «РСФСР-дің, РСФСР құрамындағы автономиялы республикалардың құрылысы» туралы ВКП(б) ОК Саяси Бюросы комиссиясы құрылды, мақсаты автономиялы бірлестіктер­дің мемлекеттік құрылысын дамыту, Орталықпен арақатынасты нақтылау жұмыстарын жүргізу болатын. Комиссия мемлекеттік құрылыстың көптеген саласы бо­йынша жұмыс істеді. Міне, өзі де Калинин басшылық еткен осы Комиссияның мүшесі Т.Рысқұлов Саяси Бюро құрған комиссияның жұмысына қажетті материалдарды ұлт өкіл­дерінен алу мақсатымен екі күнге созылған жиынды шебер пайдалана білді. Кеңесті өткізу туралы Калининмен келісіп те алды. Алайда игі мақсат көздеген ұлт өкілдерінің кеңесіне іле мүлде теріс баға берілді. Кеңесті, онда талқыланатын мәселелерді ғылы­ми, құқықтық негізде жоғары дең­гейде өткізуді, құжаттарды қысқа мерзімде даярлап бітіруді, олардың партиялық тұрғыдан сая­си сауатты әзірленуін Рысқұлов өте шебер қамтамасыз ете алды. Жеке кеңес құжаттары, оның стенограммасы өте сауатты жаса­лынған, мұндай материалдар, әрине, сирек­ әрі ғылыми сипаты да жоғары. Ұлт мәселесіне қатысты көптеген өткір проблемаларды осы жиында Тұрар ашық көтеріп, түйт­кілді мәселелердің саяси түйінін объек­тивті шеше білу жолдарын ұсынды. Аса маңызды жиынның күн тәртібін іріктеп, анықтап белгілеуде, көтерілетін мәселелер дестесіне назар аударуда Тұрар саяси кемелдік, теориялық дайындығы жоғары мемлекет қайраткерлерінің жаңа типті тұлғасын да көрсете біл­генін айқын байқайсыз. Рысқұлов ұлт мәселесін езілген халықтар мүддесімен, халық­аралық жұмыс­шы қозғалысымен байланыстырып, мемлекеттік деңгейде көтере білген. Ол ұлт мәселесін теориялық және практикалық тұрғыда терең игерген, терең ой толғайтын, ізденімпаз әрі жан-жақты білімді қайраткер ретінде ашық мойындалды. Мұны баса айту қажет.

Ұлт мәселесіне қатысты қор­даланып қалған мәселелер жиын­тығы дер кезінде шешіліп отырмаса, ұлттық қайшылыққа, шовинизм мен ұлтшылдыққа алып келіп соғатыны мәлім. Кез келген ұлт­тың саяси тұрғыдан тәуелсіздікке ұмтылуы заңды нәрсе, сол жолда ол күреседі, түпкі нәтижеге қол жеткізуге ұмты­лады. Ұлттың өзін-өзі билеуіне қол жеткізуі, ұлттық кадрлар даяр­лауға, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін ұлт мамандарын оқытып, жетілдіруде зиялылардың алатын орны ерекше. Қазақ елінде Рысқұлов сынды ұлт кадрларының көптеп өсіп-жетілуіне мүмкіндіктердің есігі айқара ашыла бермеді. Тұрардың өткізген жеке кеңесінің түпкі мақ­саты шағын халықтардың, ұлт­тар­дың өз елін өзі басқаруына қол жет­кізу болатын. Ұлт мәселесі ең бір нәзік әрі күрделі мәселе екенін терең талдап, оны шешу жолдарын қарастырған қайраткер болды.

Ұлт мәселесінің көптеген проблемалары Сталиннің өзін де сескендірді. Ал ұлт өкілдерінің жеке кеңесіне қатысушылар 1927 жылы Қазақстан Одақтас республикаға айналуға тиіс деп мәселе қойды, кейбір автономия­лы облыстар, автономия республика мәртебесіне ие болу керек деді. Бұл, әрине, өте өткір әрі батыл қойылып талап етілген мәселелер болатын, ұлт тағдырын ойлаған қайраткерлер өз елінің өзге елдермен терезесі тең болуын көкседі.

Т.Рысқұловтың 1926 жылғы 12–14 қарашада өткізген Ұлт өкіл­дерінің жеке кеңесін талқылап, Қазақ­станда бірнеше кеңес өткізген Голощекин ұйымдастырған жиын құжаттары аса құпия сақталғанына тоқталдық.

Голощекин өткізген кеңес материалы «Қазөлкелік Партия комитетінің бюросы, ВКП(б) Бақылау Комиссиясының төр­ал­қасы және Халық Комис­сарлары кеңесі мен Қазақ Атқару комитетінің 18.ХІІ.1926 жылғы біріккен жиналысының сте­но­граммалық есебі. Ұлт өкілдерінің – БОАК-тың және КСРО Атқару Комитеті мүшелерінің Мәскеу қаласында өткізген кеңесі туралы» деп аталады. Стенограмма мате­риалының көлемі – 71 бет. Құпия. Қайтарылуға жатады. Рысқұлов, Досов, Калинин, Сталин, Молотов, Косиор, Зелинский, Хатаевич, Рыков жолдастарға және ОК хатшыларына деп сиямен жазылған. Хатқа ВКП(б) Қазақ өлкелік партия комитеті бюросының хатшысы Пятницкийдің қолы қойылған.

Қазақ өлкелік партия коми­те­тінің жауапты хатшы­сы Голо­­­ще­кин Қызылорда қала­сын­да өткізген жиналысқа барын­ша даяр­ланды. Нұрмақов, Мыңбаев, Исаев, Сұлтанбеков, Жангелдин, Құлымбетов, Лекеров, Саматов, Жандосов, Тоқжанов, Мырзағалиев, яғни он бір қазақ қайраткері Рысқұлов өткізген осы кеңесте мүдіріп қалғандай көрінеді. Олардың өз ойын ашық білдіре алмағанында бір кілтипан бар секілді. Голощекиннің бір өзі ғана қазақ қайраткерлерін Рысқұ­ловқа қарсы айдап салды. Бұл қа­зақ интеллигенциясының билік ба­сында өз пікірін ашық айта ал­ма­ған кезеңін көрсетеді. Ж­и­на­лыста екі-ақ адам Рысқұлов өткіз­ген ұлт өкіл­дерінің кеңесін жаман­дап сөй­ле­мепті, оның бірі – Мыр­­з­а­ғалиев болса, екіншісі – Жан­досов болатын.

Голощекиннің жиыны рес­публикада жұмыс істеп жүрген жергілікті қайраткерлердің бәрін ықтырып тастады, оның бүкіл іс-әрекетінен менің айтқаныммен жүрмесең, сен де Рысқұловтың кейпін киесің деген сес жатты. Сөйтіп Т.Рысқұлов өткізген жеке кеңес Қазақстан басшылығы тарапынан қолдау таппады, қайта барынша қате, жаңылыс, шалыс қадам, саяси қателік ретінде теріс бағаланды.

Ал шын мәнінде Тұрар ұйым­дастырып өткізген V жеке кеңес оның саяси-теориялық тұрғыдан өскенін де нақты байқатты. Ол өткізген жиын ұлт мәселесінің ірі теоретигі екенін замандастарына мойындатты. Тұрартанушы мәскеулік ғалым, профессор В.М.Устинов 1995 жылы Алматыға кел­ген сапарында: «Тұрар Рыс­кулов қайраткерге тән барлық параметрлері бойынша алғанда Сталиннен кем емес еді, ал ол ұлт мәселесінің терең білгірі ретінде одан әлдеқайда жоғары тұрды. Оның Қазақстанға бірінші басшы болып келе алмау себебіне біз долбар жасамай-ақ қояйық», деген-ді. «Одан әрі бір кездері бір мемлекеттің азаматтары болып келген біздер тағдыр еркімен енді бөлек мемлекеттің азаматы болып шыға келдік. Устинов Тұрар Рысқұловтың 1920 жылы ТурЦИК-тің төрағасы қызметінде Түрік Республикасы, Түрік Компартиясын құру жөніндегі шешімге қол жеткізіп, оған Ленин­нің санкция бермегенін айта келе, қазіргі реалды жағдайда 1920 жылғы Т.Рысқұловтың көтерген мәселесі дұрыс еді. Оған Ленин жол бергенде Орталық Азия мен Қазақстанның доңғалағы мүлдем басқаша дөңгелер еді. Сол кездің өзінде Рысқұлов көрегендік жасады», деген-ді оның өмір жолы мен қызметін талдай келе. Рысқұ­лов Лениннің алдына Түркістан Республикасы туралы жобасын қояды. Ленин мұқият танысып: «Необходимо, на мой взгляд, проект Рыскулова отклонить», деген бұрыштама қойған. Осы бұрыштама кейін Тұрар саяси қате жасады деп айыптауға себеп болды. Ал бұл саяси қате емес, ұлттың өзін-өзі басқару талабы, дербестігі үшін күрес болатын.

Тұрар сияқты халықаралық деңгейде танылған қайраткерді, кө­семді тануға қатысты құпия болып кел­ген құжаттар – мол мәлімет, материал. Оны дұрыс саралап, талдап беріп, жас ұрпаққа тарихи шындықты баяндау аса қажет.

Алайда Т.Рысқұлов бұл жеке кеңеске байланысты қаралауға ұшыраса да, жазалауға ұшырай қоймады. Арада үш-төрт ай өтпей жатып-ақ Тұрар кезінде кеңес одағында Днепрострой, Волга-Дон құрылысынан кейін үшінші құрылыс атанған Түркістан-Сібір теміржолын салуға тікелей атсалысуға тартылды. Ол РСФСР Халкомкеңесі жанынан құрылған «Түркістан-Сібір темір жолын» салуға көмектесу жөніндегі коми­теттің төрағалығына бекітілді, бұл қоғамдық негізде жұмыс істеген комитет болды. Тұрар аталған комитеттің алғашқы пленумын 1927 жылы 22 ақпанда өткізіп, қауырт жұмыстың тізгінін бірден қолына алды. Бұл атақты құрылыс мерзімінен 1 жыл екі ай бұрын аяқталып, Түркістан мен Сібір арасында теміржол байланысы іске қосылды. Мұндай алып құрылысқа басшылық ету Тұрардың беделін бұрынғыдан да көтере түсті.

Т.Рысқұлов 1938 жылы «халық жауы» ретінде жазықсыз жала жабы­лып атылды. 1956 жылы заңды түрде ақталғанымен, ресми ақталмай келді. Баспасөз бет­­те­рінде саяси қате жіберген, пан­­тюркист, панисламист деген «жапсырма» қалмай-ақ қой­ды. Міне, осындай жағдайда «Социа­листік Қазақстан» газетінің бір бетіне журналист Рақымалы Бай­жа­ра­совтың «Тұрар Рысқұлов» деген мақаласы 1960 жылы жа­рық көрді. Мақаланы республи­ка басшы­­лы­ғы, пар­тияның Орта­лық Комитеті теріс қабылдап, «Социа­лис­тік ­Қа­зақ­­­­станда» жария­лан­ған аталған ма­­те­­риалды бюро­да қа­рап, аса қауіп­ті қаулы қабыл­дады.

«...1919–1920 жылдары Мұсыл­ман Бюросының, ТурЦИК-тің, Түркістан Халкомкеңесінің төр­ағасы болып жұмыс істеп жү­ріп, РКП(б)-ге қарсы Түрік ком­пар­тиясын құруға қол жеткізді. Түрік Республикасын құру іс жүзінде шығыстағы ұлттық республикаларды кеңестік Россиядан қол үздіру болатын, партияның және кеңес үкіметінің Түркістандағы саясатын жүргізіп отырған Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) және Халкомкеңесінің Түркіс­тан комиссиясына қарсы прин­ципсіз күрес жүргізді.

1920 жылы шілде айында Т.Рысқұлов контрреволюция­шыл Алашорда көсемі А.Бай­тұр­сынұлымен және кейіннен басмашылар жағына өтіп кеткен башқұрт ұлтшылы З.Валидовпен бірге Лениннің атына хат жолдайды. Бұл хат біздің партияның ұлт мәселесіндегі басты бағытына қарсы күрестегі буржуазиялық ұлтшылдардың негізгі платформасы болып табылады. Бұл хатта Т.Рысқұлов және басқалар Лениннің Коминтерннің Екінші конгресіне арналған ұлттық және отарлаушылық мәселелері жөніндегі тезистеріне өршелене қарсы шықты. Орта Азия мен Қазақстан халқын әлеу­меттік және ұлттық езгіден орыс жұмысшы табы мен орыс ком­му­нистері­нің көмегінсіз азат ету мүм­кін­дігі ­туралы «идеяны» ұсынды.

...Мұның бәрін біле отырып, «Социалистік Қазақстан» газеті Т.Рысқұловты ірі революционер және де қазақ халқының ұлттық батыры етіп көрсетуге дейін барған мақаланы жариялады, бұл тарихи шындықты дөрекілікпен бұрмалау болып табылады.

«Қазақстан КП Орталық коми­теті «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының іс-әрекетін саяси тұрғыдан дұрыс емес әрі қате деп санайды, ұзақ жылдар бойы партияның басты бағытына қарсы күрес жүргізіп келген ірі ұлтшыл-уклонистердің бірінің қызметін насихаттауда қате бағыт ұстанған.

Газет редакциясы мен редактор жолдас Шәриповтің тікелей өзі принципсіздік әрі саяси көрсоқырлық көрсеткен, кейбір жекелеген жағымсыз көңіл күй­дегі, артта қалған адамдардың ықпалына түсіп қалған».

Біз үзінді келтірген Қазақстан КП Орталық Комитеті бюросының қаулысы аса ірі мемлекет қайрат­кері Тұрар Рысқұловты 1938 жылдан кейін екінші рет қаралады, сөйтіп қазақ халқының біртуар азаматы туралы баспасөз беттерінде материалдардың жарық көруіне тыйым салынды. Газеттің бас редакторы, майдангер журналист Қасым Шәрипов қызметінен алынып, жазаланды, материалды шығаруға қатысы бар қызметкерлердің бәрі де жазадан құтылып кете алмады. Сөйтіп 1960 жылғы 12 қарашадағы ОК бюросы қаулысының қаһарына ұшырап, саяси көрсоқыр атанып қалмас үшін бұл тақырыпқа қалам тартудан қаламгерлер тартынып қалды. Ал үрей тудырған мұндай қаулыға кім қарсы тұрмақ? Ешкім де. Дәрменсіздік жағдай 1972 жылға дейін созылды.

Қазақ халқы үшін бүкіл өмірі мен қызметін арнаған тұлғаға қатысты қаулыны жоюды, сөйтіп Тұрарға қатысты барлық айыптау­ларды алып тастау үшін екінші бір Рысқұлов сынды қайраткер аренаға шығуға тиіс еді. Ондай талантты қайраткер шықты да. Ол кім дейсіз ғой? Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарын 25 жылдай басқарып, тарихта терең із қалдырған қайраткер, ғалым, жазушы Асанбай Асқаров болатын. Асқаров Алматы облысын 1965–1978 жылдар аралығында сәтті басқарды. Алматыны әлемдегі ең сұлу, әсем қалалардың қатарына қосып, көркейтіп кеткен А.Асқаров Т.Рысқұловтың қызметін терең зерттеп білген. Ол Қазақстан КП ОК бюросының 1960 жылғы 12 қарашадағы қаулысын қайта қарау үшін республика басшысының алдына жан-жақты негіздеп қойып, жоғары деңгейдегі арнайы мем­ле­кеттік комиссия құрғызады. Ко­мис­сия төрағасы – Қазақ КСР Жоғар­ғы Советі президиумының пред­­­седателі С.Ниязбеков. Бұл мем­­лекеттік комиссия түбе­гей­лі жұ­­мыс жүргізді. «Тұрар Рыс­құ­лов­­тың өмірі мен қызметі туралы анық­тама» атты құжат даярланды. Көлемі – 54 бет. С.Ниязбеков, С.Има­шев, А.Асқаров қол қойған құжат Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың атына 1972 жылы 26 желтоқсанда жі­бе­рілді. Анықтаманың соңында ­«Қа­зақ­­стан КП ОК бюросының 1960 жыл­ғы 12 қарашадағы қаулы­сын қай­та қарау керек деп санаймыз» де­лінген. Содан кейін барып қа­на Т.Рысқұлов республикада сая­­си тұрғыдан ақталды.

Бірақ Тұрарға қатысты жалған айыптаулар күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын түсіну қиын. Соң­ғы жылдары оны «сексот», «до­нос­щик», «қазақ халқының мү­д­­десін сатқан», «алашорда қай­рат­керлерін қуғын-сүргінге ұшы­ра­ту­дың құқықтық негізін жа­са­ған», т.б. көпірме, күлдібадам, күйе жақ­қан материалдар жазыла бас­тады. Ондайларға ресми мемлекеттік тарих институты дер кезінде жауап қайырып, әділеттікті орнықтырса екен дейміз.

Тұрар туралы құпия құжаттар кешенді зерттеуді, талдай түсуді қажет етеді. Ал ондай белгісіз материалдар аз емес.

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,

жазушы, Тұрартанушы