
Фото: Qazsport
Қазақстан боксшысының қарсыласы Тәжікстан өкілі Парвиз Каримов болды. Бірінші раундта Тоғамбай қарсыласын нокдаунға түсіріп, төрешілердің ұпай саны бойынша сенімді басымдыққа ие болды.
Екінші раунд тағы да қазақстандықтың басымдығымен өтіп, тағы екі нокдауннан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатып, Сағындық Тоғамбайға мерзімінен бұрын жеңіс сыйлады.
Сағындық Тоғамбай Азия чемпионатының 1/4 финалында өзбекстандық Мадияр Сайдрахимовты төрешінің шешімімен жеңсе, финалға шығу үшін белдесуде қытайлық Таймиао Люді мерзімінен бұрын жеңді.
Бұған дейін бокстан Қазақстан ерлер құрамасының Азия чемпионатындағы алтыншы алтынын 54 келі салмақта Махмұд Сабырхан жеңіп алған болатын. Қазақстан құрамасы үшін жетінші жоғары жүлдені Бекзад Нұрдәулетов 86 келі салмақта өзбекстандық Жасурбек Юлдошевпен жекпе-жегінде жеңіп алды.
48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Оразбек Асықұлов чемпиондық белбеу үшін белдесуде өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловтан жеңіліп қалды.
Қазақстандық Дулат Бекбауов өзбекстандық Мужибилло Тұрсыновтан ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Абылайхан Жүсіпов Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір күміс қосса, Диас Молжігітов финалда өзбекстандық қарсыласын жеңе алмай, бесінші күмісті жеңіп алды.
Ал бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында бес алтын, бес қола медаль жеңіп алды.