Спорт • 12 Желтоқсан, 2024

Вагон сүйреген жігіт

671 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұратын Ерсейіт Бралиннің алапат күші бар. Ол – осындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі.

Вагон сүйреген жігіт

Өзінің айтуына қарағанда, өрт сөндірушіге кәсіби біліктілігін ғана емес, спорттық бабын шыңдау қажет. Сол себептен, ол спорттың пауэрлифтинг және грепплинг түрін серік етіп жүр. Осы кезге дейін спорт шебері нормасын орындаған. Мәселен, пауэрлифтингтен әлем чемпио­ны, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Жақында ол көмір тиелген 94 тонналық вагонды сүйреді. Енді салмағы 120 тонна болатын 5 вагонды сүйреуді мақсат етіп жүр. Егер бұл ойы іске асса, елімізде жаңа рекорд тіркелуі мүмкін.

– Спорт – менің хоббиім. Бұрыннан ауыр салмақ көтеруге қызығатын едім. Сол мақсатымды орындап жүрмін. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, осы салада чемпиондар даярлауды көздедім. Жаттықтырушым Александр Литвинов жеңіске талпындыратын кеңесін беріп келеді, – дейді Е.Бралин.

Бала күнінен қазақша күрес, гір тасын, қой көтеру секілді жарыстарға жиі қатысқан. Қазір қайратты жігіт апта­сына үш рет үш сағаттан жаттығады. Соның нәти­же­сінде 141 кило тасты еркін көтереді. Арматураны иеді.

Былтыр Маңғыстау облысында өткен «Толағай» атты алыптар сайысының жеңімпазы болған. Сол сайыста бір минутта салмағы 141 кило тасты көтеріп, қашықтыққа апарды. Ұзындығы 80-150 см, диаметрі 14-16 мм арматураны мойынға қойып иді. Ал ұзындығы 2-3 метр, салмағы 500 кило арбаны сүйреп, салмағы 10 кило ағаш найзаны алысқа лақтырды.

 

Атырау облысы