Үкімет • 03 Желтоқсан, 2024

Ішкі сұранысты өтейтін мол өнім алынды

76 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау мен өндіру, әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға қажетті шаралар кешені қарал­ды.

Ішкі сұранысты өтейтін мол өнім алынды

Сурет: primeminister.kz

Өнімді сақтау – көкөніс қойма­ларын салу және жаңғырту жөнін­дегі кешенді жоспарды іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Жүр­гі­зіл­ген түгендеу қорытындысы бо­йынша елімізде 901 сақтау нысаны жұмыс істейді, оның ішінде жалпы сыйымдылығы 1 млн 186 мың тонна көкөніс қоймасының саны – 580, картоп қоймасы – 257 (499,7 мың тонна), жеміс-жидек қоймасы – 67 (136,3 мың тонна).

«Биыл Маңғыстау облысында – 40 мың тоннаға, Түркістан облысында – 56 мың тоннаға, Павлодар облысында  – 20 мың тоннаға, Қызылорда облысында – 4 мың тоннаға және Қарағанды облысында 2,8 мың тоннаға сақтау нысандары іске қосылды. Жалпы сыйымдылығы 115,1 мың тонна болатын қойма тағы 5 облыста салынып жатыр. 7 облыста 97,9 мың тонналық жобалар инвестор­лар­дың қаржы­лан­ды­руын күтуде», деп мәлім­деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Биыл 2,9 млн тонна картоп, 1,1 млн тонна пияз, 498 мың тонна қырыққабат, 474 мың тонна сәбіз жиналды. Бұл еліміздің тұрғындарының қажеттілігі деңгейінен едәуір асып түседі. Бұл ретте Ресей Федерациясы мен Беларусь тарапынан 150 мың тонна картоп, 80 мың тонна пияз, басқа да көкөністер мен алмаларды келісімшартпен алуға сұраныс бар.

«Біз ел тұрғындарының сұранысы көлемінен едәуір жоғары көкөніс өнімдерін жинадық, көршілес Ресейден және Беларусьтен көкөністерге сұраныс бар. Біздің фермерлерге артық өнімді экспортқа өткізуге мүмкіндік беру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктер деңгейінде келесі мәселені пысықтауы қажет: фермерлер тұрақ­тандыру қорларындағы қорды қос­па­ған­да экспортқа қанша көкөніс сатуға және келісімшарт ұйымдастыруға дайын», деді С.Жұманғарин.

Сондай-ақ кеңесте «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржы­лан­дырудың басталуы талқы­ланды.

Бұл мақсатқа өтеу мерзімі 2026 жылғы 1 наурызға дейін белгіленген фермерлер үшін жылдық 5%-бен 700 млрд теңгеге дейін, оның ішінде 140 млрд теңгесі – бюджет қаражатын, 560 млрд теңгесі – нарық қаражатын жұмсау жоспарланып отыр. Осылайша, мемлекеттік қаржыландырудың на­рыққа қатынасы 1:4 құрайды. Ерте қар­жыландыру фермерлерге егіс нау­қанын уақтылы бастау үшін бар­лық қажетті заттарды, соның ішінде тыңайт­қыштарды алдын ала сатып алуға мүм­кін­дік береді.

«Нарық қаражатының алғашқы 100 млрд теңгесін біз 2024 жылғы 1 жел­тоқсаннан бастап ерте қаржы­ландыруды бастау үшін 28 қара­шада тарттық. 30 қарашада ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 85 млрд теңгеге 695 өтінім келіп түсті, оның басым бөлігі – 55 млрд теңгеге 686 өтінім – тікелей қаржыландыру арқылы, яғни АКК филиалдары арқылы, ӘКК арқылы 22,6 млрд теңгеге 6 өтінім және екінші деңгейдегі банктер арқылы 7,3 млрд теңгеге үш өтінім. Қазір жұмыста 20,6 млрд теңгеге 146 өтінім бар. 29 қарашада ерте қаржыландыру басталды, 2,3 млрд теңгеге 48 қарыз алушы несиелендірілді», деп атап өтті Аграрлық несие корпорациясы төрағасының орынбасары Қайрат Сапулатов.

Сонымен қатар кеңесте әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды. Қараша айының қорытындысы бойынша жылдық мәнде инфляцияның 8,5%-дан 8,4%-ға дейін баяулауы байқалды. Осы жылдың 11 айында инфляцияның негізгі құрамдас бөліктері – азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызметтер арасында – азық-түлік тауарларына ең төменгі өсім (4,4%) тіркелді.

Өткен аптаның қорытындысы бойынша ӘМАТ бағасының орташа индексі 0,2-ге, негізінен – тауарлардың көкөніс тобына өсті. Вице-премьер республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлердің әкімдіктеріне сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, ел тұрғындарын қолжетімді бағамен өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтуді жүктеді. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне қажет болған жағдайда тұрақтандыру қорларынан көкөніс қорларын ерте брондауды қарастыруды тапсырды.