23 Маусым, 2010

ҒҰЛАМА

989 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Шын мағынасында үлкен ғалым болу және ғылымды басқару өнері – бір нәрсе емес. Сонымен қатар олар бір-бірімен тығыз бай­ланысты екені де даусыз. Ғылымды басқаруды нағыз ғалым ғана ойдағыдай жүргізе алады. Ғылым – қоғамдық ой-сананың өзіндік ерек­шелігі мол, күрделі саласы. Сондықтан оны басқару кез келген шенеуніктің қолынан келе бермейді. Оны ғылымның қара жұмысын ат­қарған, оның сыры мен қырын, ерекшеліктерін терең түсінетін адам ғана басқара алады. Бұған әсіресе ғылымды басқарудың қалыптасқан жүйесі өзгерген жылдары әбден көзіміз жетті. Осындай жағдайда жеке ғылыми-зерттеу институттарын сақтау мен ондағы ғылымның дәрежесін төмен­детіп алмау үлкен ғалым әрі ұйымдастырушы адамдардың ғана қолынан келді. Осындай үлгідегі сирек таланттың бірі – Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сейіт Асқарұлы Қасқабасов. Ол – қазақ фило­логиясы ғылымы тарихында ерекше орны бар ғалымдардың бірі. Өзі таңдап алған фольклор­тану ғылымына шынайы берілген, бұл салада талай іргелі еңбек жазған, еліміздегі ғылым саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, нағыз ұлтжанды азамат, көрнекті қоғам қайраткері. Мен Сейітті сонау студенттік шағынан (1959-1964) жақсы білемін. ҚазПИ-де оқып жүріп ол ғылыми жұмыспен айналысты, сабақ­тасы Едіге Тұрсыновпен бірге фольк­лор экспе­дицияларына қатысты, сту­денттердің ғылыми конференция­ларында қазақ ертегілері туралы баяндамалар жасап, жұртшылық көзіне түсті. Сейіттің ғылыми жұмысындағы өмірлік тақырыбы – ертегі әлеміне қызығушы­лығы институтта жүргенінде басталған болатын. Едігемен бірігіп жазған “Ертекші Шалқарбай Данылбаев” атты алғашқы ғылыми мақаласы әлі есімде. Ол Ғылым Академиясы баспасынан шыққан “Қазақ филологиясының мәселелері” атты жинақта жарияланды. Бұл талантты жастар үшін үлкен абырой болды, оның үстіне сол студенттік кезден бастап Сейіттің ғылыми жұмыстарына атақты фольклортанушы-ғалым Нина Сергеевна Смирнова басшы­лық етті. Кейін жас ғалым М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институ­тының аспиранту­расына қабылданғанда ұстазының кандидаттық жұмысқа жетек­шілік етуі Сейіттің зерттеушілік қабілетін одан әрі дамыта түсуге жол ашты. Жас шәкіртінің қарым-қабілетін танып, болашағына сенген Нина Сергеевна Сейітті үлкен академиялық мектептен өткізді. Мектеп болғанда қандай! Орыс фольклортану ғылымы­ның кілең мықты­ларының іргелі еңбектерін жас Сейіт бас алмай оқып, зейініне тоқыды, қазақ мате­риалдары негізінде авторлық ой-тұжы­рымдар жасап, өз зерттеулерінде дамытты. Бүкіл одаққа, кеңестік фольклортануға бірден танылған “Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері” (“Казахская волшебная сказка” – 1972) атты алғашқы монографиясынан бастап, 2009 жылы шыққан “Ойөріс” зерттеуіне дейінгі қырық жыл аралығында жарық көрген үш жүзден астам ғылыми мақалалары мен он бір моног­рафиялық зерттеулерінде ресейлік академиялық фольклор мектебінің ізі сайрап жатыр. Қиял-ғажайып ертегілерін қазақ фоль­клорының ең көне жанрларының бірі деп дәлелдеген сол алғашқы еңбегі КСРО Ғылым академиясы жүйесіндегі үздік бес кітаптың бірі деп танылып, ғалым есімін бүкіл ТМД аумағына мәшһүр еткен еді. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі қара сөздің үлгісін ол алғаш рет ашып, оны “халық прозасы” деп атады, фольклордың осы аса бір бай түрінің жанрлық құрамын жан-жақты зерттеп, аңыздық және ертегілік деп екі топқа жіктеген “Қазақтың халық про­засы” (1984) атты көлемді монографиясы Қазақстан Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды. Ғалымның докторлық жұмысына негіз болған “Қазақтың ертегіден тыс прозасы” (“Казахская неска­зоч­ная проза”– 1990) атты монографиясында осыған дейін ертегіге жатқызылып келген миф, хикая, аңыз, әпсана-хикаят ертегіден тыс проза­лық жанрлар ретінде қарастырылып, құры­лымдық-поэтикалық, көркемдік ерекше­ліктері түбегейлі зерттелді. Осы еңбегі үшін 1992 жылы Сейітке Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл айтқандарым – Сейіттің ауқымды еңбектерінің негізгі бір бөлігі ғана. Әйтпе­се, аттары айғайлап айтып тұрған “Род­ники искусства” (1986), “Колыбель искусства” (1992), “Жаназық” (2002), “Елзерде” (2008), “Ойөріс” (2009) атты еңбектері, екі томдық “Золотая жила” (2000) атты таңдамалы зерттеулері қазақ фольклоры мен әдебиетінің, өнерінің қадау-қадау мәселелерін бағзы заман­нан қазіргі дәуірге дейін жалғастырып терең пайымдаған ойлы да үлкен ізденіске, тың тұ­жырымдарға толы құнды еңбектер. Және аттары да ішкі мазмұнына сәйкес. Сейіт кітап­тарының атын тура дәлме-дәл қоюға шебер. Аталған еңбектердің барлығы дерлік қазір ұлттық фольклортану саласында ғана емес, бүкіл әлемдік фольклортану ғылымына қосылған бағалы үлес болып табылады. Бұл ойымызды Сейіттің ғылыми еңбектері туралы ТМД елдері мен шет мемлекеттерде шыққан пікірлер мен рецензиялар растай түседі. Сейіттің мен білетін басты қасиеті оның ғылымға адалдығы дер едім. Сонау 1964 жыл­дан бастап күні бүгінге дейін ғылым жүйесінде тапжылмай еңбек етіп келе жатқан ол басқа да қоғамдық, мемлекеттік жұмыстар атқарған кездерінде ғылыми жұмысын тастамай жалғас­тыра жүрді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі үш жылғы қызметінің өзі ғылым саласымен тікелей байланысты болды. Ол тоғыз жыл бойы Қазақ ССР Ғылым акаде­миясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы болып істеді. Алты жыл Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкері, үш жылдай еліміздің Жоғары Аттестациялық комиссия­сының төрағасы лауазымды міндеттерін атқарды. Осы жылдардың барлығында да Сейіт өзі алғаш аспирант болып еңбек жолын бас­таған құтты ұжымы – М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми-жоспарлы жұмысына үнемі қатысып, арнаулы тақырыптық зерттеулер жазды, туған ұжымымен әркез бай­ланысын үзбей, институт мұқтаж­дықтарын шешуге қолұшын берді. Мұның өзі ғылымды түсіне де, бағалай да білген азаматтың өмірлік ұстанымын танытады. Сейіт жақсы ғалымдығына қоса, іскер ұйымдастырушы да. Қай қызметке барса да істің көзін тауып жандандыра біледі. Әлі есімде. 1988 жылы Сейіт Орталық комитеттің идеология бөлімінің кеңесшісі болып жүрген кезде, институт директоры болып жүрген менің қайта құру кезеңінің мүмкіндігін пайдаланып, 1940-1950 жылдары қазақ мәдениеті мен тарихына байланысты бұрын қабылданған кереғар партиялық қаулылардың күшін жою туралы Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке шыққаным бар еді. Сонда ол кісі ақтаңдақтар мәселесін күн тәртібіне қоюға жол ашты. Маған Сейітпен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Елгезек те еңбекқор жігіт бұл ауыр іске бірден беріліп кірісті. 1930-1940 жылдары жазық­сыз қуғын-сүр­гінге ұшырап, ату жазасына кесілген көр­некті ақын-жазушылар мен мәдениет қайрат­керлерін ақтауға қатысты материалдарды қайта қарап, 1950 жыл­дардағы көрнекті қоғамтанушы ғалымдар мен әдебиет, өнер қайраткерлерін қуғындауға себеп болған, қазақ халқының әдеби-музыкалық мұрасын зерттеуді тежеп, тарихи процестің дамуын бұрмалаған тарих, әдебиет және мәдениет мәселеле­ріне қатысты партиялық қаулылардың күшін жоюға қажетті көптеген құжаттар әзірледі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жұмысына белсене қатысты, одан кейін Орталық Ко­митеттің әлеуметтік орталығын ұйымдас­тырып, республикамыздың саяси және әлеуметтік проблемалары бойынша одақтық деңгейде құнды пікірлер ұйымдастырды. Сейіттің іскер басшы, шебер ұйымдас­тырушылық қабілеті Қазақстан Респуб­ликасы Министрлер кабинеті жанындағы Жоғары Аттестациялық комиссиясының тұңғыш төрағасы болып тағайындалған кезде ерекше жарқырап көрінді. Тәуелсіз ел тарихындағы ал­ғашқы ғылыми аттес­тациялау мекемесін құрып, дамыту оңай шаруа емес еді. Министрлік деңгейіндегі құрылымның алғашқы Ережесін, қызмет­керлерінің штаттық кестесін, “Ғылыми атақтар мен ғылыми дәрежелерді та­ғайындау тәртібі туралы ережені”, барлық дерлік құжаттарды Сейіт өз қолымен дайындады. Ғылым докторы мен канди­даты дипломы, профессор мен доцент аттестаты үлгілері де Сейіттің жобасы негізінде жасалды. Қазір де осы үлгілер басшылыққа алынып келеді. Сейіт басшылық еткен жылдары ЖАК-тың тұңғыш төралқасы, сараптау кеңестері мен құрылымдық бөлімшелері, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарында докторлық және кандидаттық диссертация­лар қорғайтын кеңестер жүйесі құрылды, Сейіттің бастама­сымен Алматыда ТМД елдері ЖАК төрағала­рының кеңесі өткізіліп, онда ТМД елдері Мемлекеттік аттестациялау органдарының халықаралық Ассоциациясы (МАГАТ) құрылды. Бұл халықаралық ұйымның алғашқы төрағасы болып Сейіт сайланған еді. Сейіт Қасқабасовтың іскерлігі Астанада қызмет еткен жылдары да анық байқалды: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде ол “Еуразия” ғылыми-зерттеу орталы­ғын құрды, осы оқу орнында жаңадан ашылған Шығыстану факультетінің тұңғыш деканы болып, оқу жұмысын дұрыс жолға қоя білді. Біздің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2000 жылдардың бас кезінде қиын жағдайға тап болып, үлкен тоқырау кезеңін бастан кешкені көпке белгілі. Сол қиын сәтте марқұм академик Зәки Ахметов екеуіміз Астанадағы Сейітке өз институтына қайтып оралып, басшылық тізгінін қолына алуын сұрап, қолқа салдық. Кішіпейіл азамат қой. Ағаларының тілегіне құлақ асып, келісімін берді. Сол кездегі Білім және ғылым министрі де біздің ұсынысымызды құптады. Сөйтіп, 2001 жылы қазанда Сейіт институт директоры болып тағайындалып, жұмысқа кірісті. Үмітімізді молынан ақтады, қажырлылығы, еңбегі мен іскерлігінің арқасында институттың беделін көтерді. Сол азаматтығы, ғылымға берілгендігі үшін де біз оған ризашылығымызды білдіреміз. Сейіт директор болғаннан бастап біздің инс­титут екінші тынысын ашты. Іскер басшы­ның ғалымдығының, үлкен беде­лінің арқасын­да институт елімізге ғана емес, алыс, жақын мемлекеттерге кеңінен танылған берекелі ұжымға айналды: жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмыстары өз мерзімінде, тіпті кейбір жобалар уақыты­нан бұрын жазылып, том-том ғылыми еңбектер жарық көрді, институт құрылы­мына тың өзгерістер енгізіліп, ежелгі және орта ғасырлар әдебиеті, абайтану және жаңа дәуір әдебиеті, мәтінтану және де­ректану, әлем әдебиеті бөлімдері ашылды, бұл бөлімдер қазір бес секторға: Әдебиет тарихы, Қазіргі әдебиет (тәуелсіздік дәуірі) және әлем әдебиеті, Фоль­клор және қолжазба, Әуезовтану, Өнертану сектор­ларына біріктіріліп жұмыс істеуде. Мұ­ның өзі институттың Ғылыми кеңесі қызметін жеңілдетіп оңтайландыруға оңды ықпал етіп келеді. Академик Қасқабасовтың табандылы­ғының арқасында институтта музыка, театр және бейнелеу өнері бойынша канди­даттық диссер­тациялар қорғайтын кеңес ашылып, жүзге жуық өнертану кандидаты ғылымға жолдама алды. Сейіт – жаңа идеяның, тың ойдың адамы. Ойына алған мақсатты міндетті жүзеге асыру жолында ол шаршамай, үнемі ізденіс үстінде тынбай еңбек ете біледі. Сейіт басқарған соңғы тоғыз жылда инсти­тут үлкен жетістіктерге жетті. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарла­масы бойынша іске асып жатқан жүз томдық “Бабалар сөзі” сериясы Сейіттің жеке ұсыны­сымен басталып, жетекшілігімен атқарылып жатқан бірден бір бірегей жобаға айналды. Мұн­дай жоба тіпті бүкіл әлем елдерінде кездес­пейді. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарла­масын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңес мәжілісінде сөйлеген бір сөзінде: “Академик Сейіт Асқарұлы Қас­қабасов басқаратын “Бабалар сөзі” сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін”, деп жоғары баға берді. Қазір осы теңдессіз жобаның 60 томы жарық көріп, бес томы баспадан шығу үстінде. Бүгінге дейін алғаш рет хикаялық дастандардың он үш томы, діни дастандардың жеті томы, ғашықтық дас­тандардың сегіз томы, тарихи жырлардың он томы, сонымен бірге батырлар жырының он сегіз томы жарық көрген бұл жүзтомдық мұра – халқымыздың баға жетпес қазынасы бола­тынына дау жоқ. Ол Сейіт сияқты ұлтжанды ұлдарының жанкешті еңбегінің арқасында ұрпақ кәдесіне жарап жатқаны қуанышты. 1960 жылдары біздің институтта алты кі­таптан тұратын үш томдық “Қазақ әдебиетінің тарихы” шыққаны көпке мәлім. Соның негізінде қазақ әдебиетінің жаңа ұрпағы тәрбиеленді. Қазір бұл басы­лым ескірді. Ол егемендік ел талаптарына жауап бере алмайтын еді. “Қазақ әдебиеті тарихының” 10 томдық жаңа нұсқасын дайындау мәселесі осындай ойдан туындады. Бұл істе де Сейіт Қасқабасов іскерлік танытып, он томдық “Қазақ әдебиеті тарихын” жазуға басшылық етті, сөйтіп институт ғалымдарының қажырлы еңбегінің арқасында бұл жаңа басылым да 4-5 жылдың шамасында жазылып, толық басылып шығып, оқырманға жол тартты. Сейіт басшылық етіп келе жатқан жылдары институтта жүзеге асып жатқан жоба да жаңа, кадр саясаты да жаңа. Олай дейтінім, алғаш рет үш томдық “Қазақ өнерінің тарихы”, бес томдық “Қазақ музыкасының антологиясы” дайындалып, жарыққа шықты, алғаш рет қолға алынған 20 томдық “Әдеби жәдігерлер” сериясы­ның 8 томы басылды, М.О.Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағын қайтадан дайындау қолға алынып, қазір 42 томы жарық көрді. Ғылыми кадрлар даярлау жұмысы дұрыс жолға қойылып, институтқа жас ғалымдар көптеп қабылданды. Соның нәтижесінде қазір институт қызметкер­лерінің жартысынан аста­мын талантты қыз-жігіттер құрайды. Елімізге оралып жоғары білім алған отандастарымыз арасынан оншақты жас маманның инсти­тутқа қызметке алынуы Сейіттің ғылым болашағына деген сенімінің белгісі. Институт бастамасымен “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының 1500, “Қыз Жібек” жы­рының 500 жылдықтары, Дулат Бабатайұлының 200 жылдығы, Ғабиден Мұстафин мен Ахмет Жұбанов­тың 100 жылдықтары республика көле­мінде алғаш рет кеңінен аталып өтуі, Махамбеттің 200 жылдық, Ғабит Мүсі­реповтің 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО дең­гейінде мерекеленуі де Сейіттің ғалымдық пен ұйымдас­тырушылық еңбегінен тысқары болған шаралар емес. Оған Әдебиет пен өнер институты белсене қатысты. Мәскеудегі атақты М.Горький атын­дағы Әлем әдебиеті институтымен бірлесіп рухани мұраға байланысты және Пушкин мен Абай­дың шығармашылық үндестігіне арналған симпозиумдардың өткізілуі институтымыздың беделін арттырып, халықаралық байланыстар ауқымын кеңейтті. Ұлы жазушы есімін иелен­ген ұжым болғандықтан 2002 жылдан бастап ғұламаның туған күніне орайластыры­лып, жыл сайын М.Әуезов оқуларын өткізу дәстүрге айналды. 2004 жылдан бастап инс­титутта жыл сайын абайтанудың көкейкесті мәселелеріне арналған халық­аралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып келеді. Бұл салиқалы ғылыми жиынға алыс-жақын елдер­ден белгілі ғалымдар мен шет мемлекет­тердің Қазақстандағы өкілдіктері, дипломатиялық миссия қызметкерлері қатысып, тақы­рыпқа байланысты мазмұнды баянда­маларымен және сындарлы сөздерімен жұртшылық назарын аударуда. Бұл игі шаралар да Сейіттің бастамасымен өткізілуде. Сонымен бірге Сейіт өзімен бірге істеген, бүгін өмірде жоқ аға ғалымдар аруағына әрдайым тағзым етіп, әріптес фольклортанушы, әдебиеттанушылар мен қызметтес достары есіміне де адалдық танытып келеді. Ұлттық әдебиеттану тарихында өзіндік орны бар Ы.Дүйсенбаев, М.Ғабдуллин, М.Базарбаев, З.Ах­метов, М.Дүйсенов, Ә.Дербісәлин, Б.Уаха­тов сияқты көрнекті ғалымдарды еске алу шаралары өткізіліп, олардың ғылыми мұрасы кеңінен насихатталуда, ал денсаулығына байла­нысты ғылыми жұмысын мезгілінде аяқтай алмай қалған талантты ғалым досы Едіге Тұр­сы­новтың докторлық диссертациясын қорғауы­на үлкен қамқорлық жасады. Сейіттің басшы­лығымен кандидаттық, докторлық диссерта­циялар қорғаған азаматтардың бәрі де оның шын мәнінде ғұлама, шын мәнінде зиялы екендігін ерекше ризашылықпен айтып жүреді. Сейіттің ғалымдық басты бір ерекшелігі – ол екі тілде бірдей жазады: мейлі қазақ тілінде жазсын, мейлі орыс тілінде жазсын, оның еңбектерінің негізгі нысаны – ұлттық фольклор­тану, әдебиеттану және өнертану мәселелері, ұлттық, халықтық мұраттар. Соңғы жылдары жазған еңбек­терінде ол зерттеу объектісін бірсыпыра кеңітіп, Махамбет, Абай, Жамбыл туралы жаңа, соны ойларымен көзге түсті, қазақ сөз өнерін фольклор, авторлық ауыз әдебиеті және жазба әдебиет деп зерттеу қажеттігі туралы жаңа пікірлер ұсынды. Айта берсек, Сейіттің ғалымдығы тура­лы, қайраткерлігі туралы көп әңгімелеуге болады. Ол ұлттық фольклортану, әде­биеттану және өнертану ғылым­дарының бас-аяғын жинап, бағыттарын ай­қындап, жаңа өрлеу сатысына көтерілуіне себепкер болып, қайта жаң­ғырып жатқан егемен еліміздің өркендеуіне осылайша лайықты үлес қосып келеді. Серік ҚИРАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.