25 Маусым, 2010

БАҚЫТ ҚҰСЫ БЕРЕКЕ-БІРЛІКТЕ ЕКЕНІН “САМҰРЫҚ” ҰЛТ ТЕАТРЫ ӨЗ ҚОЙЫЛЫМЫНА ӨЗЕК ЕТКЕН

679 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сіздің де, менің де, жалпы бәріміздің де көршілеріміз бар. Осынау аяқ-табағы араласып, қысылсаң қасыңнан табылар, қуансаң бірге тойлар көр­ші­леріміздің арасында қай этностың да өкілдері кездеседі. Бұл –кәдімгі қазақстандық қалып. Ал осыны сахнадан тамшалаған қандай. “Самұрық” ұлт театры кө­рерменмен қауыштырған жазу­шы-драматург Дулат Иса­бек­ов­тің “Бақыт құсы” атты ли­рикалық драмасының негізгі өзегі – осы көршілер. Бір мем­лекеттің азаматтарының ортақ тағдыры мен бірлігі жарасқан тірлігі. Қарап отырып өзіңнің көр­шілеріңді, таныстарыңды табасың. Ойыма Мәскеудегі құрбым Аленаның: “Жолың түсіп  жатса, қазы мен шұжық ала келуді ұмытпашы”, дегені және оның анасы Нэлля Григо­рье­в­на­ның жыл сайын Қазақстанға бір келіп қайтуға асығатыны, тіпті бірде кетерінде арнайы ұн алып, барған соң балаларға елдің ұнынан нан пісіріп беремін, біздің ұнның дәмі ерекше ғой, шір­кін, деген сөздері ойыма орал­ды. Осыдан әлденеше жыл бұрын бір көршіміз жазда анасын алып, Ресейде тұратын туыс­та­рына кеткен. Қыдырып аунап-қунап асықпай жатамыз деген көр­шілеріміз араға 15 күн салып қайта оралды. Сөйтсе, алғашында туыстарын көріп, көңілі өскен кейуананың аз күннен кейін мазасы кете бастайды. Тәбеті жоқ, ас батпайды. Содан бұл кісінің сүт  қатқан шәй ішкісі келген шығар деп оны баптап берсе де болмапты. Амал жоқ біраз боламыз деген туыстар жинала бастайды. Аман-есен үйлеріне жетіп, ас бөлмеге кіргенде қабырғада ілулі тұрған радиоқабылдағыштан домбы­ра­мен ән айтылып жатыр екен. Көз жанары жасқа толған кейуана: “Осы ғой маған жетпегені”,– деп отыра кетіпті. Жер жаннаты Жетісудің ал­тын алқасы – ару Алматы қала­сы­ның тұрғындары. Қара­пайым көршілер. Пәленбай жыл Бәти­мамен (Ғазиза Әбдінәбиева, М.Әуезов атындағы театрдың актрисасы) көрші тұрған Василий Макарыч (Сергей Попов, М. Лермонтов атындағы орыс драма театрының әртісі) Ре­сейге көше­мін дейді. Мака­рычтың өзі де, немересі Сусанна да (Виктория Ку­дрявцева, Т. Жүргенов атын­дағы Өнер академиясынан) елді қимайды. Сусанна Бәтима апасына келіп, мен кетпеймін, сіздің үйде қалайыншы, деген. Макарычтың баласы Григорий Еме­льяновтың (Евгений Жу­ма­нов, Н.Сац атындағы жастар театрының әртісі) Ресейде бизнесі бар. Оқиға өрісі осының негізінде жүреді. Елден бір кетіп, қайта оралған неміс көршілер, Бәтима мен Макарыч отбасы­лары аяқ табағы араласып кеткен көр­шілер. Ендеше, біреуінің ірге айырамыз дегеніне екіншісінің жаны ауырады, қимастық сезім бойларын кернейді. Бәтима аузымен айтылған “Бақыт құсы” туралы аңыз адам­дар­ды түсіністік пен ұғы­ныс­тыққа, келісім мен ымыраға, бауырмалдық пен адамгершілікке шақырады. Бақыт құсы кейде жеке адамның, кейде тұтас ха­лық­тың басына қонады екен. Тек оны үркітіп, ұшырып жіберудің қауіпті екенін айтады. Ал жас буын өкілдері Сусанна мен Бектұр (Жандарбек Садырбаев, М. Әуезов атындағы акаде­мия­лық театрдың әртісі)  бақыт құсын елімізге қондырамыз, оны ұшырып алмаймыз деген сенімде. Ата-ананың ақ батасын Жа­ратушы Иенің де қолдайтынын осы қойылымнан көресіз  (Қою­шы режиссер Нұрқанат Жақып­баев). Бәтиманың көмегімен кішкентай қазақ қызын бауы­рына басқан корей отбасының Инна деп ат берген қыздарын қазақ етіп тәрбиелегені, бала­лардың кіш­кен­тай кезінде Бектұр мен Ин­наны қосамыз деген бата­ла­ры­ның жүзеге  асқанын да көресіз. Елді қасиеттеуді, жерді қасиет­теуді спектакльдің өн бойынан табасыз. Домбыра – қазақтың жаны. Қанша әкесінің қимас досы болса да, өзге елге  көшіп бара жатқан көршісіне көз жұмған әкесінің домбырасын Бектұр тарту еткенде, апырай қалай болды деп қиналған тұс болғанын несін жасырайық. Бірақ, домбыра елде. Көрші көшпеймін деді. Өйткені, оның Отаны осында! Әртістердің құрамынан бай­қалып отырғандай, спектакльге еліміздің бірнеше ұлттық театр­ла­рының әртістері қатысады. Сахнаның өзі күнделікті тір­ші­лігіміздің өзіне айналып кет­кендей. Қай-қайсысы да өздерінің салтын ұстап, әндерін айтады, бірақ олардың бәрін біріктіретін бір күш бар. Ол –Отан. Домбыраға қосылып ән салады, Қазақ елінің Әнұранын кеуделеріне қолдарын қойып тұрып шырқайды. Міне, бұл – Отан құдіреті. Осылайша тұсауын “Бақыт құсымен” ашқан жаңа театрға шығармашылық табыс тілейік. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.