Аймақтар • 14 Қараша, 2024

Қарашадағы қалың қар...

46 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аймақта ақ түтек боран соғып, бірқатар аудандарға жол жабылды. Батыс Алтайдың қойнауындағы Риддер қаласына бір айлық мөлшердегі қар бір күнде түсіп, тұрғындарды әбігерге салды.

Қарашадағы қалың қар...

Суретті түсірген – автор

Өскемен – Тарғын – Самар бағытында бір емес, екі тәулік жол болмады. Қалың түскен ыл­ғалды қарды аршып алу ауыр техникаға да оңай соқпады. Был­тыр алты метрге жуық қар түс­кен Марқакөл өңірінде де жау­ған қардың салдарынан аудан орталығынан Төсқайыңға дейінгі жол жабылды. Оның арғы жағындағы Балықтыбұлақ, Ша­нағаты ауылдары жылдағыдай байланыссыз қалған. Таулы ай­мақта ғана емес, Секисовка мен Риддер арасындағы тура жолда да қозғалыс тоқтатылған. Жалпы, өңірдің қай бағытында болмасын, тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылған. Әсіресе, Өскемен – Ал­тай бағытындағы күре жолда тіркемесі бар, жартылай тіркемелі кө­ліктер қыстай қатынай алмайды.

Бұл жолғы қарлы боран об­лыстық төтенше жағдайлар қыз­меткерлері тұрғындарға тәу­лік бойы ескерту жіберіп отырды. Жол патруль полиция қызметкерлері қаланың төрт бұрышында тәртіптің сақталуын қатаң қадағалады. Шектеуге құлақ аспай, жолға шыққан азаматтар жауапкершілікке тартылатынын еске салды.

– Ақтүтек боранды күндері күре жолдарда полицейлер қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барын салып, жұмыс істеді. Әсіресе, жолдардың қауіпті учаскелерінде патрульдеуді ұйымдастырды. Қи­ын жағдайға тап болған жолау­шыларға көмек қолдарын созды. Жол ашылған сәтте ұзын-сонар колонналарға полиция патрулі жол бастады, – дейді ШҚО ПД баспасөз хатшысы, полиция майор­ы Гүлнұр Түсіпова.

Полицияның жеделдігі мен кәсіби әрекет етуінің арқасында көптеген жолаушылар оқыс жағ­дайлардан аман қалғаны анық. Әйтпесе, жол жиегіне кө­лігін қалдырып, адасып кеткен азаматтар да болды. 1954 жылы туған Өскемен қаласының тұр­ғыны қаладан ұзай бере жол бо­йындағы төбені айнала өскен бұта, қараған жақты бетке алған. Мақсаты итмұрын теріп алмақ болыпты. Боранды күні жолдан шығып кеткен ол адасып, қайтар ізін таппаған. Қауіптің тө­­ніп тұрғанын сезді ме, дереу 112 нөміріне хабарласып, көмек шақырыпты. Жедел қимылдаған құт­қарушылар адасқан азаматты тауып, көлігіне дейін аман-есен жеткізген.

Осы ретте төтенше жағдайлар департаменті мамандары жолға шықпас бұрын күн райын болжап, жол жағдайына көз жеткізіп алуды ескертеді. Қалта телефонға келген хабарламаларға бей-жай қа­рауға болмайды. Алыс жолға шық­қан жағдайда арқан, жа­нар­май қоры, күрек, қол шам, алғашқы медициналық көмек көр­сету қобдишасы, жылы киім, азық-түлік алуды ұмытпаған жөн. Сон­дай-ақ жылдамдық режімін аса қатаң сақтау қажет. Төтенше жағдайға тап болса, 112 нөміріне қо­ңырау шалуға кеңес береді.

 

Шығыс Қазақстан облысы